Саясат • 28 Қыркүйек, 2022

Жаңа буын серпіні

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жастар саны – 500 мыңға жуық. Бұл көрсеткіш – еліміз бойынша алдыңғы орында. Облыс жастарының 82%-ы – ауыл жастары, 18%-ы – қала жастары. Яғни Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған әрбір бастаманың жастар үшін маңызы зор.

Жаңа буын серпіні

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атап көр­сет­кен Президент Жолдауында ең­бекпен қамтитын түрлі іс-шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беру қажеттігін нақтылады. «Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», деді Президент. Осы орайда айта кетелік, биыл Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 29 307 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Олардың басым көпшілігі «Жастар практикасы» және «Қоғамдық жұмыс» жобаларының аясында жүзеге аспақ. Ал жыл басынан бері өңірдегі 6 мыңнан аса жас тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Жас­тарға жан-жақты қолдау көрсету – мем­лекетіміздің басты міндетінің бірі» дей отырып, бірқатар маңызды мәселені шешу жолдарын ұсынды. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланы заманауи мектептермен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын азайтады. Тиісінше білім сапасы барлық деңгейде теңестіріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жоғары білім беру жүйесі бо­йынша ЖОО орындарына оқуға түсуге ҰБТ-да жинаған балына және басқа да көрсеткіштер бойынша 30-100 пайыз мөлшерінде гранттарды бөлу қарастырылатынын айтып өтті. Оған қоса студенттерге оқу ақысын төлеу үшін жыл­дық 2-3 пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша жаңа жатақханаларды мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Жолдауда айтылған агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілін әзірлеу – облыстағы ауыл жастарына жағымды жаңалық. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға жаңа мүмкіндік береді. Сондай-ақ жастардың мемлекеттік және жергілікті басқару орындарында, Парламентте немесе мәслихаттарда өз қарым-қабілетін көрсетуге, тың бастамалары мен идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндігі мол. Мысалы, күні кеше Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына үндеуінде сайлау ал­дындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгенін еске салды. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілгені айтылды. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады.

Президенттің жастарға жасайтын қолдауы нәтижесінде жоғары білімге қол жеткізу, кәсіби маман ретінде қалыптасу – мемлекет іргетасын қалайтын жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық саясаттың арасындағы тепе-теңдік сақталған. Мысалы, «балық берме, қармақ бер» принципі ескеріле отырып, ел болашағына арналған стратегиялық дамудың нақты бағыттары көрсетілген. Қарашада елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңі басталады. Бұл орайда жастар елімізді дамыту жолындағы өз жауапкершіліктерін сезініп, ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік тудыратын науқанда белсенділік танытатынына сенім мол.

 

Нұркен АРАЛБЕКОВ,

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы