Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2022

Батыс Қазақстан: көші-қон ахуалы

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресей Федерациясында ішінара мобилизация жарияланған күннен бастап көршілес Қазақстанға келушілердің саны артқаны туралы ақпарат таралғаны белгілі.

Батыс Қазақстан: көші-қон ахуалы

Батыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы және жергілікті әкімдік жағдайдың толық бақылауда екенін айтады. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының 12 265 азаматы тіркелген. Олардың 1 047-сі – халықаралық жүк тасымалымен, 1 108-і жұмыс істеуге келген. Ал жеке шаруаларымен келген 10 057 ресейліктің 2 417-сі Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған. Бұдан бөлек, 22 азамат – оқуға, 18 азамат – қызмет бабы бойынша, 13 азаматтың туристік сапармен келгені тіркеліпті.

«Ресей Федерациясы азамат­тарының біздің елде болу тәртібі 2005 жылғы 23 мамырда бекітілген «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы азамат­тарының өзара визасыз сапарлары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің №494 қаулысымен реттеледі. Облыстық көші-қон бөлімшелерін­де 2022 жылдың басынан 22 қыркүйегіне дейін барлығы 20 840 шетелдік тіркелді. Оның ішінде 18 548 азамат – ТМД елдерінен, 2 292 азамат алыс шетелдерден келген» делінген поли­ция таратқан мәліметте.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федера­циясының 3 961 азаматы тұрақты түрде тұрады. Осы жылдың басынан бері Қазақстанда тұрақты тұруға қалдыру туралы 427 адам өтініш білдірген болса, оның 278-і рұқсат алған. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығын алуға 29 азамат өтініш білдірсе, оның 11-і Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығын алған.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті журналис­тердің сұрауы бойынша соңғы үш күннің мәліметін де жариялады. Ресейде ішінара мобилизация жарияланған 21 қыркүйек күні кеденнен Батыс Қазақстан облысы аумағына – 64 Ресей азаматы, 22 қыркүйекте – 128, 23 қыр­күйекте 197 азамат өткен көрінеді. Кө­ріп отыр­ғанымыздай, өсу динамикасы бар.

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Батыс Қазақстанға Ресей Федерациясының 5 882 азаматы келген болса, биылғы тоғыз ай ішінде 12 265 ресейлік азамат қазақ шекарасына өткен. Соның 1 307-сі қыркүйек айында келген.

 

Батыс Қазақстан облысы