Қоғам • 27 Қыркүйек, 2022

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 1 трлн теңгеге өсті

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БЖЗҚ мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша салымшылардың шоттарында 13,97 трлн теңге жинақталған. Бір жыл ішінде бұл сома 1,02 трлн теңгеге немесе 7,9%-ға өсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 1 трлн теңгеге өсті

Қорда атап өткендей, зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасып, 13,6 трлн теңгені құрады.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 416 млрд теңгені, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 3 млрд теңгені құрады.

«2022 жылдың сегіз айында салымшылардың шоттарына шамамен 1,1 трлн теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 29%-ға немесе 246,7 млрд теңгеге асып түсті. Жарналардың барлық түрлері бойынша өсім байқалғанын атап өту керек. Жарналардың жалпы көлемінің 95,3%-ын МЗЖ бойынша БЖЗҚ-ға түсімдер құрайды, бұл - 1 трлн теңге (соңғы 12 айда өсім 29%), МКЗЖ бойынша 50,1 млрд теңге (өсім 37%) түсті. 1,6 млрд теңге (өсім 293%) ЕЗЖ бойынша аударылды», делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

БЖЗҚ деректері бойынша зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі 2022 жылғы 1 қаңтар мен 1 қыркүйек аралығында 694,7 млрд теңгені құраған таза инвестициялық табыс есебінен болды.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12 млн бірлікті құрады. Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылды, бұл - 10 907 012 бірлік. МКЗЖ есебінен қалыптастырылған шоттар саны - 581 410 бірлік, ЕЗЖ есепке алу бойынша ЖЗШ 346 793 бірлікке тең.

Сонымен қатар жыл басынан бері қор 1 триллион теңгеден астам қаражат төлеген. Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге бағытталған.

Жасына байланысты төлемдер 75,9 млрд теңгені, мұрагерлік бойынша төлемдер - 43,2 млрд теңгені, Қазақстан аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер - 34 млрд теңгені құрады, сақтандыру ұйымдарына шамамен 17,5 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер - 3,7 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер - 1,6 млрд теңге аударылды.

Сондай-ақ БЖЗҚ кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнеткерлік жасқа толуына байланысты) 29 859 теңгені, ал ай сайынғы ең жоғары төлем сомасы 707 326 теңгені құрағанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар