Білім • 27 Қыркүйек, 2022

ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕ АҚ зерттеу университеті мәртебесі беріліп, оқу ордасының 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді

Жоғары оқу орнын трансформациялау алдында университеттің ғылыми әлеуетін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді күшейтуге ерекше назар аударылды. Жалпы ЕҰУ әлемдегі зерттеу университеттерінің озық тәжірибесі негізінде заманауи ғылыми-өндірістік экожүйені дамытуды, оны бизнеспен және өндіріспен байланысты нығайтуға басымдық беріп отыр.

Университет тарапынан жүзеге асырылып жатқан даму бағдарламасының негізгі бағыттары – ғылыми және білім беру қызметінің интеграциясы, кадрларды даярлау сапасын арттыру, ғылымның, өнеркәсіптің және бизнестің байланысын нығайту, елдің әлеуметтік дамуына үлесті арттыру.

Университеттің ғылыми инфрақұрылымын кеңейту аясында Абай облысының Курчатов қаласында орналасқан «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ЕҰУ-ға берілді. Бұл Парк мамандарды даярлау, ғалымдардың зерттеулерін жүргізу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру алаңына айналады. Кәсіпорында студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге және ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіндік беріледі.

Университет белсенді түрде жеке бюджеті есебінен жас ғалымдардың үлесін арттырып, зерттеулер мен стартап-жобаларға университеттік гранттар бөлуге баса назар аударып отыр. Ғылым бойынша халықаралық коллаборацияны дамыту мақсатында шетелдік постдокторанттар үшін шәкіртақылар қарастырылған.

2020 жылдан бастап университетте жалақысы көтерілген және академиялық жүктемесі төмендетілген «оқытушы-зерттеуші» позициясы енгізілді. Биылғы оқу жылында мұндай мәртебені ЕҰУ-нің 20 жетекші ғалым-оқытушылары иеленді.

Сонымен бірге биыл қолданбалы зерттеулермен, нәтижелерді коммерцияландырумен айналысатын «зерттеуші-инноватор» деген жаңа позиция  енгізілді.

Жалпы университетте ғылымның қаржыландыру көлемі біртіндеп артып келеді. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемінің ұлғаюының арқасында 2 есе өсті.

Биыл ЕҰУ-нің жетекші ғалымдары 100-ден астам ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруда. Олар биология және биотехнология, ядролық физика, математика және ақпараттық технологиялар, химия және жер туралы ғылымдар, инжиниринг және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салаларындағы 31 ғылыми бөлімшенің және жетекші ғылыми мектептердің базасында жүргізіледі. Академиялық және университеттік ғылымды біріктіретін 6 ғылыми-білім беру кластері құрылған.

Бүгінгі таңда ЕҰУ-да ғылыми дәрежесі бар профессорлық - оқытушылық құрамның үлесі 67% - ды құрайды, ал ҚР-да ғылыми кадрлардың дәрежелілік орташа көрсеткіші 35% тең. Бұл ретте профессорлық – оқытушылық құрамның 40% - ға жуығы – 39 жасқа дейінгі жас ғалымдар. 2021 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің 50 ғалымы арасында университеттің 9 ғалымы «Үздік ғылыми кызметкер» сыйлығын иеленді.

Соңғы бес жылда ЕҰУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігі екі есеге артты. Мақалалардың жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. Университеттің жетекші ғалымдарының жарияланымдары сала бойынша жыл сайын әлемдегі ең көп сілтеме жасалатын 0,1% - ға кіреді.

Университетте Scopus, Web of Science және басқа да халықаралық мәліметтер базасына енгізілген 17 ғылыми журнал шығарылады.

Айта кетейік, биыл ЕҰУ QS World University Rankings 2023 халықаралық рейтингінде әлемнің үздік 300 университеттерінің қатарына еніп, 277-ші орынға ие болды. Соңғы үш жылда университет бұл рейтингте 141 саты алға жылжыды.