Шарайна
14 мамыр күні басталған Балкандағы нөсер жаңбыр сарапшылар үшін де, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар үшін де естен тандыратын оқиғаға айналды. Өзендердің жағалаулардан шығып кетуі салдарынан орасан зор аумақ су астында қалды.
Көптеген үйлерді, жолдар мен көпірлерді лай көшкіні шайып кетті. Келген шығын есептеліп жатыр. Сербияның астанасы Белград қаласы жанынан салынған аса көркем Обреновац серік-қаласы толықтай су астында қалды. Мұндай табиғат апаты аталған өңірлерде бақылау жүргізіліп келе жатқан 120 жыл бедерінде орын алып көрмепті.
Қара теңізге АҚШ крейсері кіреді
Американың зымырандық крейсері «Велла Галф» алдағы жұма күні Қара теңіз акваториясына кіретін болады. Бұл туралы кеше ИТАР-ТАСС-қа әскери-дипломатиялық дерек көзі хабарлаған. Корабль өз міндетін теңіздің шығыс бөлігінде орындайды деп жоспарланыпты.
Бұған дейін корабль 9 мамырда келеді деп күтілген екен. Бірақ бұл жоспар кейінге шегеріліпті. Ресейде Жеңіс күні аталып өтіп жатқан тұста Қара теңізге әскери крейсер әкелу этикалық жағынан мүлдем жараспайды деп шешілсе керек. Ал АҚШ тарапы осы әрекеті арқылы Украинаның жаңа билігінің іс-қимылына қолдау көрсетпек ниетінде көрінеді. «Велла Галф» қанатты зымырандар мен кемелерге қарсы зымырандар орнатылған әскери кеме болып табылады.
Қытайға газ Еуропа бағасымен
Қытайға сатылатын Ресей газының бағасы 1 текше метріне шамамен 350-380 доллар болады. Бұл туралы «Газпромдағы» дерек көзі «Известия» газетіне хабарлаған. Ресей президенті Владимир Путиннің Шанхайға осы жолғы сапары барысында келісімге қол қойылады деп күтілуде.
Келісім бойынша Ресей Қытайға 30 жыл бойы газ сататын болады. Сатылатын газдың жыл сайынғы көлемі 38 миллиард текше метрді құрайды деп жоспарланған. Осылайша Ресей өзінің табиғи байлығын Қытайға Еуропа бағасымен деңгейлес ақшаға сататыны белгілі болып отыр. Мәскеу бұл келісімнен шамамен 400 миллиард доллар табыс көрмек.
Өзбекстанда Ресей азаматы қамауға алынды
Өзбекстанда Батыс-Орал машина жасау концернінің президенті Александр Поздеев қамауға алынған. Оған концернде жүзеге асырылған келісімшарттардың құнын аспандатып жіберген деген айып тағылып отыр. Концерннің Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан жобаларының жалпы құны шамамен 200 миллион долларды құрайды екен.
Концерннің сайтында келтірілген ақпараттарға сәйкес, Өзбекстанда 2007-2014 жылдар аралығында жасалған және жүзеге асырылған келісімшарттардың портфелі 280 миллион долларды құрапты. Поздеев Өзбекстанның бас прокуратурасына жауап беруге шақырылғаннан кейін артынша тұтқындалған. Ресей елшілігі концерн президентінің тұтқындалу себебін анықтауға кірісіпті.
Жағалау күзетін таратқанды жөн көрді
Оңтүстік Кореяның президенті Пак Кын Хе кеше халықтан кезекті мәрте кешірім өтінді. Бұған суға батып кеткен «Севоль» паромындағы көптеген адамның көз жұмуы және құтқару операциясының қанағаттанғысыздығы себеп болды. Болған оқиғаға мен жеке-дара жауаптымын, деген өзінің сөзінде Пак Кын Хе.
Сондай-ақ, президент елдің жағалау күзетін таратып, оның орнына ұлттық қауіпсіздік министрлігін құруға уәде берді. Жаңа министрлік із-түзсіз кеткендерді іздестіруді жалғастыратын болады. Оның сөзіне қарағанда, егер теңіз полициясы үйлесімділік танытқанда көптеген адамдарды аман алып қалуға болатын еді. Бортында 476 жолаушысы бар аталған паром 16 сәуірде суға батып, 286 адам қаза тапқан болатын.
30 тонна кәріптас жасырылған қойма
Ресей ішкі істер министрлігі мен федералды қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Калининград облысындағы Балтийск қаласында кәріптастың (янтарь) аса ірі көлемі жасырылған құпия орынды тапқан. Қойма екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс форты болған аумақта орын теуіпті.
Полицейлер жалпы салмағы 30 тонна болатын кәріптас салынған 1300 қапшықтың үстінен түскен. Қымбат тасқа ешқандай құжат ұсынылмаған. Ал тінту шаралары «Амбер-плюс» компаниясының директоры Виктор Богданға қатысты қылмыстық іс қозғау аясында жүргізіліпті. Оған 350 миллион рубльден астам сомадағы қосымша құн салығын заңсыз пайдаланды деген күдік келтіріліп отыр екен.
Қысқа қайырып айтқанда:
Лаостың вице-премьері, ұлттық қорғаныс министрі Дуангчай Пхичит және кем дегенде тағы екі адам елдің солтүстік-шығысында әуе апатынан қаза тапты. АН-24 ТК-300 үкімет ұшағы Сиенг Куанг таулы провинциясында апатқа ұшыраған.
Қарулы жасақтың Малидің солтүстігіндегі Кидаль қаласына шабуылы кезінде 30 шенеунік ұрлап әкетілсе, 23-і зардап шеккен. Билік оқиғаға жауапкершілікті «Азабаданы азат етудің ұлттық қозғалысы» тобының мойнына артып отыр. Малидің солтүстігінің тұрғындары ондаған жылдар бойы тәуелсіздік үшін күресіп келеді.
Колумбияда автобустағы өрт салдарынан 32 бала қаза тапқан. Көлік шіркеуге бара жатқан жолда отқа ораныпты. Ел президенті Хуан Мануэль Сантос қаза тапқан балалардың отбасына көңіл айтты. Оқиға орын алған Фундасьон қаласының мэрі Стелла Дюран оншақты балаға медициналық көмек көрсетілгенін де айтады. Бірақ одан қайыр болмаған.
Латвияда ел тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет ірі әскери-жаттығулар басталды. Маневрлер құрғақта да, суда да ұйымдастырылып, екі кезеңде өтетін көрінеді. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің деректері жаттығуларға 2,2 мыңнан астам әскери қызметші қатысатынын көлденең тартады.
Ресейліктердің 7 пайызы ешқашан мұражайларда болып көрмепті. Мұны кеше жарияланған сауалдаманың нәтижесі көрсетіп берген. 2009 жылы мұражай көрмеген азаматтар елде 20 пайызды құраған екен. Осылайша соңғы бес жылда ресейліктердің мәдени деңгейі әжептәуір өскені байқалады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.