Медицина • 26 Қыркүйек, 2022

Бірінші байлыққа баға жетпейді

299 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­қына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауында ден­саулық сақтау саласына ай­рық­ша мән берілді.

Бірінші байлыққа баға жетпейді

Жолдауда Мемлекет басшысы «Ме­ди­циналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару ке­рек. Мемлекет пен жекеменшіктің се­рік­­тестігін тиімді пайдаланған жөн» деп атап көрсетті. Осы орайда өңірде жал­пақ жұртты елең еткізетін жағымды жа­ңалық қолға алынғалы жатқанын айтып, сүйіншілеуге де болады. Шын мәнінде, тарихи оқиға іспетті. Атап айт­қанда, облыс орталығында заманауи көпбейінді аурухана салынбақ. Бола­шақ алты қабатты медициналық меке­ме­нің ғимараты соңғы жылдары бой көтеріп, сән-салтанаты көз тарта бас­таған Сарыарқа шағын ауданында ор­наласпақ. Облыстық әкімдік 17 гектар жер телімін де бөліп берді. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, заманауи ең үздік жабдықтармен қамтамасыз етілген, барлық қызмет бір-бірімен тығыз байланыста болатын, халыққа мінсіз медициналық қызмет көрсететін аурухана салынбақ. Бұл жай қиял емес. Ведомствоаралық комиссия мақұлдаған, барлық негіздемеден, салалық сарапта­ма­лардан өткен қанатқақты, ин­вес­­­ти­ция­лық жоба. Қазір – инвестор «Рен­ЭЛЛ Көкшетау» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі мен Денсаулық сақ­тау министрлігі арасында шартта қол қою сатысында. Облыстық көп­са­ла­лы аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жа­ров­тың айтуына қарағанда, өңірдегі ең ірі инвестициялық жоба болмақ.

–Заманауи стандарттарға сәйкес ке­ле­тін жаңа аурухананың салынуы шын мәнінде біздің салаға серпін бере­тін жаңалық болғалы тұр, – дейді Нұрлан Қайырұлы. – Жұмыс тобы екі жыл бойы тынымсыз жұмыс істеп, түрік­тің осындай клиникаларының мол тә­жі­­рибесін зерттеп, сараптама жасады. Елімізде алғашқы болып ма­құл­­­данған бес университеттік кли­ни­ка мен үш көпбейінді облыстық ауру­ха­­налардың құрылысы басталмақ. Шын мәнінде, облыс орталығындағы жаңа көпбейінді аурухана үлгісінде мем­ле­кет-жекеменшік әріптестігі не­гі­зінде оңтайлы қаржы-экономикалық модель­ді әзірлеу үшін қолға алынған қанат­қақ­ты жоба.

Ал әзірше облыстық ауруханада ең үздік медициналық құрал-жабдық­тар­­мен жұмыс істей алатын мамандарды даярлау мәселесіне айрықша кө­ңіл бө­лінуде. Бас дәрігердің айтуына қа­ра­­ғанда, ше­бер­лік сабақтарын өткізу үшін үздік мамандарды шақырып, тә­жірибе алмасуда. Оның ішінде атағы алыс­қа жайылған шетелдік мамандар да бар. Атап айтатын болсақ, өткен жылы кардиохирургия бойын­ша күр­де­лі операциялар жасаған Кау­нас ме­­ди­­ц­иналық университетінің же­тек­ші кардиохирургтерімен ынты­мақ­таса жұ­мыс істеуде. Сөз арасында об­лыс­­тық көпбейінді аурухана лит­ва­лық­ кар­­дио­хи­рургтермен тығыз жұ­мыс істеп, озық тәжірибелерін үй­ре­нуде. Ал­ғашқы жүрекке операция лит­валық дәрі­герлердің қол­дау­ымен әрі қам­қор­лығымен жүр­гізіл­генін риза­шы­­лық се­зіммен айта кетуге болады. Бү­гін­де тә­жірбиесі толысып, ше­берлігі шың­дал­ған ақмолалық кардиохирург мамандар әр жыл сайын 250-300 операция жасауда. Соңғы жаңа­лықтардың бірі – асқазан операция­сы. Осы орайда семіздіктен пайда болатын нау­қас түріне жасалатын күрделі операциялар сәтті өткізілуде.

