Пікір • 27 Қыркүйек, 2022

Ұлттық құндылықтарды ұлықтау

3200 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ». Бұл сөздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында айтылған ой-тұжырымының өзегі іспетті. Президент маңызды құжатта ел бірлігінің қашанда ең басты құндылық саналғанын, ал қазіргі таңда бұл құндылықтың өзектілігі арта түскенін еске салып өтті.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтау

Ал татулық пен тұрақтылық дейтін ұғымдар күн тәртібінен түспей тұр­ған, егемендігіміз бен жеріміздің тұтас­тығын сақтап қалу дейтін міндеттер айрықша мәнге ие болған тұста ұлттық құндылығымыз қандай болу керек?

Ұлттық құндылықтар деген ұғым­ның аясы өте кең, мағынасы өте те­рең. Оның үстіне қазір әлем­дегі геосаяси ах­уал әбден шиеле­нісіп, алмағайып уақыт­тың табалды­рығы­мыздан аттағанын кө­ріп отырмыз. Батыстың «демократия­лан­дыру» деген желеумен әлемді жайпап бара жатқан либералдық «құнды­лық­тары» етек-жеңімізді қымтап, дәс­түр­лі діңгегімізден ажырап қал­мауы­мызға мәжбүрлеп отыр. Жасыратын несі бар, қазір заман басқа, заң басқа...

Интернет заманы, жаппай цифрландыру заманы қоғамның бет-бейнесін, бет алысын мүлдем басқаша өзгертіп жатыр. Адамзат баласы ақпараттар тасқынын оқып үлгермейді, игеруден қалды. «Гибридті соғыстың» дәурені келді. Батыс пен Шығыстың арпалысына қараңыз. Жеті айдан асып бара жатқан Ресей мен Украина әскери қақтығысының аяғы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпесе екен деген қауіптің де ауылы алыс емес... Екі түрлі өркениет бір-бірін қиратпай, бір-бірінің көздерін жоймай тоқтайтын түрі жоқ.

Әлемде қарқынды түрде жүріп жатқан осынау дамылсыз үдеріс елімізді де айналып өтпейтініне көз жетті. Енді ұлт болып, мемлекет болып қам жасамасақ болмайды. Осы орайда жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қуат­ты елдің ұлттық болмысы» атты өзекті мақала қолыма ерік­сіз қалам алғыз­ды. Ойлы дүние болған­дықтан оқыр­манмен пікір бөлісуді жөн санадым.

Мемлекетіміздегі басты назарда болуға тиісті ұлттық құндылық­тары­­мыздың іргетасы алдымен биыл мау­сым айында Ұлытауда өт­кен тұң­ғыш Ұлттық құрылтайда айтыл­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың баяндамасында, кейіннен 1 қыркүйектегі Жолдауында анық­тал­ды. Мемлекеттік саясаттың басты бағдары тайға таңба басқандай айшықталды.

Мақала авторының: «Әділетті мемлекет – әділетті қоғам құру іс жүзінде көрініс табатын нақты идея. Бұл идея санаға терең орнығып, өмір сүру философиясының өзегіне айналуы үшін мемлекеттігіміздің іргесін қалаған ежелгі тарихи және мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту бас­ты міндет екенін сезінгеніміз жөн. Осы мақсатта ұлт ұясы Ұлытауда ғасырлар қойнауында сақталған рухты оятып, жаңа кезеңде басты бағдар етіп алдық. Өйткені Алтын Орда парадигмасы негізінде аз ғана уақыт ішінде Еуразия кеңістігінде қоныстанған халық­тарды бір арнаға түсірген бірлік пен тұтас­тық идеясы жатыр», деген ой-пікірі темірқазық идеяның жүгін көтеріп тұр.

Төл тарихымыздың арғы мыңжыл­дықтарына бармай-ақ осынау Түркі империясының әлемді аузына қаратқан жұлдызды ғасырлары Алтын Орда дәуіріне табан тіресек те та­қия­мызға тар келмейді. Мақала авто­ры осы идея­ны бірінші орынға шы­ғар­ған. Әрі кейбіреулер айтып жүр­гендей «1991 жылға дейін қазақтың дербес, тәуелсіз мемлекеті болған емес, шегенделген шекарасы жоқ еді» дегендердің аузына құм құяды. Осы сөздерді кейінгі жылдары іліп алып, сан-саққа жүгіртіп жүрген Ресей саясаткерлерінің арам пиғылына да тосқауыл болатына көзім жетеді.

Мақаланың ішінде әсіресе ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрық­ша мән беру, жастардың бойын­да отаншылдық қасиет қалып­тастыру қажеттігі терең айтылғаны көңіліме сенім ұялатты.

Жауырды жаба тоқудың қажеті не?! Кешегі Қаңтар оқиғасы қазақ қоға­мындағы отыз жыл бойы ас­қынумен келген бітеу жараның бетін ашты. Еліміздің, мемлекетіміздің бар бай­лығы белгілі бір топтың, бір әулет­тің қолында ғана жинақталғаны қандай қайғылы оқиғаларға, нендей апаттарға алып баратынын әлемге көрсетті.

Жастар тәрбиесіне қазірден бас­тап қам жасамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Көркем мінез бен адамның ішкі мәдениетін дамы­туға мән бермесек болмайды. Арзан дүниеге ұмтылу, алдап, арбап мал табу, Батыс­тың адамды құр­дым­ға алып баратын кейбір «құнды­лықтарына» көзсіз бас қою жастарды орға жығатынын түсі­нуіміз керек. Жастарды рухани құл­дырауға жетелейтін, астары жоқ арзан дүниелерді насихаттайтын, білім мен ғылымнан алыстатуға ұмты­латын дүниелер мемлекеттік идео­логия тұрғысынан сараптамадан өтуі керек. Әйтпесе рухани адасудың ауылы алыс емес. Ертең опық жеп қалмайық...

Скандинавия мемлекеттері мен Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердегі мемлекеттік, ұлттық идеология үлгілері ұлттың озық, дәстүрлі құндылықтарын өркендете, дамыта түсетін жол ретінде ұсынылғаны бізді ойландырмай қоймайды. Білімі мен ғылымы, жаңа технологиялары қарыштап дамып кеткен осынау мемлекеттерге шын мәнінде бүкіл әлем көз тігіп отыр.

Ұлтымыз бүгін жол айрығын­да тұр. Адастырмайтын жолды таң­дауымыз керек. Ол жол – ұлттық құн­дылықтар жолы. Сондықтан да ұлт­тық болмысымызды тереңдеп талдайтын, ұлттық дамуымыздың ертеңгі бағыттарын біліктілікпен сараптама жасайтын жақсы зерттеу мақалаларды, ел Президенті Жолдауында айқындап берген елдік міндеттерді әсіресе жас­тар жіті түсінгені жөн. Ал жауапты мемле­кет­тік қызметкерлердің осынау бағыт­та өз ой-пікірлерін ортаға салып, қалың қазақ оқырманына ойлы дү­ниелерін ұсынып отыруын жақсы дәстүр деп санаймын. Өйткені іздене­тін, іргелі ұлттар ғана өзінің жар­қын болашағына қол жеткізіп, қуатты елдердің қатарына қосыла алады.

 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

филология ғылымдарының докторы