20 Мамыр, 2014

Айтулы күннің ауқымды шарасы

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Түркі жазуы күні» атты халықаралық форум өткізілуде. Түркі академиясы ұйымдастырып отырған үлкен ғылыми жиынға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және өзге де түркітектес елдерден көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, депутаттар мен дипломаттар қатысуда.

Былтыр Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен комитеттің көшпелі отырысы өтіп, онда 18-ші мамырды түркі жазуы күні ретінде белгілеу туралы ұсыныс жан-жақты қаралған болатын. Нәтижесінде Мәжіліс мақұлдаған ұсынысты, Үкімет қоштап, 18-ші мамыр «Түркі жазуының күні» ретінде белгіленді. Ендігі жерде бұл күн еліміздің атаулы мерекелерінің қатарынан орын алмақ. Соған орай биыл тұңғыш рет халықаралық ауқымда жиын өткізілуде. Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбді­халықова қатысып, сөз сөйлеген жиынның пленарлық мәжілісінен соң ғалымдар «Түркі жазуы: өткені, бүгіні және болашағы», сонымен қатар, «Ортақ тарих: теориялық-методологиялық мәселелері» атты секциялар бойынша баяндамалар жасап, пікір алысты. Форум жұмысы бүгін де жалғасады. Бүгін Түркі академиясы, Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығымен меморандумға қол қоймақ. Сондай-ақ, жиын шеңберінде Түркі академиясының шығарған еңбектерінің таныстырылымын өткізу де жоспарланып отыр. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».