Қаржы • 26 Қыркүйек, 2022

Кешіктірілген несие қарызы қомақты

487 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Займ сапасына қарап банктің деңгейін тануға болады. Әрине, банктер тек займ берумен айналыспайды. Олар депозит жинайды. Қор нарығына шығады. Басқа да түрлі банк өнімдерін ұсынумен айналысады. Бірақ айналып келгенде бәрібір тек кредит берумен ғана өз табысын еселейді, соған сәйкес өзінің нарықтағы орнын айқындай түседі. 2022 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің жиынтық қарыз портфеліндегі кешіктірілген төлем көлемі 1,53 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 19,9 пайызға артық.

Кешіктірілген несие қарызы қомақты

Үздік ондыққа кіретін банктер ішінде тек үшеуі ғана кешіктірілген төлем көлемін бір жылда азайта алған. Төленбей қалатын қарыздармен күрес бойынша ең үздік көрсеткіш Bank RBK-ға тиесілі: бір жылда нашар қарыздар деңгейін 48 пайызға, 34,8 млрд теңгеге дейін азайтқан. Ал бір ай ішінде қаржы институты «нашар» көрсеткішті 6,8 пайызға қысқартқан. Екінші орындағы «Банк ЦентрКредитте» кешіктірілген займ көлемі 4,8 пайызға, 93 млрд теңгеге дейін қысқарған. Бұл – банктің қарыз портфелінің 5,5 пайызы. Үштікті ForteBank түйіндейді: минус 3,2 пайыз, 80,5 млрд теңгеге дейін. Кешіктіріліп жатқан займдар қарыз портфелінің 7,4 пайызын еншілейді дейді Ranking өз зерттеуінде.

Қалған 7 банкте кешіктірілген төлем­ге ие займ көлемі өсіп кеткен. Тө­лемдер бойынша ең қауіпті кешік­ті­ру болып саналатын – төленбей тұрғанына 90 күннен асқан (NPL 90+) улы займдар үлесі бір жылда 1,1 пайызға өсті. Бұл – 828 млрд теңге.

Жылдық динамикада ірі банктер арасынан тек 4 банк өз көрсеткіштерін жақсарта алған. NPL 90+ көрсеткішін қысқарту бойынша тағы да Bank RBK көш басында: бұл банк 12 айда қауіпті қарыз көлемін 66,2 пайызға, 17,8 млрд теңгеге дейін азайтқан. Ал жалпы қарыз портфелінің көлемі – 778,2 млрд теңге. Екінші орында – «Қазақстан Халық Банкі» қаржы институты бір жыл ішінде NPL 90+ көрсеткішін 21,3 пайызға қысқартса, үшінші орындағы «Банк ЦентрКредит» 20,4 пайызға дейін төмендете алған. ForteBank көрсеткіші алдыңғы үш институттай жоғары емес, тек 2 пайызға азайтыпты. Ал өзге банктердің барлығы дерлік улы займдар үлесін азайта алмаған.

«Еске салып өтейік, Bank RBK мен Halyk Bank портфель сапасы бойынша үздік банктердің үштігіне кіреді. Bank RBK-да NPL 90+ бүкіл займ көлемінің 2,3 пайызын құраса, бұл көрсеткіш Halyk Bank-те – 2,1 пайыз. Сектордағы портфель сапасы тәуір үшінші банк – мемлекеттік «Отбасы банкі». Олардағы NPL 90+ портфелдің 0,1 пайызын алады», деп мәлімдейді сарапшылар.

Жалпы алғанда, төлемнің кешік­ті­рілуіне қарамастан жалпы қарыз порт­феліндегі кешіктірілген займ үлесі сектор бойынша 7,1 пайызға төмен­деген (былтыр 7,5 пайыз болған). Бес жыл бұрынғымен салыстырғанда – 18,9, пайызға, он жыл бұрынғымен са­лыс­тырғанда 35,3 пайызға азайыпты.

Елдегі бүкіл екінші деңгейлі банк­тер­дегі жиынтық қарыз портфелінің көлемі 21,55 трлн теңгеге жетті. Бұл – 2021 жылғы жиынтық портфель со­ма­сынан 26,3 пайызға жоғары көр­сеткіш.