«АЛТЕЛ» компаниясы 4G LTE GSM желісін іске қосты. Ол смартфонда LTE технологиясы бойынша жоғары жылдамдықта деректер беруді пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ, дауысты қоңыраулар автоматты түрде GSM/UMTS желісіне көшірілетін болады.
«Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған» қазіргі заманда еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ұялы телефон ұстайтын болған. Ал сол ұялы телефон бүгінде сөйлесу ғана емес, ақпарат алмасудың барлық мүмкіндігін жүзеге асыратын ерекше құралға айналып отыр. Оған телефонда орналасқан симкарта (чип) мүмкіндік береді. Яғни, сол кішкентай чип арқылы ғаламторға қосыла аламыз. Иә, қарыштап кеткен ақпараттық технология ғасырының ғажайыбы көп-ақ. Ал оның бәрі жоғарыда аталған осындай компаниялардың жетістіктерінің нәтижесінде жүзеге асуда. «АЛТЕЛ» компаниясы ұсынып отырған 4G LTE GSM желісі, міне, осы интернет әлеміне еркін еніп, еліміздің кез келген түкпірінде отырып-ақ сапалы әрі арзан байланыс орнатуға мүмкіндік бермек. Атап айтар болсақ, Қазақстанда тұңғыш рет Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Шымкент, Өскемен қалаларында 4G/3G/2G технологияларын бір мезгілде қолдай алатын конвергентті желі тармақталып отыр. АЛТЕЛ ағымдағы жылдың қыркүйегінде республиканың барлық облыс орталықтарын желімен қамтиды. 2014 жылдың соңына қарай LTE/UMTS/GSM технологиясы негізіндегі байланыс Қазақстанның халық саны 50 000 адамнан асатын барлық қалаларында іске қосылатын болады.
«АЛТЕЛ» компаниясы 4G LTE GSM желісін іске қосу өткен аптада Астанадағы «Ріxos» қонақ үйінде салтантты түрде аталып өтілді. Оған Байланыс және ақпарат агенттiгiнің төрағасы Асқар Жұмағалиев қатысып, сөз сөйледі. Ол желінің іске қосылуы еліміз үшін үлкен жаңалық екенін айта отырып, бұл көрсетiлетiн қызмет сапасын арттырып, тарифтердi төмендетуге ықпал ететінін атап өтті. «Аталмыш технологияның ерекшелiгi – кең жолақты мобильдi интернет жылдамдығы 3G технологиясына қарағанда ондаған есе артық. Бұл – бүгiнгi күнi өте маңызды. Себебi, Қазақстан халқы жақсы интернет пайдалануға үйренiп алған. Олар жылдамдықтың одан да жоғары болғанын қалайды», дедi А.Жұмағалиев. Сондай-ақ, ол соңғы жылдары елімізде ұялы байланыс саласында орын алған оң өзгерістерге тоқталды. «Қызмет бағасы бірнеше есе арзандады, лимитсіз тарифтер ұсыныла бастады, интерконнект мөлшерлемесі 40-45 пайызға төмендеді, секундтық тарифтеуге толық көштік, 3G және 4G байланыс қызметтері енгізілді. Нарыққа төртінші GSM-операторының келуі байланыс саласындағы маңызды оқиғалардың бірі. Ал мына жаңа желі аталған саладағы бәсекелестіктің артуына, қызмет сапасының жақсаруына, тарифтің төмендеуіне ықпал етеді», деді агенттік басшысы. Сонымен қатар, келесі жылы байланыс операторын ауыстыру кезінде телефон нөмірін өзгертпеуге мүмкіндік беретін жаңа қызмет сынақтан өткізілетіні айтылды. Жаңа қызметті іске қосу «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасына енгізілген. Бұл қызмет мобильді байланыс нарығындағы бәсекелестікті дамытуға кезекті рет ықпал етпек.
«Абоненттің телефон нөмірін ауыстырмай келесі бір операторға ауыса алатынын ескерсек, компаниялар арасында клиент үшін таластың күшейе түсетіні белгілі. Бұл кезде тариф мөлшері мен қызмет сапасына басымдық берілетін болады», дейді А. Жұмағалиев. Атап айтқанда, ведомство тарапынан 2014 жылы Астана мен Алматы қалаларында ұялы байланыс желілерінің қолжетімділігіне, дауыс дыбыстарының берілу сапасына кезекті рет талдау жұмыстары жүргізілуде. «Талдау нәтижесіне сәйкес, байланыс операторларына базалық станциялардың санын көбейту, ұсынылып отырған қызмет сапасын жақсарту, желілерді ретке келтіру секілді өз ұсыныстарымызды беретін боламыз. Бұған қоса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің жаңа редакциясы жобасына пайдаланушыларға байланыс қызметін ұсынып отырған байланыс операторларын жауапкершілікке тартатын норма енгіздік. Жоғарыда айтып өткен шаралардың барлығы байланыс саласының дамуына оң әсер етеді деген сенімдемін», деп түйді агенттік төрағасы.
