20 Мамыр, 2014

Қан айналым жүйесі аурулары туралы не білесіз?

3792 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда қан айналымы жүйесіндегі аурулар сырқаттанудың жалпы құрылымында және адам өлімі бойынша бірінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала жариялаған деректеріне  сүйенсек,  2030 жылға қарай әлемде шамамен 23,6 миллион адам жүрек-қан тамыры жүйесі дертінен, ең бастысы, жүрек аурулары мен инсульттан қайтыс болуы мүмкін. Айта кетейік, аурудың басты себебі жүрек және қан жүретін тамыр жұмысының бұзылуынан туындайды. Десе де, саламатты өмір сүру салтын қалыптастыра отырып, оның алдын алуға болады. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі патологиядан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету мақсатында бірталай жұмыстар атқаруда. Жасы 40-тан асқан тұрғындарды скринингтік зерттеулерден өткізу, азаматтарды дәрілік заттармен тегін қамтамасыз ету, диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін қолдану  оңтайлы нәтижелерін беруде. Ауруды ерте анықтау және жоғары технологияларды енгізу нәтижесінде 2013 жылы қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 14 пайызға төмендеді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастаған 3 жыл ішінде аурудың бұл түрінен болатын өлім-жітім 2 есе азайды. Еліміздің барлық өңірлерінде кардиологиялық орталықтар, ал ми инсульты бар науқастарға кешенді емдеу шараларын ұйымдастыру мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінде 40 инсульт орталығы ашылды. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 60 мың интер­венциялық араласу мен кардиологиялық ота (оның ішіндегі 11 мыңы ашық жүрекке) жасалады. Дәрігер-терапевт, жалпы, тәжірибелік дәрігерлер, кардиологтар мен кардиохирургтардың біліктіліктерін арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін одан әрі арттыру мәселелеріндегі басты бағыттың бірі – денсаулық сақтау үдерісін стандарттау. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде денсаулық сақтау саласындағы стандарттау ұғымына – денсаулық сақтау саласындағы стандарттау – стандарттар, талаптар, нұсқаулықтар, қағидаларды әзірлеу, енгізу, әрі олардың сақталуын қамтамасыз ету арқылы үрдістердің, медициналық технологиялар мен көрсетілетін қызметтердің сипаттамаларын ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет деп анықтама берілген. Сондай-ақ, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы кардиология және кардиохирургия саласындағы жетекші мамандармен бірлесіп,  халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын әзірледі. Басты мақсат – денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Стандартта кардиологиялық және кардиохирургиялық аурулары бар пациенттерге, сондай-ақ, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге, т.б. медициналық-санитариялық алғашқы көмек, жоғары мамандандырылған  медициналық көмек көрсетудің тәртібі мен шарттары жазылған. Денсаулық сақтауды стандарттау еліміздегі меди­циналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарына барынша жақындатып, денсаулық сақтау саласын дамытуға, өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді. Жазира  ИМАНОВА, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы  денсаулық сақтау стандарттарын әзірлеу бөлімінің басшысы.