Ресейдің бес губерниясымен шектесіп жатқан Батыс Қазақстан облысында 6 шекаралық кеден бекеті орналасқан. Қыркүйектің 21-інен бастап осы бекеттердің бәрінде де біздің елімізге келуші ресейліктердің саны артқан.
Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, Ресей Федерациясынан 21 қыркүйекте – 186 адам, 22 қыркүйекте – 532 адам, 23 қыркүйекте – 362 адам, 24 қыркүйекте – 410 адам, 25 қыркүйекте – 302 адам тиісті тіркеуден өткен.
«Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы аумағында Ресей Федерациясының 12 265 азаматы тіркелген. Соның ішінде 1307 адам осы қыркүйек айында келді. Өткен 2021 жылы осы кезеңде 5882 ресейлік азамат болған», деп хабарлады Батыс Қазақстан полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Елімізге, соның ішінде Орал қаласына келген ресейліктерді қарсы алу, орналастыру, құқықтық және тұрмыстық көмек көрсету үшін өңірдегі еріктілер іске кіріскен. Олар ресейліктерді шекара бекетінен Орал қаласына дейін тасымалдау, түнемелік орындар тауып беру, қазақстандық ұялы байланыс карталарын қосу, көші-қон бөлімдеріне тіркеу т.б. мәселелерде қолғабыс берді. Орал қаласының бірнеше жерінде келушілерге көмек орындары ұйымдастырылды. Ол жерге түрлі сусын, ыстық тамақ таратылған.
Соңғы күндері Орал қаласында бір тәулікке жалға берілетін пәтерлердің бағасы 1,5-2 есеге көтеріліп кеткені туралы айтқан едік. Жергілікті тұрғындардың, кәсіпкерлер мен еріктілердің көмегімен ресейліктер түнеп шығуы үшін кинотеатрларда, балалардың жазғы демалыс лагерлерінде арзан немесе тегін жайлар ұйымдастырылып жатыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы Орал қалалық халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне жүгінушілер қатары шамадан тыс артуына байланысты Ресей Федерациясы азаматтарын бөлек қабылдау үшін Орал қалалық №1 ХҚО бөлімін бекітіп қойды. Жағдай қалыпқа түскенге дейін жергілікті азаматтар құжаттарын реттеу үшін Орал қаласындағы №2 бөлімге келетін болды.
«Біздің «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы да соңғы күндері Ресейден келуші мигранттарды қабылдай бастады. Олар прокуратураның, көші-қон полициясының назарында. Құжаттарының көшірмесі алынып, тиісті тіркеуден өтуде. Кеше 70 азамат келді. Бізде салыстырмалы түрде қону ақысы арзан, күніне 2 мың теңге», деді орталық директоры Айболат Құрымбаев.
Әрине, сырттан келушілердің күрт көбеюіне алаңдап жатқандар да аз емес. Бірақ халықтың көпшілігі сын сәтте адамшылықтан айнымай, мұқтаж жандарға қол ұшын созайық деген пікірде.
Батыс Қазақстан облысының көші-қон қызметі өңірдегі ахуалды қатаң қадағалап, шетелдіктердің ел аумағында жүруін заңға сәйкес бақылауда ұстайтынын айтуда.
«Соңғы 8 ай ішінде сот шешімімен 165 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Сот шешімін өз еркімен орындау үшін шетелдіктерге 10 күн мұрсат беріледі. Алайда Өзбекстан Республикасының 15 азаматы белгіленген уақытта Қазақстан аумағынан шықпай, сот шешімін орындамай, жасырынып қалмақ болған. Ол азаматтар Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Тәжен бекетіне күзетпен жеткізіліп, шекарадан еріксіз шығарылды. Бұдан бөлек, еш құжатсыз еліне орала алмай жүрген 4 Өзбекстан азаматын да Ақтау қаласындағы өзбек консулдығына жеткізіп, еліне жөнелттік. Батыс Қазақстан облысы аумағында шетелдік азаматтардың заң мен тәртіп бұзбай жүруі қатаң қадағаланады», деді полиция департаменті.
Батыс Қазақстан