Ал «АЛТЕЛ» АҚ басқарма төрағасы Мақсұт Сауранбековтің айтуы бойынша, жаңа оператордың басты артықшылығының бірі жетекші ұтқыр операторлардың әлемдік тәжірибесі негізінде әзірленген бірегей тарифтік жоспарлар топтамасын ұсынуы болмақ. «АЛТЕЛ тарифтері түбегейлі тың ұсыныс болып табылады, біз бонус ретінде желі ішінде дауыс қызметтерін тегін ұсына отырып, интернетке қатынауға ғана төлем жасауды ұсынамыз», деді М.Сауранбеков.
Озық технологиялар мен жабдықтарға негізделген мультитехнологиялық желі бірқатар инновациялық функциялар мен әзірлемелерді пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Осылайша, АЛТЕЛ GSM/UMTS желісі жұмыс істейтін аймақтарда абоненттерге «HD-voice» технологиясы қолжетімді болып отыр. Техникалық жағынан алғанда салынған желі VoLTE технологиясы бойынша LTE үстеме дауыс қызметтерін ұсыну және LTE Advanced 4-ші буын желілері дамуының келесі қадамын іске асыру үшін дайындалған.
Өздеріңізге белгілі, АЛТЕЛ – «Қазақтелеком» АҚ еншілес компаниясы. Ол Қазақстан аумағында 1994 жылы бірінші болып ұтқыр байланыс қызметін көрсетуді бастаған. Иә, бұл – алғашқы ұлттық ұялы байланыс операторы.
Қазақстандағы тұңғыш ұялы телефондар осы желі арқылы байланысқа шыққан болатын. АЛТЕЛ деректер беру желісі «Қазақтелеком» АҚ оптикалық желісіне негізделген және IP технологиясымен салынған тірек желіні пайдаланады. Бұл желі сыйымдылығы мен деректер беру жылдамдығы тұрғысынан айтарлықтай артықшылықтар береді.
4G LTE GSM желісін іске қосу салтанатында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев те қатысып, компания жұмысына сәттілік тіледі. Ол екі оператордың ықпалдасқан қызметі жайлы айта келе, «бұл дегеніміз ұтқыр және тіркелген бизнес мүмкіндіктерін біріктіру, ол конвергентті өнімдерді, оның ішінде Quadroplay нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», деп атап көрсетті.Халыққа жаңа қызмет түрлерiн көрсететiн уақыт келiп жетті. Бiздiң компания бұл нарықта көшбасшылар қатарынан көрiнедi деп үмiттенемiз. Бұл – бiз үшiн үлкен қадам», дедi «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеев.
«АЛТЕЛ» АҚ өткен жылы еліміздің Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Өскемен және Шымкент қалаларында қамту аумағын кеңейту және жаңа буынның деректерді жіберудің LTE 4G желісін коммерциялық пайдалануға іске қосқан болатын. Ал Астана және Алматы қалаларында LTE 4G мобильді желісі 2012 жылғы желтоқсанда коммерциялық пайдалануға берілді, ал 2013 жылғы IV тоқсанында Алматының Есік, Қаскелең, Қапшағай, Талғар, Шамалған секілді көршілес қалаларында және қосымша Алматы облысының 30 елді мекенінде қолжетімді болды. Мұның бәрі Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында және Кеңжолақты деректер беруді стратегиялық дамыту бағдарламасын іске асыру аясында іске қосылды.
LTE 4G дегеніміз деректер беру жылдамдығын 100 Мбит/с дейінгі және одан да жоғары диапазонда (LTE Advance) қолдай алатын ұтқыр байланыс технологиясы. Бұл алдыңғы буын желілерінде қолжетімді болмаған мүлдем жаңа сервистердің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. LTE желісін әлемнің 100-ден аса елінде 288 ұтқыр оператор іске қосқан және оны пайдаланушылардың жалпы саны әлемде 200 млн. абоненттен асып жығылады.
LTE 4G жағдайында жеке пайдаланушылар үшін көп пайдаланылатын онлайн ойындарға қатысу, саналы секундтарда үлкен көлемді фото, аудио және бейне контентті жүктеу, HD форматында сұрату бойынша фильмдерді көру және тағы басқалары қолжетімді болады. Мемлекеттік жобалар аясында LTE технологиясы жоғары және орта оқу орындарында электронды білімді, денсаулық сақтау, көлік және логистика саласында жобаларды кең енгізуге мүмкіндік береді.
