Мұндай үй 4 педагогке Саран мен Ақтас қаласынан бұйырып отыр. Білім басқармасының меншігінде бұл екі қалада 24 пәтер бар. Ал енді ғана пәтерлі болғандар арасында жас мамандармен бірге сұранысқа ие мұғалімдер де бар екенін айтады Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Қызметтік пәтерге қатысты өтініштер арнайы тұрғын үй комиссиясында қаралды. Барлығы 7 өтініш келіп түскен. Комиссия отырысынан соң 4 өтініш мақұлданып, пәтер иелерімен келісімшарт жасалды.
«Білім-инновация №2» лицейінде тарих пәнінен сабақ беретін Перуза Жайықбаева – қызметтік пәтер алған мұғалімнің бірі. Оның еңбек өтілі 18 жыл екен. Бұған дейін 15 жылға жуық пәтер жалдап келіпті.
– Мен Қызылорда өңірінің тумасымын. Қарағандыға 2007 жылы көшіп келдім. Көп жылдан бері балаларыммен үй жалдадым. Оңай емес, әрине. Пәтерді жалға берушілер жиі төлемдерін өсіріп жіберетін. Тіпті кейде ескертпестен тұрып жатқан үйімізді сатып жіберген кездер де болды. Қызметтік пәтер берілгеніне қуаныштымын. Енді тек коммуналдық қызметтер ақысын төлеймін. Бұл – мұғалімге үлкен көмек, – дейді Перуза Жайықбаева.
Бүгінде білім басқармасының меншігіндегі барлық қызметтік пәтер ұстаздарға берілгенін атап өткен жөн.
Қарағанды облысы