Биыл 400 мыңнан аса бала 1-сыныпқа барды. Ал мектеп бітірушілер саны 177 мыңды құрады. Жалпы, жоғары сынып оқушыларының саны – 426 мың бала. Бұл ретте министр жыл сайын гранттар санын ұлғайту көзделіп отырғанын айтты.
«Биыл 88 мыңнан аса мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық. 2025 жылға дейін мемлекеттік гранттар саны жыл сайын 10%-ға артады. Бүгінде студенттердің жалпы саны 609 мыңнан асты. Оның
60%-ы ақылы негізде білім алып жатыр», деді С.Нұрбек.
Осы орайда Президент Жолдауда сараланған гранттар моделін енгізуді тапсырғанын айта кеткен жөн. Тиісті ведомство басшысының айтуынша, бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазіргі грант беру жүйесімен үйлестіре отырып, әлемдік тәжірибе зерттеліп жатыр.
«Демографиялық толқынды алдын ала ескеріп, жоғары білімге қолжетімділік тетіктері пысықталады. Жоғарыда айтқандай, студенттердің ақылы негізде оқитын 60%-ы үшін жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру несиелерін алуға мүмкіндік беріледі. Мемлекет басшысы 2024 жылы 1 қаңтардан бастап әр балаға 18 жасқа толғанға дейін қаржы бөлуді тапсырды. Ақша арнайы есепшотта жинақталады. Оны келешекте білім алуға жұмсауына болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, талапкерлер көп жағдайда жүрек қалауымен, өз қабілетіне сай мамандықты таңдамайды. 2019 жылдан бастап Президенттің тапсырмасымен жаңа мамандықтар атласы жобасы жүзеге асырылуда. Биылдан бастап өңірлік атластар жасалады», деді С.Нұрбек.
Оның айтуынша, былтыр Павлодар облысында қанатқақты жоба табысты жүзеге асырылды. Осы аптаның басында Маңғыстау облысында өңірлік атласты пысықтау жұмыстары басталды. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы мен Астанада осындай жұмыстар басталады.
Сонымен қатар бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 мың жаңа мектеп салу жоспарланған. Ал бұл мектеп мұғалімдеріне деген қажеттілікті арттырады. 2026 жылға қарай осындай қажеттілік 100 мыңнан аса педагогті құрамақ. Демек жоғары білікті педагог мамандарға да тапшылық байқалады. Бұл ретте министрлік тарапынан бірқатар іс-шара қолға алынбақ.
«Кейінгі екі жылда педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс артты. Білім гранттарының орташа құны 3 есеге артып, 1 млн теңгеге жетті. Жалпы, 50 оқу орнында педагогтер даярланады. Оның ішінде 5 мамандандырылған педагогикалық университет бар. Арнайы бағдарлама аясында келесі жылдан бастап олардың материалдық-техникалық базасын, оқытушылардың біліктілігін арттыру, жаңа зертханалар ашу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазір қаржы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ педагогтерді даярлау сапасын арттыру көзделген. Қазіргі уақытта Финляндия университеттерімен бірлесіп, 30 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Жоба аясында 17 педагогикалық университет қамтылған, 110 оқытушы арнайы оқудан өтті. Алдағы жылдан бастап педагогтердің жаңа кәсіби стандарты пысықталады және педуниверситеттердің жаңа аттестациялық моделі енгізіледі», деді министр.
Сонымен қатар былтырдан бастап «Болашақ» бағдарламасынан тыс жыл сайын «500 ғалым» жобасы қолға алынды. Былтыр 400-ден аса адам ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберілді, биыл олардың саны 500-ді құрамақ. Оның ішінде педагогикалық ғалымдар квотасы ескерілген.
Мемлекет басшысының Жолдауда берген тағы бір тапсырмасы – эндаумент-қорларды құру. Бұл халықаралық практикада бар. Яғни түлектер мен инвесторлар тарапынан жоғары оқу орнына қолдау көрсетіледі. Ведомство басшысы осыған қатысты жұмыстарды да атап өтті.
«Еліміздің жоғары оқу орындарының эндаумент-қоры моделі екі жыл бұрын енгізіле бастады. Мысалға Назарбаев университетінің, Республикалық физика-математика мектебінің эндаумент-қорын келтіруге болады. Сондықтан «Қазақстан халқына» қорымен бірігіп, осы эндаумент-қорлардың заңнамалық, халықаралық тәжірибесі сарапшылармен зерттелуде. Заңнамалық өзгерістер қажет, олар келесі жылдан бастап енгізіледі. ЖОО-лар енді тек қана мемлекет қаржысынан бөлек, жекеменшік инвесторлармен, ірі компаниялармен бірігіп, университеттің дамуына қосалқы қаржы жинақтап, халықаралық тәжірибедегі модельмен жұмыс істейді деп үміттенеміз», деді С.Нұрбек.
Бұған қоса министр академиялық инфрақұрылымды дамыту және жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
«Биыл жатақханалар мәселесі кеңінен көтерілді. Қазақстанда соңғы рет кампус 1975 жылы салынған. Бүгінгі таңда 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар, онда 101 мыңнан аса студент тұрады. Қосымша қажеттілік 87 мыңнан аса орынды құрайды. 2018 жылдан бастап жыл сайын 10 мың орыннан ашылуда. Бұл да аз. Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі – жекеменшік секторды шақыру. Еліміздегі ЖОО-лардың 30%-ы Алматыда орналасқан. Ондағы студенттердің 70%-ы – сырттан келген балалар. Сондықтан Алматыда бұл мәселе өте күрделі. Кеше 50-ден аса құрылыс компаниясының өкілдерін, мердігерлерді жинап, жаңа тетіктерді қарастырып, ұсыныстар пысықталады», деді министр.
Сонымен қатар келесі жылдан бастап ЖОО-лардың грант құнын өсіру жоспарланған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш – негізгі мамандықтар бойынша 700 мың теңгенің шамасында.