Марафонның бесінші күнінің қорытындысында үздік үштіктің көш басындағы Ақтөбе командасы белгіленген межені 43 сағат 46 минутта жүріп өтсе, шымкенттік шабандоздар мәреге 44 сағат 25 минутта жетті. Ал маңғыстаулықтар 44 сағат 39 минутта үшінші болып келді.
Марафонды ұйымдастырушы тараптың өкілі Ғабит Есімбековтің айтуынша, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде аялдау марафонның мәдени бағдарламасына енгізілген.
– Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне сәулет ескерткіші санатындағы Жошы хан кесенесіне ат басын бұрып, рухына тағзым етуді алдын ала жоспарға енгізген едік. Бірегей жобаға қатысушылар қазақ хандарының түпкі атасы – Жошы ханды терең танып-білуі маңызды, – деді ол.
Ұлытау өңіріндегі екінші аялдамаға жеткенде шабандоздармен бірге әр өңірдің атбегілері мен бапкерлері де 500 шақырымдық жолды басып өтті. Озық шыққан команданың көрсеткіші – аттың жүйріктігі мен шабандоздың шеберлігінен ғана емес, атбегі мен бапкердің қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін де айта кеткен жөн.
– Команда құрамының күнделікті тірлігі таңғы сағат 5.00-де басталады. Бап пен бақ қатар шабатындықтан, біз үшін шабандоздардың денсаулығы мен көңіл күйі маңызды. Мұндай марафон әлемде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аттар жолмен де, жолсызбен де тартып келеді. Жігіттердің басты мүддесі өзгелерден озық шығып, жүлдеге қол жеткізу емес. Бізді орнымыздан қозғаған – намыс, – дейді жамбылдық атбегі Бауыржан Терлікбаев. Оның айтуынша, жол ұзақ, сондықтан командаға екі көлік үнемі еріп жүреді. Ұзақ қашықтықта аттардың аузын шайып отырады. Оның да өз өлшемі бар. Аламан бәйгеде атқа су берілмейді. Бұдан бөлек, әр сәйгүліктің бабы мен мінезін ескеру қажет. Жемшөбі де мұқият қадағаланады.
Сол күні кеш түсе шабандоздардың шатырлы қалашығы думанды ортаға айналды.
Орайлы сәтте Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали бәйге-марафонға қатысушыларға сәт сапар тіледі.
«Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығының» Түркістанға бет алуы тарихи деректерді қайта жаңғыртқандай әсерге бөлеп отыр. Сіздер есімі алты Алашқа мәлім Алаша хан, Домбауыл және Жошы хан кесенелеріне ат басын бұрып, зиярат
еттіңіздер. Шабандоздардың шаңғытқан жолында сәттілік серік болсын!
Аламан бәйгені Ұлытау жұртшылығы тамашалап, тұңғыш рет өтіп жатқан ірі жобаға куәгер болуы рухани серпіліске негіз қалары сөзсіз. 12 күндік аламан жарыс ат спортына дүмпу беріп, жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын оятты.
Әлемге билігі жүрген Шыңғыс хан тұлпарының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. «Ұлы дала жорығы» шабандоздары сол ізбен жүріп, тарихымызды қайта түлетті», деді өз лебізінде Ғалымжан Мұратұлы.
Келесі күні таң бозында жарыстың алтыншы кезеңін бағындыруға аттанған командалар Жезқазған қаласының тұсынан бірі ілгері, бірі сәл кейіндеу өтіп, Қызылорда облысы бағытында мыс шаһарынан 55 шақырым қашықтықта орналасқан қоналқы орынға жетті. Осы кезең қорытындысында олар жарыс жолының тең жартысын, яғни 600 шақырымды еңсерді. Ең бастысы, бәйге-марафон шартына сәйкес, шабандоздар осы жерде алғаш және соңғы рет ат ауыстыруға тиіс еді.
Бұл жерде де тәуекелі мол сапарға бел буып шыққан меймандарды Ұлытау облысы әкімдігі мен Ұлытау ауданы әкімдігінің лауазымды өкілдері құшақ жая қарсы алды. Соның жарқын айғағы іспетті меймандос пейіл, қонақжай дәстүрге сай ақшаңқан киізүйлерін тізбектей тігіп тастаған болатын.
