Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2022

Жолаушылар ағыны үш есе артқан

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі Ше­кара қызметі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қаты­суы­мен шекара мәселелері бойынша Үй­лес­тіру кеңесін өткізді.

Жолаушылар ағыны үш есе артқан

Өңір басшысы облыс аумағында қо­ғамдық тәртіпті сақтау, патрульдеуді кү­шей­туді және халық арасында көші-қон заңнамасын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Шекара маңындағы аудан-ауылдардың әкімдері мен тұрғындарына шекараны заңсыз кесіп өту фактілері, күдікті адамдар туралы хабарлау үшін кезекші телефон нөмірлері таратылған.

Батыс Қазақстан облысының шекара аумағында 6 автомобиль өткізу пункті жұ­мыс істейді. 20-23 қыркүйек аралығында бұл бекеттерден Ресей Федерациясының 8 658 азаматы өткен. «Жолаушылар ағы­ны­ның 3 есе өсуі байқалады», дейді мамандар. Сондай-ақ шекараның Ресей жақ бетінде жүк және жеңіл автокөліктердің жиналуы бай­қалады. Бүгінде барлық шекара маңын­дағы өткізу пункттері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.

Еліміздің заңдары бойынша шетел азаматын қабылдаушы тарап ол жөнінде жергілікті көші-қон қызметін хабардар етуге міндетті. Бұл үш жұмыс күні ішінде жа­салуы керек. Мұндай хабарламаны уақтылы бермеген тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуі мүмкін.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облы­сында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға тұрақты. Жеткізу және сату қалыпты режімде жүзеге асырылып келеді. Нарықта және қоймада азық-түлік қоры жеткілікті. Сонымен қатар өңірдің тауар өндірушілері жиналған егіннің кемінде 15 пайызын тапсырып, өндірілген өнімді нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен облыс тұрғындарына жеткізу жөнінде меморандумға қол қойған.

«Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін жеке штаб құрылады. Сондай-ақ арада дел­далдарды болдырмау үшін азық-түлік тауарларына баға белгілеудің делдал­дық схемаларын тексеру жөніндегі комис­сия да қаралады. Біз өңірде азық-түлік тапшылығына жол бермей, қажетті тауар­лардың тұрақты болуын қамтамасыз етеміз» деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Өңір басшысы жылжымайтын мүлік нарығында, сондай-ақ жолаушылар тасы­ма­лында ең өзекті мәселенің бірі – заңсыз қыз­метке тосқауыл қою үшін тиісті органдарға тапсырма берді.

Қазіргі уақытта Орал қаласы мен Самара, Тольятти, Саратов, Орынбор қала­лары арасында халықаралық 4 автобус ба­ғыты жұмыс істейді. Жолаушылар ағыны әсі­ресе Самара бағытында көбейген. Соңғы күн­дері Орал қаласынан Самара қаласына – тәулігіне 3 рейс, Самарадан Орал қаласына 4 рейс жүріп тұр.

Самара, Тольятти және Орынбор ба­ғы­тындағы билеттердің бағасы өзгерген жоқ. Саратовқа билет бағасы осы жылдың 8 қыркүйегінен бастап көтеріліп, 7 550 тең­гені құрады, бұрын билет құны 6 мың теңге болатын.

 

Батыс Қазақстан облысы