Ұлттық спорт • 26 Қыркүйек, 2022

Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 53 спортшы қатысады

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Аталған жарыста Қазақстан намысын 53 спортшы қорғайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 53 спортшы қатысады

Көшпелі халықтардың мәдениеті мен спортын жандандыруға бағытталған спорттық іс-шаралар «Болашаққа жіберілген дәстүрлі қолтаңба» ұранымен өтеді. Сондай-ақ жарыстар қатысушы елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолымен әлемнің көшпелі халықтарының мәдениетін сақтау және жаңғырту мақсатын көздейді.

Алдыңғы үш ойында Қазақстан құрамасы белсенді қатысып, жалпы командалық есепте жүлделі орындарға ие болған. Отандастарымыз 2014 жылы өткен алғашқы ойындарда 2-ші орынға, екі жылдан кейін 3-ші орынға, ал 2018 жылы 2-ші орынға тұрақтады.

Көшпенділер ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасы ел ішінде де, шетелде де арнайы оқу-жаттығу жиындарынан өтті.

Ұлттық спорт түрлері бойынша олимпиадаға әлемнің 100 елінен 23 спорт түрі бойынша спортшылар қатысады. Көкпардан қазақстандық команда құрамына Әлем чемпиондары Ұлан Байтөреев (команда капитаны), Абылайхан Нышанбеков және «Ғасыр ойыншысы» атанған Құрманбек Тұрғанбек кірді.

Палуандардың көшін қазақ күресінен республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы – Мақсат Исағабылов бастайды.

Түркияда жамбы атудан ұлттық құрама мүшелері, бірінші әлем чемпионы - Ералхан Айқоз, әлем чемпионы – Абзал Тулыбеков, Азия чемпионы – Бақдәулет Бабажан өнер көрсетеді.

Дәстүрлі садақ атудан Диас Ахметов (Қазақстан кубогының жеңімпазы), Ербол Тәпенов (әлем Кубогының күміс жүлдегері) және Ангела Тарыца (әлем кубогының жеңімпазы) өз шеберліктерін көрсетеді. Сондай-ақ теңге ілу және аударыспақ бойынша тағы төрт спортшы қатысады.