Пікір • 27 Қыркүйек, 2022

Өзгерісті өзіңнен баста

956 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жапон философиясында «Өзгерісті өзіңнен баста» деген қағида бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы қағиданы берік ұстанып отыр. Елге жетекшілік ететін басшының өз туыстарын билікке тартпау, Президент ман­датын бір мәрте ғана жеті жылға белгі­леу, елге әділетті, адал қызмет ету, жем­қорлыққа қоғам болып қарсы тұруға үндеу – Жолдауда көпшіліктің көкейіне қонған қағидаттардың бірсыпырасы осылар.

Өзгерісті өзіңнен баста

Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетін күн белгілі болды. Алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Президент сайлауынан кейін Парламент, жергілікті мәслихат сайлаулары да, Үкімет құрамын қайта жасақтау секілді ауқымды шаралар күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы халыққа жасаған үндеуінде осының бәрі демократия жолымен, әділ сайлау арқылы жүзеге асырылатынын айтты.

Қарапайым халық адалдықты, әділдікті арман етеді. Патшалардың қара қылды қақ жарған әділетті, турашыл болғанын қалайды. Мемлекет басшысын неге халық болып сайлайды? Өйткені сол халықтан ақылды, білімді, көзқарасы берік, талабы мықты адамды таңдап алғысы келеді. Солай болуы керек те. Сонда ғана президенттер халықтың игілігін ойлайды.

Ел ішінде «Ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?» деген ойлар айтылып жүр. Орынды пікір. Сөйтсе де ескінің бәрін бір сәтте сыпырып тастап, түгел жаңалайын деп отырған ешкім жоқ. Халық арасында тәжірибелі, ойлы, халыққа шын жанашыр, мемлекет мүддесін ойлайтын, адал қызмет ететін, әділетті жолмен билікке келе алатын азаматтар баршылық.

Осы жолы халық Президент сайлауында үлкен белсенділік танытады деп сенемін. Жұртшылық бұдан былай Президентті екі рет сайлауға жол бермейді. Бұл норма Конституцияда анық айтылған. Енді жаңа сая­си партиялар белсенді шыға бастайды. Бұл дегеніңіз, алдағы уақытта бір-бірімен бәсекелесе алатын саяси ұйымдар өз кандидаттарының арасынан мықты тұлға­ларды алға тартады деген сөз. Ата Заңға сәйкес Президент бір рет қана сайланатын болса, ескіге, әділет­сіздік­ке жол берілмейді. Демек алда­ғы жеті жылда Қазақстанда үлкен өзгерістер болады.

Президент сайлауына өзін-өзі ұсынатын, тіпті партияда жоқ азаматтар да сайлауға түсе алады. Ол мүмкін, депутат, министр, қоғам қайраткері де, тіпті қарапайым, ойы бар азамат та болуы мүмкін. Меніңше, Президент мемлекеттік тілді жетік меңгерген, елдің дамуына, мемлекеттің қауіпсіздігіне, Қазақстан халқына әділ де адал, жан-тәнімен қызмет етуге дайын азамат болуға тиіс.

Президент сайлауы – еліміздегі ең басты саяси оқиға. Бұл сайлауға кез келген оппозициялық күштер де қатысады. Бұл нағыз демократиялық көрініс. Әрбір саяси партия күреске дайын болуға тиіс. «Елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертеміз», деді Қ.Тоқаев. Демек бүкіл құрам жаңарады. Сенім мандаты халық сеніміне жұмыс істейді. Осыдан барып халық сенетін билік, әлеуметтік әділеттілік қалыптасуы керек. Экономикалық саясат дұрыс болса, ол елдің дамуын жаңа сатыға көтереді.

Мықты бәсекелес бола алатын, сайлауалды бағ­дарламалары өтімді, сенімді үміткер ғана халықтан қолдау табады. Халық әділ сайлауды күтеді.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы