Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2022

Мәулен Әшімбаев: Үш алыптың шығармаларын дәріптеуге мән берген жөн

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы Фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Үш алыптың шығармаларын дәріптеуге мән берген жөн

«Бүгін халқымыздың ұлы перзенті, заңғар жазушы, даңқты қаламгер Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Әдебиетіміздің тағы бір алыбы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртаза да көзі тірі болса дәл осы күні 90 жасқа толар еді. Сондай-ақ бүгін Шерағаңды ұстаз тұтып, соңынан ерген суреткер, көп оқырманның сүйікті жазушысы Оралхан Бөкейдің туған күні. Сондықтан 28 қыркүйекті қазақ әдебиетінің күні десек, артық бола қоймас», деп жазды Мәулен Әшімбаев. 

Сондай-ақ Сенат Төрағасы көрнекті тұлғалардың шығармалары жайлы пікір білдірген. 

«Жалпы Әуезовті оқу арқылы біз Абай айтқан ойдың тереңіне бойлаймыз. Шерағаңның шығармалары мен ой-толғамдарынан ұлттық рухтың айбарлы үні естіледі. Ал, Оралханның туындыларынан қаз-қалпындағы қазақы болмысты көреміз. Сол себепті үш алыптың шығармаларын дәріптеуге, әсіресе, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға баса мән берген жөн. Бұл – ұлттық мүдде тұрғысынан да аса маңызды қадам.

Бүгінгідей атаулы күнде тілеген дұғаларымыз қабыл болсын. Жазушыларымыздың рухтары шат болып, мұралары мәңгі жасай берсін», деп жазылған жазбада.