Бұл күнде өндірісті аймақтағы қалалар мен елді мекендер апта сайын дүр жаңарып, жайнап салып жүр деуге болады. Көгілдір көктем нұрын шашқаннан бергі уақытта үзбей өткізіліп жатқан сенбіліктер қоршаған ортаның көркі шырайлануын жалғастырып жатыр.
Осынау тамаша шараға жұрттың жаппай белсене атсалысуы үлгілі үрдіске айналған. Облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің де әрдайым көпшілікпен бірге ағаш отырғызып, қатардан қалыспауы үйреншікті қалып.
Кезекті сенбіліктің бір шаруасы Қарағандыдағы Мұз айдыны сарайының айналасын көріктендіруге арналды. Жан-жағы жиналып, тазартылған осы жерде егілген Алатаудың 100 шыршасы ажарын ашып, желкілдей өсіп, тамыр жаймақ.
1 сәуірден бастау алған көгалдандыру іс-шарасына өңір бойынша 200 мыңнан астам адам қатысып, 18 мың гектар аумақты жан жадыратарлық келбетке енгізді. Жылдағыдай көшелер мен аулалар бойы, саябақтар өскін жасыл желектермен толығып жайқалды. Биылғы көктемде 20 мың ағаш түбі мен қылқан жапырақты бұталар отырғызылды. Алды бусана бүрлеп, төңіректі құлпырта түсіп келеді.
Мамыр аяғына дейін сенбіліктер осымен аяқталмайды. Егілген көшеттерді күтіп-баптауға, тазартылған айналаны қалпында ұстауға бағытталған «таза бейсенбілер» өткізіп тұрумен жалғасады.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.