Медицина • 28 Қыркүйек, 2022

Иммун тапшылығы алаңдатады

419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АИТВ-инфекциясы созылмалы аурулар санатына өткеніне қарамастан, дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесі мен халықаралық ұйымдардың күш-жігері жетпей келе жатқан мәселе бар. Бұл – АИТВ жұқтырып алған азаматтарды қоғамның алалауы. Өкінішке қарай, мұндай көзқарастың қалыптасуына ақпараттандырудың аздығы да әсерін тигізді. Егер бұл дерт туралы қоғам жан-жақты ақпарат алса, АИТВ жұқтырғандарға әлеуметтік желілерде буллинг жасалып, өмірден түңілдіретін жазбалар пайда болмас еді.

Иммун тапшылығы алаңдатады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондықтан тиісті мекемелерге жұмысты әрі қарай жалғастыруға тура келеді. Ел Үкіметі АИТВ-инфек­циясының таралуына жол бер­меу амалдарын жүйелі түрде атқарып отырғандықтан, ДДҰ бағалауы бойынша елімізде бұл жұқпалы дерт шоғырланған сатыда сақталған. Елімізде АИТВ-ахуалды 28 мыңға жуық адам есепте тұр. Алматы қаласында да АИТВ инфекциясының таралуы шо­ғырланған сатыда деп есеп­те­леді.

Қазақстанда ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы бар. Бұл АИТВ инфекциясының алдын алу, тестілеу, емдеу мен күтімді қамтамасыз етеді. 2021 жылы Қазақстан АИТВ-инфекциясына қатысты стигма мен кемсітушіліктің барлық көзін жою жөніндегі Жаһандық серіктестік бастамасына қосылды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі АИТВ-ахуалды азаматтарды әлеуметтік және құқықтық тұрғыда қорғауға кепілдік береді.

«Қазақстан – зайырлы мемлекет, сон­дықтан кез келген кеселге душар бол­ған­дарға қатысты кем­сітушілікке жол бе­рілмейді. Жұрт­тың сырт ай­налуынан қорық­қан­дықтан да адам­дар тестілеуден, емделу­ден қорқады, өзгелермен қарым-қатынасын шектеп, өмір­лік жоспарларын тоқтатады. Сон­дықтан АИТВ саласындағы с­тигма мен кемсітушілікпен күре­се­тін және ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегия­сын іске асыратын үкіметтік емес ұйымдарға, азаматтық бел­сен­ділерге қолдау көрсетеміз», дейді Қазақ дерматология және инфек­циялық аурулар ғылыми орта­лығының директоры Асылхан Әбішев.

Осы арада тоқтала кететін жайт, аталған орталық 2022 жылдың 8 айында РФ азаматтарын қоса есеп­тегенде, елімізге көші-қон ле­гінің ұлғаюына байланысты АИТВ-инфекциясы бойынша эпи­де­­миялық жағдайдың нашарлауы байқалмағанын мәлімдеді. Ма­ман­дардың сөзіне сүйенсек, адам им­мунтапшылығы вирусының COVID-19 сияқты ауа тамшыларымен берілмейтінін және кодекс бо­йынша шетелдік азаматтар, соның ішінде Ресей Федерациясының азаматтары да АИТВ-ин­фекциясы үшін жасырын немесе құпия түрде тегін тестілеуден өтуі мүмкін екенін ескерсек, карантин шараларын енгізудің қажеті жоқ.

Жуырда Алматыда АИТВ жұқ­ты­ру жолдарына қатысты жиын өткен болатын. Өйткені мегаполис АИТВ инфекциясының таралуы бойынша республикада алтыншы орында тұр. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дә­рігерінің ұйымдастыру-әдіс­те­мелік және эпидемиологиялық мәсе­лелері жөніндегі орынбасары Альфия Денебаева АИТВ инфекциясы таралуының ең жоғары статис­тикасы Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақ­стан мен Қостанай облыс­тарында тіркелгенін, ең төменгі көр­­сеткіш Қызылорда облысында бай­қа­латынын жеткізді.

ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы жыл сайын Алматы тұр­ғындарының 16-17%-ын АИТВ-ға тек­середі, бұл – шамамен 350 мыңдай ла­бораториялық зерттеу.

Альфия Денебаева инфекцияның таралу түрлері туралы айта келе: «Соңғы жылдары жалпы елде, оның ішінде Алматы қаласында да АИТВ-ның жыныстық жолмен берілу жағдайларының көбейгені байқалды. 2013 жылғы 63%-дан 2022 жылы 78,6%-ға дейін өршіді. Оның ішінде Алматы қаласында барлық анықталған жағдайдың 16,8 па­йызы жыныстық (гомо) жолмен берілген. Инъекциялық есірткі қолдану арқылы жұқ­тыру 15%-ды құрайды», деп нақтылады.

Қазіргі уақытта елімізде ем-дом диагноз қойылғаннан кейін бір­ден басталады және тегін көрсе­тіледі. Биылғы 1 қыркүйектегі деректерге сәйкес, Алматы қалалық ЖИТС орталығында 4 009 адам диспансерлік есепте тұр. Жыл сайынғы өсім 10-11%-ға жетіп отыр. Антиретровирустық терапияны АИТВ-мен өмір сүретін 3 658 адам қабылдайды. Бұл есепте тұрғандардың 91,2%-ы. АРТ емінің тиімділігі 85%-ды құрайды.

 

АЛМАТЫ