Сол күні қас қарая «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек, марафонды ұйымдастыру комитетінің мүшелері Ғани Дүйшенов пен Арман Абдоллаев, сондай-ақ болмыс-бітімі бөлек бәйгенің бас төрешісі Надежда Купцова журналистер үшін далалық баспасөз мәслихатын өткізді. Журналист Гүлбиғаш Омар тізгінін ұстаған мәслихат барысында спикерлер 1 200 шақырымның тең жартысын басып өткен үздік командалардың жай-күйі, жарыс жолындағы жүйріктердің жалпы жағдайы және алдағы 600 шақырымды құрайтын қашықтық – Жезқазғаннан Түркістанға дейінгі жол жоспарына қатысты егжей-тегжейлі әңгіме өрбітті. Журналистер тікелей қойған және әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдарға тұшымды жауаптар берілді.
Баспасөз мәслихаты барысында мәлім болғандай, жарыстың бастапқы кезеңдерінде жекелеген командалардың төрешілердің ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ аспауы себепті аз-кем қиыншылықтар орын алыпты. Дегенмен жүре келе жағдай қалыпты арнаға түскен. Алғаш аттанғанда марафон құрамында атбегілер мен шабандоздарды, аспаздар мен жұмысшыларды, көлік жүргізушілер мен тағы басқаларын қосқанда 200 адам болған екен. Олардың қатары командалардың жарыс жолынан шығып қалуы себепті, сирей түскен сыңайлы. Аттарға қажетті жем-азықтың түр-түрі жеткілікті. Ветеринар дәрігерлер тынымсыз іс үстінде. Сәйгүліктердің денсаулық ахуалы жоспарға сай, күнделікті тексеріліп отырады. Соның нәтижесінде, олардың зорығып жығылуына жол берілмеген. Ұялы байланыс арнайы жылжымалы қондырғы арқылы қамтамасыз етілген.
Қолдағы мәліметке сүйенсек, қалған 9 командада 32 ат бар. Бәйге талабына сәйкес, әр командада кемінде 3 ат (бастапқыда – 5 ат) болуға тиіс. Бес аты бар команда – Ақтөбе облысы ғана. Түрлі себептермен 10 команда жарыс жолынан шығып қалған.
Бәйге-марафонның жетінші кезеңінде шабандоздар 700 шақырымдық межені аяқтап, Ұлытау облысы Мибұлақ ауылдық округі маңына аялдады. Сол күннің қорытындысы бойынша үздік үштіктің қатарында Ақтөбе (1-орын) және Маңғыстау (2-орын) шабандоздары болса, Жетісу облысының командасы 3-орынға тұяқ іліктірді.
Жоғарыда айтылғандай, жетінші кезеңнің ерекшелігі – марафонға қатысушылардың жолға тың аттармен шығуы. Шабандоздар да жүрістің жылдамдай түскенін айтады.
Айрықша атап өтер бір жайт – командасы жарыс жолынан шығып кетсе де, жекелеген шабандоздардың жарыс жолында қала беруі. Олардың қатарынан Ұлытау облысы командасының бір жүйрігінің жағдайы нашарлап жарысты тоқтатты. Одан бөлек 6 шабандоз командасыз жеке-дара қатысып келеді. Бұлардың түпкі мақсаты – аттарының күш-қуаты мен мүмкіндігін бағамдау.
Айтпақшы, марафоншылар Ұлытау ауданы Мибұлақ ауылдық округінің құрылғанына 40 жыл толуына орай өткізіліп жатқан дүбірлі тойдың үстінен түсіп, жергілікті ағайынның құрметі мен қошеметіне бөленді.
Таңертеңгілік сол ауылдан аттанған марафонға қатысушылар сегізінші кезең айналымына жолға шықты. Қазір шабандоздар Бетпақдала төсінде оңтүстікке бағыт алып барады.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,
«Egemen Qazaqstan»
Ұлытау облысы