«Ел тұрғындары LTE желісін коммерциялық пайдалана бастағанмен бірге, ең заманауи LTE жабдығы 4G USB-модемдері және 4G Wi-Fi роутерлері, сонымен қатар, ALTEL 4G тарифтік жоспарлары қолжетімді болды. Енді міне 4G LTE GSMжелісін игеріп отырмыз. Бұл – үлкен жетістік», дейді «АЛТЕЛ» АҚ коммерциялық директоры Ирина Савина.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, «АЛТЕЛ» компаниясы 2003 жылдың желтоқсан айынан бастап сауда коммерциялық пайдалануға ұялы байланыс қызметі мен сымсыз Интернетке қол жеткізу мүмкіндігін ұсынушы үшінші буын технологиясы – CDMA 2000-1Х-ті іске қосқан еді. Ал CDMA стандарты Солтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сымсыз байланыс нарығында басым.
«АЛТЕЛ» Қазақстанда 3G ұтқыр жылдамдықты интернетінің қызметін де бірінші болып іске қосты. 2010 жылғы 29 наурыздан бастап Интернет желісіне жоғары жылдамдықты сымсыз қатынауды ұсынатын үшінші буынның технологиясы коммерциялық пайдалануына іске қосылды. Бұл абоненттерге кез келген уақытта және кез келген жерде интернетті жеңіл және ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда «АЛТЕЛ» компаниясы нарықта төрт брендті ұсынады.
Олардың бірі – Dalacom. Бұл қолданысқа 2003 жылы 10 желтоқсанда енді. Dalacom қызметі «postpaid» қағидаты бойынша ұсынылады. Мұндай есептеу тәртібімен абонент байланыс қызметін несиеге алып қолданып, оларды есеп мерзімінде төлеуі мүмкін. Ұялы байланыс операторы абонентке ай сайын қолданыстағы тарифтерге сәйкес шот шығарады. Ал екіншісі – PAThWORD. Ол қолданысқа 2004 жылы 13 ақпанда енді. Мұны серпінді және толыққанды өмір сүретін, іскер адамдарға арналған байланыс десек болатындай. Қызмет «prepaid» қағидаты бойынша ұсынылады. Осы есептеу тәртібі бойынша абонент ұялы байланыс қызметін оператордың шотына ұялы байланыс қызметіне жеткілікті ақша қаражаты түскеннен кейін ғана қолдана алады. Үшіншісі – City. Өз абоненттеріне қалалық нөмірді қолдана отырып ұялы байланыс қызметін ұсынатын, Қазақстан нарығына 2006 жылдың желтоқсан айында шығарылған жаңа жоба. City абоненттері Dalacom/PAThWORD нөмірлеріне, басқа ұялы байланыс операторларының нөмірлеріне, сонымен қатар, қалалық нөмірлерге қоңырау шала алады. Оған қоса, City нөмірінен қалалық телефондарға және қалалық телефондардан City нөміріне жасалған қоңыраулар тегін болып табылады. Қызметтің артықшылығы болып табылатыны оның желі аймағында болған жағдайда қалалық қоңырауларды үнемдеу мүмкіндігі. Мұнда да қызмет «prepaid» қағидаты бойынша ұсынылады. Осы есептеу тәртібі бойынша абонент ұялы байланыс қызметін оператордың шотына ұялы байланыс қызметіне жеткілікті ақша қаражаты түскеннен кейін ғана қолдана алады. Төртіншісі – JET. Оператордың қамту желісінде кез келген жерде кез келген уақытта қосылуды қамтамасыз ететін, интернетке жоғары жылдамдықпен ұтқыр қатынауды біріктіретін қызметтер жиынтығы.
Бүгінде бұл төрт байланыстың қолданыс көкжиегі кеңейіп келеді. Оған байланыс құнының арзандығы мен қызмет сапасының артуы себеп болса керек. Ал байланыс операторлары неғұрлым көп абонент жинаса, солғұрлым дамып, олардың одан әрі сапалы бола түсуіне мүмкіндігі арта берері сөзсіз. Алайда, бүгінде ел азаматтарының көпшілігі өздерінің үйренісіп қалған байланыс түрлерінен ажырағысы келмейтінін білеміз. Бірақ, қазір бәсекелес заманы, таңдау қашан да бар. Сондықтан кез келген тұтынушы әркез барлық мүмкіндіктерді салыстырып көріп жатса, құба-құп болар еді.
«АЛТЕЛ» АҚ басқарма төрағасы Мақсұт Сауранбеков 4G LTE GSM желісін іске қосу салтанатында сөйлеген сөзінің түйінінде: «АЛТЕЛ 20 жыл бұрынғыдай кезекті технологиялық прогресті бұзып-жарып, алға шықты. Біздің желі бір-бірінен мыңдаған шақырым алыс жатқан адамдардың достық қарым-қатынасын шексіз жалғайды. Мобильді технологиялардың ең маңызды қызметі – біріктіру, деп ойлаймын. Сондықтан біз одан әрі осы бағытта бар күш-жігерімізді саламыз», деген болатын. Әрине, әрдайым солай болғай. Біз де отандық компанияның үнемі алда болғанына тілектеспіз.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».