Бұл орайда Қазақстанда алғаш рет «Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша Ұлттық жобасы» дайындалды. Аталған жоба еңбек өнімділігі мен агроөнеркәсіп кешені өнімдері экспортын екі есе арттыру және халықты әлеуметтік мағынасы бар отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекелестікке қабілетті Агроөнеркәсіп кешенін құруды қарастырады.
Биылғы отандық ғылымдағы басты жаңалық – Президент әлі де түйткілді мәселелер жеткілікті екенін, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін Академияның мәртебесін өзгерту сияқты басымдықтарға назар аудару қажеттігін, университет ғылымын нығайту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ғылыми-техникалық дамуды тиімді ұзақмерзімді жоспарлаудың керектігін тілге тиек етті.
«Академия ғылыми ой орталығына және сараптама қызметін жүзеге асыратын беделді құрылымға айналуға тиіс. Оның рөлін арттыру біз үшін өте маңызды. Осыған байланысты Академияға мемлекеттік мәртебе беріледі, ол бюджеттен қаржыландырылады. Қазірдің өзінде орындалып жатқан міндеттермен қатар, басқа да мақсаттар нақты айқындалуға тиіс. Атап айтқанда, дәл осы құрылым ғылыми-зерттеулердің басым бағыттарын айқындауға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде еліміздегі жаңа Ғылым және жоғары білім беру министрлігінің құрылуын отандық ғылымға аса көңіл бөлінген мемлекет саясатындағы үлкен серпіліс деуге болады. Бұл отандық жоғары білімді кадрлардың ғылымды дамытуға және ғалымдардың ынта-жігерінің артуына, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына ықпал етеді деп сенеміз.
Президент ғылыми-зерттеу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдарды тартуды және жергілікті ғылым бірінші кезекте өңір экономикасының назарында тұрған мәселелерді шешуге бағытталуы қажеттігін де ойдан тыс қалдырмады. Бұл ретте облыс және қалалық әкімдіктер өте маңызды және болашағы бар ғылыми жобаларды қаржыландыруға бет бұруда және ол жобалардың келешекте сол аймақтың экономикасын арттыруға ықпал ететініне сенімді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында Үкімет ғылыми қызметке гранттар бөлуде және ғылыми әзірлемелердің шын мәнінде тұрақты табысты жобаларға айналуы үшін ғылыми қоғамдастық жергілікті атқарушы органдар мен агро және кәсіпкерлік құрылымдар тығыз байланыста жұмыс істеуде. Қазақстанның болашағын ауыл шаруашылығы мен бүкіл агроөнеркәсіп кешенін дамытпай, демек тиімді аграрлық ғылымсыз елестету мүмкін емес. Агроөнеркәсіп кешені елдің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты да айқындайды.
Осыған орай Қазақстанның оңтүстік-батыс өңірінде ауыл шаруашылығы қорларын тиімді пайдалана отырып, саланы одан әрі дамыту, алынатын өнімдердің сапасын арттыру, оны жоғары деңгейде өңдеу өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Жинақталған ғылыми жетістіктер мен инновациялық технологияларды пайдалана отырып, агроөнеркәсіптік кешенде тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ғана емес, сонымен қатар оның сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде жалпы қоғамның әл-ауқатына әсер етеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ғылыми қоғамдастықтың Әділетті Қазақстан немесе Екінші Республиканы құруға белсене атсалысатынына, сондай-ақ еліміздің осынау маңызды және тарихи кезеңінде үлкен жауапкершілік көрсететініне сенім білдірді.
Бұл тұрғыда еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуды ғылыми қамтамасыз етуде жаңа бағыттарға бет бұрып, ел Президентінің Әділетті Қазақстан құру саясатын қолдай отырып, еліміздің аграрлық ғылымын одан әрі дамыту және сапалы, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында аянбай еңбек етіп, үлестерін қосуға дайын.
Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,
«Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы
ШЫМКЕНТ