Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2022

Ыңыршағы айналған сиырлар

563 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақсу ауданындағы асыл тұқымды сиырлардың аянышты жағдайы әлеуметтік желіде біраз дүрбелең туғызды. Нақты айтсақ, Қызылағаш ауылындағы «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС тауарлы сүт фермасы басшылығының жанайқайы ел ішінде қызу талқыланды. Осы істің анық-қанығын білу үшін аталған фермаға хабарласып, мән-жайды анықтаған болатынбыз.

Ыңыршағы айналған сиырлар

Бақсақ, жыл басынан бері әртүрлі себеппен 21 сиыр өлген. Мейлі, ірі шаруа иесі болсаңыз да, асыл тұқымды ірі қараны баптау оңай шаруа емес. Егер да­йындық жұмысын дұрыс жоспарлап, жемшөп қоры, қыста мал тұратын жылы қора тез арада дайындалмаса, қал­ған ашатұяқты жануар қыстан аман шық­пауы мүмкін. Шаруашылық жер сипап қалуы ғажап емес. Міне, сол үшін жан­ұшыра мемлекеттен көмек сұрап отыр.

Шынында, инвестициялық құны 5 млрд теңгеден астам қаржыға бағаланған жобаның әу бастағы идеясы көңілге қонымды-ақ. Даниядан әкелінген «Jersey» асыл тұқымды сиыры жоспар бойынша 2024 жылы 1 300 басқа же­тіп, облыстағы сүт өнімін өндіретін зауыт­тардың қажеттілігін қамтамасыз етуге көп көмегі тимек. Кестеде көрсетілген ақпа­ратта компанияның материалдық-техникалық базасы кемел. Қызылағаш ауылында мал азығын және жемшөп дайындауға арналған жердің 70 пайызы суландыру жүйесімен жабдықталған. Осыған қарағанда олардың әрқандай ірі инвестициялық жобаны дөңгелетіп әкетуге мүмкіндігі мол. Өкінішке қарай, тақтадағы цифр мен фермадағы сиырдың жағдайы мүлде басқаша.

Ауыл іргесіндегі төбесі көк түсті ша­тырмен жабылған, айналасының алқам-салқамы шыққан қораны белгілі бірлестіктің асыл тұқымды сиыр фермасы деп айту ұят. Түк таппағандай, ағашпен айналдыра қоршап қойған қо­раның қабырғасы әлі қаланып бітпеген. Ішінде 300-ден аса бұзау тақыр жерге төгілген азықты жалап жеп жүр.

Ал сауын сиыр қамалған базаны көрген адам асыл тұқымды мал ұстауға арналмағанын бірден байқайды. Осыны көріп-ақ «бірлестік осынау ірі жобаны жүзеге асыруға басында дайын бол­маған» деген қорытынды шығаруға бо­лады. Сондай-ақ мамандар даярлау ісіне де көңіл аудармаған. Жарты жылдың ішінде үш басқарушы ауысса, малдың жағдайын қадағалайтын мамандардың өзі көз алдында жүдеп-жадап бара жатқан жануардың жайын ойлап, бірде-бірі дабыл қағып, жұрт назарын аудармаған. Ферманы басқаруға жақында ғана келген Сауат Оразбаев қолдан келгенше ферманы сақтап қалуға тырысып жатыр.

«Қазір бар күшімізбен мал азығын дайындап, қораны жөндеудеміз. Мұнда 226 бас сауын сиыр, 326 бас бұзау бағылуда. «Бұзауларды сатып жатыр» деген артық айтылған сөз. Компанияның мал азығы себілген 462 гектар жүгері және жоңышқа алқабына шалғы түсіп, сүрлем дайындалып жатыр. Сүрлем және жемшөп қорын толықтырып алсақ, қыстан қысылмай шығамыз», дейді С.Оразбаев.

Бір жағынан 5 млрд теңге инвестиция тарту – бір аудан үшін барын салып қолдайтын дүние. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауда инвестиция мәселесін көтеріп, инвесторларға барынша қолдау көрсету керектігін тап­сырды. Осыған дейін агрохолдинг пен аудан әкімдігі арасында дұрыс қа­рым-қатынас болмағаны көрініп тұр. Демек жыл басында шетелден асыл тұ­қымды сиырлар аудан аумағына жет­кізіліп, өсіріле бастағаннан аудан әкімдігі тарапынан қадағалау жұмысы жүргізілуі керек еді. Өйткені бұл жоба аудан экономикасына салым салумен қатар, беделін де өсіре түседі. Өкінішке қарай, бүгінгі нәтиже ауданның беделіне нұқсан келтірді. Тіпті осы көктемде «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС құны 150 млн теңге тұратын техникасын әл­дебір қаскөйлер өртеп жіберген. Оның артында қандай зымиян жоспардың тұрғанын білмедік. Міне, бұл іс әлі күнге дейін ашылмаған.

Мәселенің туындауының тағы бір себебі – компанияның есепшотын мамыр айынан бастап Алматы облыстық мемлекеттік кіріс департаменті «Агрохол­динг Ақсу» ЖШС шетелден әкелін­ген асыл тұқымды сиырларға 36 млн теңге салықты төлемеді» деген негіз­бен бұғаттап тастапты.

Осының салдарынан агрохолдинг мал азығын сатып алуға, жұмыс істейтін 100-ден астам адамның жала­қысын төлеуге қаржы таппай қиналған. Бұғатталған есепшотты қайта ашып беру туралы әңгіме аудан, облыс, елордаға дейін жетіп, облыс­тық «Атамекен» кәсіп­кер­лер палата­сының күн тәртібінде де қа­ралған. Осы екі айдағы сабылыста асыл тұқымды сиырларға азық пен дәрумен дер кезінде берілмей, жұмысшылар жала­қыдан қағылып, елді елеңдеткен жағдай туындаған.

«Біз компанияның бұғатталған қар­жысын алуына барынша көмек­тестік. Тиісті мекемелермен мәмілеге кел­дік. Әсіресе облыс әкімдігінің жан-жақ­ты демеуінің арқасында мәселе шешіліп, қазір жұмыс­шылардың екі айлық жала­қысы толық төленді. Қоражай мен мал азығын дайындау ісі жоспарға сай жүріп жатыр. Қиындық тудырып отыр­ған жанар-жағармай мәселесін де толық шешіп береміз», дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин.

Шындығына келер болсақ, мұндағы 300-ден аса бұзаудың жағдайы алаңдата қоймайтын шығар. Ферманың мал дә­рігері Жасұлан Жаманқұловтың айтуын­ша, бұзауларға туғаннан бері керекті дәрумен мен үш уақыт сүт толық беріліп, арпа мен жемшөптен тарықпапты. Сиыр сауатын арнайы орын дайындалып, ауырған сиырларды бөлектеп, ем-дом жасауда. Алайда керек кезінде азықтан тарығып, ыңыршағы айналған сауын сиырлардың жағдайы мәз емес. Егер де тиісті мекемелер қолдан келер көмегін көрсетіп, мәселені назардан шығармай қадағалап отырса, бар мәселе шешілер еді. Әйтсе де әзірге әкімдіктің тірлігі мимырт, ал қыс болса қыр астында.

 

Жетісу облысы