Енді ескі Қазақстаннан есті Қазақстанға бет бұратын уақыт келіп жетті. Сол жолда біз бірлігімізді көрсете білуіміз керек. Өйткені қай кезде де бірлік қымбат. Дәл қазір жер-жаһанды мекен еткен мемлекеттердің мазасы кетіп тұр. Шиеленіске толы геосаяси жағдай әлем елдерін әбігерге салған осы бір беймаза шақта біртұтас ел екенімізді көрсетуіміз қажет. Менің түсінігімде Президент айтқан Әділетті Қазақстан идеясы – өміршең. Өткенге зер сала отырып, болашақты бағдарлайтын уақыт туды. Президенттің тікелей басшылығымен жүргізіліп жатқан ішкі және сыртқы саясатымыз – ел тыныштығының кепілі. Сол бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауын 7 жылдық мерзімді қамтитын бір мерзімге қысқартқаны – құптарлық қадам. Осы орайда 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтетін болып бекіді.
Әлемде болып жатқан өзгерістердің бір парасы біздің елді сырт айналып өтпесі рас. Соғыс адамзатты тоздырады. Елді өркениет көшінен 100 жылға кері ығыстырады. Қай кезде де байбаламға салмай, сындарлы диалогке бет бұрған елдің, мәселені дипломатиялық жолмен ыңғайластыруға дағдыланған мемлекеттің мерейі үстем болады. Ол жағынан ешкімнен шет қалып жатқан жоқпыз. Қайта талай елге үлгі боларлық қадамдарымыз жетіп-артылады.
Бүгінде біз үшін татулықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Ал Әділетті Қазақстан идеясын іске асыру үшін қазақстандықтар жұдырықтай жұмыла білуі керек. Ел мұраты сынға түсетін кезеңде самарқаулық танытуға болмайды.
Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
Жамбыл облысы