Қаржы • 29 Қыркүйек, 2022

Необанк не банк?

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандағы қаржы жүйесі, оның ішінде банк секторы үлкен өзгерістердің табал­дырығында тұр деуге болады. Оған себеп – қазіргі жүріп жатқан үдерістер. Сектордағы трансформациялар біртіндеп дамудың жаңа кезеңіне өтеті­ні­мізді, ал бұл ауқымды өзгеріске бастайтынын білдіреді. Қазір елімізде 22 банк бар, оның барлығы болмаса да біразы экожүйелерін белсенді жетілдіріп жа­тыр. Себебі цифрлы трансформациясыз халық қажетін өтеу мүмкін емес бо­лып барады.

Необанк не банк?

Секторға тағы бір банк қосылмақ. Бірақ бұл дәстүрлі стандарттарды қам­тымайтын, необанк болмақ. Алма­тыда өткен Kazakhstan Growth Forum-да Astana Group компаниясының негізін салушы, белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұлов осы туралы айтты.

«Біз компаниямыздың бан­кін тіркеуге өтініш береміз. Ол MyBank деп аталады. Бұл – виртуалды необанк. Онда классикалық қаржы институт­та­рын­да­ғыдай есептеу-кассалық жүйесі, депозит, инкассация болмайды. Ол негізінен автокөлік, көлік бөлшектерін сатып алушыларды несиелеумен айналысады. 30 жылдық оффлайн-бизнестен кейін жаңа аймаққа қадам басу, бәсекелесуге тыры­су және қаржы техникалық, банк секторындағы әріптестермен синергия құру біз үшін қызық. Біздің Mycar микроқаржы ұйымымыз өте табысты дамып келе жатыр. Біздің ойымызша, необанк құру компанияның органикалық өсіміне оң ықпалын тигізеді. Өйткені қорландыруға әбден тірелдік: барлық банктен қанша бере алғанынша сонша кредит алдық, займ сомасы миллиард долларға таяп қалды. Банктер одан әрі бізді қорландыра алмайды», деді бизнесмен.

Оның айтуынша, банктің экожүйесі автосүйер қауымға лайықтап жасалмақ.

«Біз бәрін бір терезеде жасағымыз келеді. Бірақ МҚҰ-да мұндай лицензиялар жоқ. Реттеуші біздің банк құру тура­лы өтінішімізді қарайды деп сенемін. Біз банк сатып алуды да қарастырып көрдік, бірақ ол ақылға сыйымсыз болып шықты. Банктер – әмбебап, оларда көптеген перифериялық дүние бар. Ал біз необанк құрғымыз келеді», дейді Н.Смағұлов.

Astana Group президентінің кеңесшісі Әлішер Елікбаевтың айтуынша, Mybank.kz цифрлы банкі – заманауи цифр­ланған, технологиялық банк. Онда бө­лім­ше­лер, сақтау қоймалары, сондай-ақ кор­по­ра­тив­ті клиенттерді кредиттеу жүйесі болмайды.

«Банк бірінші кезекте автокөлік жүргізушілері үшін құрылады. Необанк цифрлық сервис көмегімен автокредит ұсынады, ал мобильді қосымша арқылы бірнеше рет төлем, аударым, конвертация және депозиттік операциялар жасай беруге болады. Бұл банкті құру Mycar.kz экожүйесін дамытудың заңды жалғасы болып саналады. Қаржылық реттеуші мақұлдаған жағдайда банк шамамен 2023 жылдың бірінші жартысында ашылады деп жоспарланып отыр. Өтінімді 2022 жылдың соңында береміз», деп жазды Елікбаев өзінің телеграм арнасында.

Необанк – банк қызметін тек цифр­лы форматта мобильді қосымша немесе сайт арқылы ұсынатын қаржылық-техникалық компания. Көрші Ресейде ондай банк алғаш рет «Тинькофф банк» атауымен 2006 жылы ашылды. Бірақ Батыс елдеріндегі необанктердің ықпалы мен бизнес-моделі өзгеше және тартымды екенін мойындау керек. Қазір мұндай цифрлы банктер жаһандық қаржы жүйесінде өз орнын ойып тұрып ала бас­тады.

Олар негізінен екі топқа бөлінеді, алғашқылары – банктің барлық функциясын еркін атқаратын лицензиясы бар қаржы ұйымы. Екіншісі – офлайн-банктермен серіктестік орнатқан және өз клиенттеріне онлайн-сервис ұсынатын делдал необанктер. Әлем бойынша необанктер саны 300-ге жуық­тайды, ал сегменттегі лидер – Ұлыбритания. Біріккен корольдікте 37 необанк жұмыс істейді. Мәселен, британиялық Revolut необанкі биыл украиналық босқындарға арнап 250 мың шот ашты және украиналық банктердің шоты бойынша жүргізілген операциялардан комиссияны алып тастады. Ал клиенттер базасы ең ауқымды онлайн қаржы институты – бразилиялық Nubank необанкі. Аталған банкте қазіргі уақытқа дейін 30 млн-нан астам шот ашылған. Америка Chime необанкі ең бай онлайн банк саналады, оның капиталдану қоры 14,85 млрд долларға жеткен. Ықпалды нео­банктер қатарында франциялық Qonto да бар. Оның қызметі қазір Франциядан бөлек, Испания, Италия, Германия елдерінің бірнеше қаласында тұтынушыларға ұсынылып жатыр. Өз тарихын 1973 жылдан алатын малай­зиялық Kenanga инвестициялық онлайн банкі өзінің цифрлық жолын бес жыл бұрын бастаған. Қазір компания біршама күшейді және жапониялық Rakuten коммерциялық электронды компаниясымен серіктестік орнатты. Екеуі бірігіп акция саудалаушылар үшін Rakuten Trade қосымшасын іске қоспақ.

Жалпы алғанда, необанк – заманның талабы. Алайда көптеген маман мен сарапшы заманауи толық цифрлы банктің бәрібір дәстүрлі банктерден асып түсе алмайтынын айтады. Өйткені дәстүрлі банктерде бір артықшылық бар, олардың қызметін оффлайнда да, онлайнда да тұтынуға болады. Оның үстіне қазір классикалық бағыттағы банктер өздерінің экожүйесін, мобильді қосымшасын белсенді түрде жетілдіріп жатыр. Қазір бұл бағыттағы бәсекені өте озық деңгейде жүруде деп бағаласақ болады. Сондықтан тек онлайн сервис­пен шектелетін необанктердің клиент базасы, капитал жинау көрсеткішінің дәстүрлі банктерден асып кете қоюы расында неғайбыл. Бірақ біз қазір алды-артымызды болжап болмайтын, уақыт тудырған құндылықтар мен үрдістерге ілесіп қана өмір сүре алатын кезеңдеміз. Сондықтан қай нәрсені де кесіп айту қате болмақ. Бәлкім, жаңа құрылатын необанктер белгілі бір салада қызмет көрсетіп қана бәсекеге қабілетті бола алатын шығар. Оны да уақыт көрсетеді.