20 Мамыр, 2014

Тиімді ынтымақтастыққа әзірлік

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ Жоғарғы комиссары Басқармасының Орталық Азиядағы Босқындар ісі бойынша жақында тағайындалған аймақтық өкілі Барнард Дойльмен кездесті. Жүздесу барысында аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты кең көлемде пікір алмасылды. – Қазақстан БҰҰ Жоғарғы комиссары Басқармасының Орталық Азиядағы Босқындар ісі бойынша тиімді ынтымақтастыққа аймақтық деңгейде дайын. Соның бір көрінісі өткен жылы маусым айында Алматыда халықаралық көші-қон және босқындарды қорғау мәселесі бойынша бірлесіп өткізілген министрлік конференциясы болып табылады, – деп атап өтті өз сөзінде М.Әшімбаев. Б.Дойль өз кезегінде Қазақстанның Орталық Азия аймағы мен әлемдік деңгейдегі рөлін айырықша бағалап, ел тәуелсіздігін алғалы аз уақытта жеткен осынша жетістіктер ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті сақтаудың, жақсы заңдар мен тиімді басқаруды жетілдіріп отырудың нәтижесі екендігін атап өтті. Тараптар Орталық Азия елдерінде тұратындардың, оның ішінде Ауғанстандағы босқындар мәселесін шешуде жаңа жолдарды іздеу бағытында күш біріктіру қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді. Б.Дойль Қазақстанның Ауғанстанға көрсетіп отырған жан-жақты ізгілікті және қаржылай көмегі сол елдің тұрақтылығына үлкен көмек екенін жеткізді. Сонымен қатар, қазақстандық ЖОО-лардың ауған студенттерін стипендиялық бағдарламамен оқытып жатқандарына тоқталды. Кездесу қорытындысында М.Әшімбаев мейманға ынтымақтастыққа деген ықыласы мен әзірлігі үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.