Облыстық аурухана 2018 жылы елі­мізде алғашқылардың бірі болып көп­бейінді облыстық аурухана болып қайта құрылды. Негізгі мақсат –меди­ци­налық ұйымдардың ресурстарын бі­рік­тіру, сапасы мен қолжетімділігін жақ­сарту, науқастарды емдеуге қа­жет­ті барлық мүмкіндікті бір жерде жұ­мылдыру. Оңтайландыру мәселесі кейбір ұсақ-түйек қиындықты ескермеген­де, біршама сәтті аяқталған сыңайлы. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кетелік. Мәселен, бұрын бір науқас бір ауруханадан екінші ауру­ха­нада тексерілуі үшін қайтадан жолдама алып, сараптама нәтижелерін да­йындауы қажет болатын. Қазір ешкім де анықтама жинап, бас қатырып жүрмейді. КТ, МРТ, ангиографқа қаралу бүгінде қолжетімді. Бас дәрігердің айтуына қарағанда, облыстық аурухананың ма­те­риалдық-техникалық базасының бір­ша­ма жақсаруы облыстық әкімдіктің жан-жақты қолдауының арқасында мүм­кін болып отыр. Мәселен, 2020 жылы жаңа МРТ аппараты сатылып алынды, өткен жылы құны 600 млн теңгеге жуық екінші ангиограф іске қосылды. Мұн­дай озық үлгідегі, барынша қажетті құ­рал-жабдықтар үзбей алынуда. Соның нәтижесінде тамырлы хирургия, урология, гинекология, нейрохирургия, жүрек пен миға, ортопедиялық операцияларды жасауға мол мүмкіндік туды. Жаңғырудың жақсылығын науқастар көріп жатыр. Сөз арасында мұндай жақсылықтың шарапаты көрші облыстардың науқастарына да тиіп жатқанын айта кетсек, артық болмас. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының көршілес бірнеше аудан­да­рының тұрғындары осы ауруханада емделеді. Тіпті алыс-жақын шетел елдерден де емделгендер бар.

Дәрігерлердің жүгі де аз емес. Мәсе­лен, кейінгі жылдары қатерлі ісікке шалдығу деңгейі біршама өсіп кетті. Дәлірек айтсақ, республиканың алғаш­қы бестігінде. Еліміздегі ең басты құн­ды­л­ық адам және оның денсаулығы болғандықтан қатерлі ісікке қарсы кү­­рес қарқынды жүргізілуде. Ақ халатты абзал жандар ел атын айтуға сес­­кенетін бұл аурудың алдын алуға ұм­тылуда. Ма­мандардың айтуына қарағанда, ең басты мәселе – қатерлі ісік белгі­ле­­рін ерте анықтау. 2020 жылы облыс орта­лы­ғында жаңа онкологиялық емхана пайдалануға берілді. Оның құрылысына рес­публикалық және облыстық бюджеттен мол қаражат бөлінді. Айталық 2,6 млрд теңгенің 1,8 млрд теңгесіне жаңа медициналық мекемеге қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Құрал-жабдықтардың алынғаны жақсы, бірақ сол жабдықтардың тілін еркін меңгеріп, тиімді жұмыс істей алатын білікті мамандардың керек екені белгілі. Бұл орайда облыстық ауруханада алға ұмтылушылық бар. Мәселен, мұндағы дәрігерлер бес жылда бір рет аурухана есебінен жетекші отандық және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Көкшетаулық дәрігерлер Мәскеу мен Минскіде оқытылуда. Онколог дә­рігерлер Парижде өткен әлемдік дә­рі­герлер конференциясына қатысып қайтты. Айтарлықтай табысқа қол жет­кізгенімен, әлемдегі үздіксіз алға жыл­жы­ған ұлы көштен қалып қоюға әсте болмайды.

– Бұл процесс үздіксіз жүргізілуде, – дейді бас дәрігер. – Әсіресе жас дәрі­гер­лер әлемдік тәжірибені оқып, мең­геру өте қажетті. Білімін жетілдіруге барғандардың міндеті – өздері ғана білу, игеру емес, өзіміздің ауруханаға жаңа­лық енгізу. Бойларына жинаған білім-білігін әріптестеріне тарату.

Алайда облыстық ауруханада кадр тапшылығы мүлде шешілді деп айтуға әлі ерте. Әлі де акушер-гинекологтер, анестезиологтер, реаниматологтер, онкологтер жетіспейді. Түйіндей айтқанда, барлығы 18 маманның орны бос тұр. Рас, жас дәрігерлер әр жыл сайын ұжымды толықтыруда. Бірақ бұл арада бір айта кететін жай – әлеуметтік қолдау. Кадр мәселесін шешу үшін бірқатар іс-шара қолға алынуда. Мәселен, биылдан бастап жас мамандарға 1,5 млн теңге көлемінде үстемеақы төленеді. Аурухананың өз есебінен жас мамандарға қосымша 1 млн теңгеге жуық көмек көрсетіледі. Егер тіпті қажетті маман болса, мұндай көмек еселенбек. Ең бастысы, тұрғын үй екені белгілі. Жас мамандар келісімен жайлы жатақханамен қамтамасыз етіледі. Егер отбасылы болса, пәтер жалдап тұрмақ. Оған да аурухана көмек қолын созады.

Қазір оңтайландырылғаннан кейін облыстық аурухана бөлімшелері быты­раң­қы орналасқан. Жаңа аурухана са­лын­ғаннан кейін бар күш, мүмкіндік бір жерге шоғырландырылмақ. Сол сәт те­зірек туса екен дейді бірінші бай­лы­ғының жайын күйттеген өңір тұр­ғын­дары.

 

Ақмола облысы