Қоғам • 27 Қыркүйек, 2022

Жұмыспен қамтуға септігін тигізеді

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірде жұмыссыздық – өте өзекті мәселе. Халық санының жылдан-жылға артуы жағдайдың күрделене түсуіне өз әсерін тигізіп отыр. Жұмыс іздеп жүргендерге, әсіресе жастарға қарап құзырлы орындардың жұмыссыздықты еңсеру бағытындағы жұмыстарына сынмен қарайтынымыз рас. Осы орайда Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Шопановты сөзге тартқан едік.

Жұмыспен қамтуға септігін тигізеді

– Әсет Жоламанұлы, өзіңіз басқаратын басқарманың есебіне назар аударсақ, 2022 жылғы ІІ тоқсандағы ста­тис­­тикалық мәліметтерге сәйкес облыстағы жұмыс­сыз­­­дықтың деңгейі – 5,1%. Эко­­номиканың әртүрлі сала­ла­рында 336 441 адам жұ­мыс­пен қамтылған, десек те жұмыссыздардың саны 18 173 адамды құрады. Жалпы, өңір­де жұмыссыздықты азайту үшін қандай іс-шаралар жүр­гізіліп жатыр.

– Биыл 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіп­кер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 12 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларына тарту жос­парланып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен – 861,2 млн теңге, Ұлттық қордан – 4,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бо­йын­­ша облыстың жұмыспен қам­ту орталықтарына 29 537 адам хабарласып, 16 603 адам жұмыспен қамтудың бел­­сен­ді шараларымен қам­тыл­ды. Бағдарлама аясында 314 адам 400 АЕК көлемінде қай­та­рымсыз грант алып, 629 адам онлайн курстарға қатысып, 90 адам кәсіптік оқытудан өтті. Тұрақты жұмыс орындарына 6 881 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына 6 823 адам жұмысқа орналастырылды. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына – 525 адам, жастар тәжірибесіне – 817 адам, қоғамдық жұмыстарға – 5 364 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 101 адам, «Күміс жас» жобасына 16 адам жолданды. Жалпы, 2022 жылы облыста 20 560 жұмыс орнын­ құру жоспарланған болатын, оның 11 580-і – тұрақты, 8 980-і – уақытша жұмыс орыны. Есепті кезеңге 18 389 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 11 235-і – тұрақты жұмыс орны. Сонымен қатар облыста Ұлттық жобалар шеңберінде 2 469 тұрақты, 7 455 уақытша – барлығы 9 924 жұмыс орны құрылады. Бүгінге дейін 7 341 жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орны 395 болса, уақытша жұмыс орны – 6 946, яғни жоспардың 73,9%-ы орындалды.

– Жұмыссыздықты азай­тудың бір бағыты инвес­ти­ция­лық жобалардың үлесі қандай?

 – 2022 жылы облыста 27 инвес­тициялық жоба іс­ке асырылады. Бұл жобалар есебінен 1 390 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 1 052-і тұрақты жұмыс орыны. Бұл жобалардың іші­нен 24 жоба – өткен жылдардан өтпелі жобалар. Бүгінде бұл инвестициялық жобалар арқылы 576 тұрақты, 254 уа­қыт­ша – барлығы 778 жұмыс орны құрылды. Осы жылы өңірдегі ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарға және олардың мердігер ұйымдарына 1 679 жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарланған еді, қазір соның 1 017-сі жұмысқа тұрды.

– Мысалы, қандай орындардан жұмыс тапты?

– Атап айтқанда, «Өзен­Мұ­найГаз» АҚ-ға – 463, «ӨзенМұнайГаз» АҚ мер­ді­гер ұйымдарына – 279, «Маң­ғыс­тауМұнайГаз» АҚ-ға – 99, оның мердігерлеріне – 148, «Қара­жан­басмұнай» АҚ мердігер ұйымдарына 28 адам жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар 2021 жылдан бастап облыста өңірлік «Жұмыс істеймін» жобасы іске қосылды. 2022 жылы жобаға облыстық бюджеттен 955,5 млн теңге қаражат бө­лін­ді. Жыл басынан бері Жа­ңа­өзен қаласы бойынша – 252, Қарақия ауданы – 135 адам  барлығы 387 адам жұмысқа жолданып, қазіргі уақытта 746 адам жұмысын жалғастырып жүр. Жұмысшылардың орташа жалақысы 175 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ өңірдің жұмыссыз азаматтарын Ресей Федерациясының «Татнефть» компаниясына жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 40 адам жұмысқа орналасты. Атал­ған бағыттағы жұмыстар жал­ға­са­ды.

– Жұмыссыздық түбегейлі жойылмайды, бірақ жүйелі және тиімді жүргізілген жұ­мыстар оны белгілі бір дә­ре­жеде еңсеруге, яғни азай­ту­ға әсерін береді деп ойлай­мын. Сондықтан жұмыс көздерін әртараптандыру да басты на­зардағы мәсе­ле.

 

Маңғыстау облысы