Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2022

«Ұлы дала жорығы» – Ұлытау өңірінде

470 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ат туралы әңгіме айтылса алакөңіл күй кешіп, бәйге десе, делебесі қозатын дүйім елді ерекше елеңдетіп қойған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонына қатысушылар Ұлытау өңіріне енген алғашқы күні Алғабас ауылы іргесінде аялдап, келесі күні, яғни жарыстың бесінші кезеңінде Жошы хан кесенесіне жетті.

«Ұлы дала жорығы» – Ұлытау өңірінде

Марафонның бесінші күнінің қо­рытындысында үздік үштіктің көш ­басындағы Ақтөбе командасы белгіленген межені 43 сағат 46 минутта жүріп өтсе, шымкенттік шабандоздар мәреге 44 сағат 25 минутта жетті. Ал маңғыстаулықтар 44 сағат 39 минутта үшінші болып келді.

Марафонды ұйымдастырушы та­раптың өкілі Ғабит Есімбековтің айтуынша, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде аялдау марафонның мәдени бағдарламасына енгізілген.

– Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне сәулет ескерткіші санатындағы Жошы хан кесенесіне ат басын бұрып, рухына тағзым етуді алдын ала жоспарға енгізген едік. Бірегей жобаға қатысушылар қазақ хандарының түпкі атасы – Жошы ханды терең танып-білуі маңызды, – деді ол.

Ұлытау өңіріндегі екінші аялдамаға жеткенде шабандоздармен бірге әр өңірдің атбегілері мен бапкерлері де 500 шақырымдық жолды басып өтті. Озық шыққан команданың көрсеткіші – аттың жүйріктігі мен шабандоздың шеберлігінен ғана емес, атбегі мен бапкердің қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін де айта кеткен жөн.

– Команда құрамының күнде­лік­ті тірлігі таңғы сағат 5.00-де баста­ла­ды. Бап пен бақ қатар шабатындықтан, ­біз үшін шабандоздардың денсау­лығы мен көңіл күйі маңызды. Мұн­дай марафон әлемде алғаш рет ұйым­дастыры­лып отыр. Аттар жолмен де, жолсызбен де тартып келеді. Жігіт­тердің бас­ты мүддесі өзгелерден озық шығып, жүлдеге қол жеткізу емес. Біз­ді орны­мыздан қозғаған – намыс, – дейді жамбылдық атбегі Бауыр­­жан Терлікбаев. Оның айтуынша, жол ұзақ, сондықтан командаға екі көлік үнемі еріп жүреді. Ұзақ қашықтық­та аттардың аузын шайып отырады. Оның да өз өлшемі бар. Аламан бәйгеде атқа су берілмейді. Бұдан бөлек, әр сәйгүліктің бабы мен мінезін ескеру қажет. Жемшөбі де мұқият қадағаланады.

Сол күні кеш түсе шабандоздар­дың шатырлы қалашығы думанды ортаға айналды.

Орайлы сәтте Ұлытау облысы әкі­­­мінің орынбасары Ғалымжан Құс­манғали бәйге-марафонға қатысу­шыларға сәт сапар тіледі.

«Астанадан бастау алған «Ұлы да­ла жорығының» Түркістанға бет алуы тарихи деректерді қайта жаң­­ғырт­қандай әсерге бөлеп отыр. Сіз­дер есімі алты Алашқа мәлім Ала­ша хан, Домбауыл және Жошы хан ке­се­­нелеріне ат басын бұрып, зиярат
ет­тіңіздер. Шабандоздардың шаң­ғыт­қан жолында сәттілік серік болсын!

Аламан бәйгені Ұлытау жұртшы­лығы тамашалап, тұңғыш рет өтіп жатқан ірі жобаға куәгер болуы рухани серпіліске негіз қалары сөзсіз. 12 күндік аламан жарыс ат спортына дүмпу беріп, жастардың ұлттық құн­дылықтарға қызығушылығын оятты.

Әлемге билігі жүрген Шыңғыс хан тұлпарының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. «Ұлы дала жорығы» шабандоздары сол ізбен жүріп, тарихымызды қайта түлетті», деді өз лебізінде Ғалымжан Мұратұлы.

Келесі күні таң бозында жарыс­тың алтыншы кезеңін бағындыру­ға аттанған командалар Жезқазған қала­сының тұ­сынан бірі ілгері, бірі сәл кейіндеу өтіп, Қызылорда облысы бағытында мыс шаһарынан 55 ша­қырым қашықтықта орналасқан қоналқы орынға жетті. Осы кезең қорытындысында олар жарыс жо­лы­ның тең жартысын, яғни 600 шақы­рымды еңсерді. Ең бастысы, бәйге-марафон шартына сәйкес, шабандоздар осы жерде алғаш және соңғы рет ат ауыстыруға тиіс еді.

Бұл жерде де тәуекелі мол сапар­ға бел буып шыққан меймандарды Ұлы­тау облысы әкімдігі мен Ұлытау ­ауданы әкімдігінің лауазымды өкіл­дері құшақ жая қарсы алды. Соның жар­қын айғағы іспетті меймандос пейіл, қонақжай дәстүрге сай ақшаң­қан киізүйлерін тізбектей тігіп тас­таған болатын.

Сол күні қас қарая «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақыт­жан Тұрлыбек, марафонды ұйым­дастыру комитетінің мүшелері Ғани Дүйшенов пен Арман Абдоллаев, сондай-ақ болмыс-бітімі бөлек бәй­генің бас төрешісі Надежда Купцова журналистер үшін далалық баспасөз мәслихатын өткізді. Журналист Гүл­биғаш Омар тізгінін ұстаған мәс­лихат барысында спикерлер 1 200 шақырымның тең жартысын басып өткен үздік командалардың жай-күйі, жарыс жолындағы жүйріктердің жал­пы жағдайы және алдағы 600 ша­қырымды құрайтын қашықтық – Жезқазғаннан Түркістанға дейінгі жол жоспарына қатысты егжей-тегжейлі әңгіме өрбітті. Журналистер тікелей қойған және әлеуметтік желілер ар­қылы түскен сауалдарға тұшымды жауаптар берілді.

н

Баспасөз мәслихаты барысында мәлім болғандай, жарыстың бас­­тапқы кезеңдерінде жекелеген командалардың төрешілердің ұсы­ныстары мен пікірлеріне құлақ аспауы себепті аз-кем қиыншылықтар орын алыпты. Дегенмен жүре келе жағ­дай қалыпты арнаға түскен. Алғаш аттанғанда марафон құрамында ат­бегілер мен шабандоздарды, аспаздар мен жұмысшыларды, көлік жүргізушілер мен тағы басқаларын қосқанда 200 адам болған екен. Олар­дың қатары командалардың жарыс жолынан шығып қалуы себепті, сирей түскен сыңайлы. Аттарға қажетті жем-азықтың түр-түрі жеткілікті. Вете­ри­нар дәрігерлер тынымсыз іс үстінде. Сәйгүліктердің денсаулық ахуалы жос­парға сай, күнделікті тексеріліп оты­рады. Соның нәтижесінде, олардың зо­рығып жығылуына жол берілмеген. Ұялы байланыс арнайы жылжымалы қон­дырғы арқылы қамтамасыз етілген.

Қолдағы мәліметке сүйен­сек, қал­ған 9 командада 32 ат бар. Бәйге талабына сәйкес, әр командада кемінде ­3 ат (бастапқыда – 5 ат) болуға тиіс. ­Бес аты бар команда – Ақтөбе облысы ғана. Түрлі себептермен 10 команда жарыс жолынан шығып қалған.

Бәйге-марафонның жетінші ке­зе­ңінде шабандоздар 700 шақы­рым­дық межені аяқтап, Ұлытау облысы Ми­бұлақ ауылдық округі маңына аял­дады. Сол күннің қорытындысы бо­йынша үздік үштіктің қатарында Ақтөбе (1-орын) және Маңғыстау ­(2-орын) шабандоздары болса, ­Же­тісу облысының командасы 3-орынға ­тұяқ іліктірді.

Жоғарыда айтылғандай, жетін­ші кезеңнің ерекшелігі – марафонға қаты­сушылардың жолға тың аттармен шығуы. Шабандоздар да жүрістің жылдамдай түскенін айтады.

Айрықша атап өтер бір жайт – командасы жарыс жолынан шығып кетсе де, жекелеген шабандоздар­дың жарыс жолында қала беруі. Олар­дың қатарынан Ұлытау облысы командасының бір жүйрігінің жағ­дайы нашарлап жарысты тоқтатты. Одан бөлек 6 шабандоз командасыз жеке-дара қатысып келеді. Бұлардың түпкі мақсаты – аттарының күш-қуаты мен мүмкіндігін бағамдау.

Айтпақшы, марафоншылар Ұлы­тау ауданы Мибұлақ ауылдық окру­гінің құрылғанына 40 жыл толуына орай өткізіліп жатқан дүбірлі тойдың үстінен түсіп, жергілікті ағайынның құрметі мен қошеметіне бөленді.

Таңертеңгілік сол ауылдан аттанған марафонға қатысушылар сегізінші кезең айналымына жолға шықты. Қазір шабандоздар Бетпақдала төсінде оңтүстікке бағыт алып барады.

 

 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Ұлытау облысы