Қоғам • 28 Қыркүйек, 2022

Өнегелі істерімен өріс кеңейткен

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғосман Төлеғұлмен достығымыз өткен ғасырдың 80-жылдары басталды. Ол – өмірде қақ-соқпен ісі жоқ, бар ойы мен мақсаты адамдарға адал болсам, соларға жақсылық жасасам, көмектесіп қолұшын берсем деп тұратын жүрегі жылы жандардың бірі.

Өнегелі істерімен өріс кеңейткен

 Туған жерінен табан аудармай еңбек етіп, жыры да, сыры да тек кіндік қаны тамған қасиетті Көкше өңірімен байланысты болды. Талай жауапты қызметтердің тұтқасын ұстады. Қазір қадірменді ел ағасы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Зеренді ауданының құрметті азаматы.

Ғосман Төлеғұлұлы елімізде, облыс, қала көлемінде болып жатқан түрлі өзгерістерге лайықты бағасын беріп, оң үдерістерге үлес қосу үшін өзінің күш-жігерін аямай жұмсап келеді және қажет кезінде көзқарасы мен ұстанымын батыл көрсете білетін қасиетке де ие азамат.

Бүгінде кезінде белгілі себептермен қасақана өзгеріске ұшыраған елді мекен, жер-су атауларын қайта қалпына келтірудің келешек ұрпақ үшін маңызы аса жоғары екені айтпаса да түсінікті. Кез келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы жер-су атаулары – топонимдері арқылы көрініс табатыны белгілі. Қазақ елінің жер-су атауларының әрбірі халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетіні баршамызға аян. Осы орайда Ғосман Төлеғұлдың еңбегі ерен.

Атап айтсақ, ол облыс көлеміндегі 144 елді мекен мен 1 717 көшенің қайта аталуына мұрындық болды. Соның ішінде, әсіресе шоқтығы биік, әлемдік деңгейдегі курорттық аймақтардың бірі болып табылатын Щучье ауданының Бурабай ауданы болып қайта аталуына көп еңбек сіңіргенін бөле-жара атап көрсеткен жөн. Сондай-ақ атадан балаға мирас болып дарыған ұлтымыздың сал-серілік дәстүрін ұстанған Көкше жерінде қаймана қазақтың мақтанышы, жезтаңдай әнші, сазгер Біржан сал Қожағұлұлының өшпес атын жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосты. Сөйтіп, шығу тегі белгісіз әрі түсініксіз Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып өзгертілді.

Мұның бәрінің айтуға ғана оңай, шын мәнінде, ұлан-ғайыр еңбек пен табандылықты талап ететін ауқымды шаруа екені анық.

 

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ

 

Ақмола облысы