Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығында өткен «Президенттік сайлау-2022: Әділетті Қазақстан үшін жаңғырту дискурсының сын-қатерлері мен шешімдері» атты дөңгелек үстелде алдағы сайлаудың жай-жапсары талқыланды.
Басқосуда Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры С.Сейдуманов еліміздің үлкен өзгерістер кезеңі қарсаңында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы сайлаулардың ерекшелігі көп, қаперге алатын жайттар да жеткілікті. «Президент өз Жолдауында атап көрсеткен ең маңызды мәселе – қоғамдық капиталды дамыту. Сондықтан әрбір қазақстандық алдағы 7 жылда елдегі саяси өзгерістерден шет қалмай, азаматтық пікірін білдіруге дайын болуы керек. Сонымен қатар сайлау науқанының жұмысына және электоралды іс-шараларға серпін бергелі отырған сайлаудың маңызы мол», деді С.Сейдуманов. Сарапшы бұл іс-шараның сын-тегеуріндер деңгейін анықтаумен қатар, Әділетті Қазақстанның жаңғырту дискурстарын шешудің ықтимал жолдарын айқындауға, жетекші күштер өкілдерінің жағдайды шынайы бағалап, болашақ саяси өзгерістерге дайындық барысы мен қоғамның қабылдау деңгейін анықтауға мол мүмкіндік беретініне басымдық берді.
Жиын модераторы, институттың Саяси зерттеулер орталығының директоры А.Әміребаев «Президенттік мандаттың бір реттік 7 жылдық мерзімі туралы шешім елдің саяси жаңғырту міндеттеріне жауап бере ме?», «Қазіргі жағдайда Әділетті Қазақстанның болашағы қандай болады?» деген саяси өзгерістерді қамтитын сұрақтар төңірегінде, сайлау үдерісінің заңдылығы тұрғысындағы пікірлерге қатысты ой бөлісті. «Қазіргі кезде Президенттің тиісті Жарлыққа қол қойып, 20 қарашада кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жасауына байланысты сарапшылар талқылаулары өтуде. Президент ұсынған парламентаралық жаңашылдықтар еліміздегі саяси реформа жөніндегі ұсыныстар пакетінің жалғасы болып саналады», деп атап өтті ол.
Алдағы сайлаудың нәтижелі болатындығына сенім білдірген әлеуметтану ғылымдарының докторы Ә.Жүнісов «7 жыл – тиімді мерзім», деді. Ал бұл мерзімнен не күтеміз? Сарапшының айтуынша, 2001 жылы Президентті сайлау мерзімі жайында талқылау болған. «Ал бұдан аз мерзім белгіленетін болса, онда жоспарланған бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі азаяды. Бүгінде Қазақстан әлемде жер аумағы жағынан тоғызыншы орында, шикізат, минералды ресурстар қоры жағынан бай елдердің бірі. Ал халықтың дәулетті өмір сүруіне бағытталған реформалардан қоғам үлкен өзгерістер күтеді», деді сарапшы.
Мәжіліс депутаты Е.Смайылов конституциялық өзгерістерді елдің демократиялық үдерісі мен саяси жаңғыруының бір бөлігі ретінде қолдайтынын айтты. «Еліміздің жаңғыруы әлеуметтік сектор мен экономикадағы өзекті проблемаларды шешумен тікелей байланысты. Кедейшілікті, теңсіздікті, мемлекеттік басқарудың тиімсіздігін және бюджет шығындарын, денсаулық сақтау мен білім берудегі проблемаларды, заңдардың және еңбек құқықтарының бұзылуы, экономиканың шикізаттық моделін консервациялауды, сыбайлас жемқорлық және басқа да көптеген мәселені шешу қоғам дамуының өзегіне айналады», деп атап өтті депутат.
Дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Ю.Кучинская, ЖСДП партиясының тең төрағасы А.Әлібаев, қоғамдық қозғалыс жетекшісі Т.Қожалиева, философия ғылымдарының докторы, профессор Р.Қадыржанов, философия ғылымдарының докторы Ю.Булуктаев, философия ғылымдарының кандидаты Д.Ешпанова, PhD Н.Айтымбетов, тағы басқа сарапшылар елдегі саяси өзгерістерге байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Сарапшылар атап өткендей, алдағы электоралдық науқан Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында айтылған мақсаттарға сәйкес келетін болса, барлық жасампаз саяси күштердің бірлескен күш-жігері орнықты экономикалық өсуге және қазақстандықтардың өмір сүру сапасының артуына, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