Футбол • 26 Қыркүйек, 2022

Әліп Әзербайжанның жеңісіне «көмектесті»

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Ұлттар лигасының үшінші маусымы Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды. Айтулы турнирдің алдыңғы екі маусымында ілініп-салынып өнер көрсеткен жерлестеріміз биыл ер кезегі үшке дейін деген ұстанымды басшылыққа алып, Ұлттар лигасындағы басты мақсатына қол жеткізді. Өз тобында бірінші орын алып, «В» лигасына тікелей жолдамаға ие болды. Жыл басында ғана «D» дивизионына түсіп қалудың аз-ақ алдында тұрған ұлттық құрама ұландары арада алты ай өткенде жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады.

Әліп Әзербайжанның жеңісіне «көмектесті»

«С» дивизионының үшінші тобында Беларусь, Словакия және Әзербайжанмен бірге өнер көр­сеткен Қазақстан ұлттық құ­рамасы соңғы турға дейін төрт ойында жеңіске жетіп, бір матчта тең нәтижеге қол жеткізді. Осы­лайша, мерзімінен бұрын мақсаты орындалған жерлестеріміз же­ңіспен басталған турнирді же­ңіспен аяқтауға ұмтылған еді. Бірақ бесінші турдағы жеңістің эй­фориясы соңғы турдың матчына кері әсерін тигізіп, Ұлттар лигасын былай қойғанда, биылдыққа бірінші рет жеңілістің кермеку дәмін татты. Әзербайжанға сапар шеккен ұлттық құрама өкілдері Бакудегі бәсекеде алаң иелерінен 0:3 есебімен жеңіліп қалды.

Негізі біздің жігіттердің Әзер­байжанмен ең құрығанда тең ойнауға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда қорғаушы Нұрәлі Әліптің болмайтын жерде қызбалыққа салынып, ойын ережесін өрескел бұзуы ұлттық құраманың ірі же­ңілісіне алып келді. Матчтың 30-ми­нутында-ақ «Зениттің» қор­­ғаушысы төреші тарапынан «қы­зыл қағазбен» жазаланып, бірінші таймда әріптестерін қиын жағдайға қалдырды. «Астана Аренада» Беларусь құрамасымен өткен тарихи матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналис­тер Ми­хаил Габышевтен: «Ма­гомед Адиев тактик бапкер ме, әлде моти­ватор ма?» деген сұрақ қойды. Сонда Габышев: «Ол көбіне бізге қажетті сөздерді тауы­п айтады. Соған қарағанда, мотиватор бапкер сияқты», деп жауап берген еді. Иә, Адиев жігіттердің ойынына өзгеріс әкелген мықты мотиватор бапкер шығар, бірақ енді оған қосымша психолог ма­мандығын да меңгеруге тура келіп тұр. Өйткені дәл қазіргі уа­­қытта біздің жігіттерге еуро­па­лық мінез, жеңімпаздық рух же­тіс­пейді. Әйтпесе, кешегі ойын­да ұлттық құрама тең нәти­же көрсетіп, Ұлттар лигасын жо­ға­ры нотада аяқтауға тиіс еді. Бір қа­­теліктің салдары бір ойынға ғана кері әсерін тигізсе мейлі ғой, енді Н.Әліп келесі жылы Еуропа чем­пионатына жолдама беретін плей-офф матчының алғашқысына қатыса алмайды.

Алайда әр нәрсенің өз қайыры бар емес пе?! Осы жеңілістің өзі бас бапкерге қай бағытта жұмыс іс­теу керек екенін айқындап берді. Оны Магомед Адиевтің өзі де мо­йын­дап отыр.

– Бүгінгі жеңіліс маған ауыр тиді. Бір жағынан осылай бол­ға­нына да қуаныштымын. Әрі қарай даму үшін ойланатын және талдау жасайтын дүниелердің бар екеніне көз жеткіздік. Жалпы алғанда, турнир кестесіндегі позициямыз бен жеткен жетістігімізге көңілім толады. Біз үшін бұл – үлкен қадам. Бүгінгі жеңіліс осал тұстарымыздың бар еке­нін көрсетті, – деді бас бап­кер матч­­тан кейінгі баспасөз мәс­лиха­тында.

Біздің топтағы екінші ойында Словакия өз алаңында Бела­русь құрамасын қабылдап, 1:1 есе­бімен тең түсті. Ойындағы есепті бірінші болып қонақтар аш­қанымен, екін­ші таймда алаң ие­лері таразы басын теңестіріп үл­герді.

Осылайша, «С» дивизионының үшінші тобында Қазақстан құра­масы алты ойында 13 ұпай жи­нап, бірінші орынға табан тіреді. Екінші орынды 10 ұпайы бар Әзербайжан құрамасы иеленсе, ФИФА рейтингінде ТОП-50 құра­маның қатарында жүрген Сло­вакия үшінші орынға түсіп қалды. Еншісінде 7 ұпай бар. Ал Беларусь үш ұпаймен соңғы орынға жайғасты. Енді олар «С» ди­визионындағы орнын сақтап қалу үшін електі матч өткізеді.