Білім • 29 Қыркүйек, 2022

Университет 2026 жылға қойған межеге мерзімінен бұрын қол жеткізді

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 8 оқытушысы өткен оқу жылында еліміздегі «Үздік оқытушы» атағын иеленсе, 11 оқытушы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанған. Биыл университетті таңдап, мемлекеттік грант иегері атанған студенттердің саны артқан, яғни 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда грант саны 18% өскен, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Университет 2026 жылға қойған межеге мерзімінен бұрын қол жеткізді

Бұл деректерді университет ректоры Жанар Темірбекова  2021-2022 оқу жылында атқарылған іс-шаралар туралы ұжымның және қоғам алдында берген есебінде келтірді. Түркістан облысының құрметті азаматтары, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, университет ұжымы мен студенттер қатысқан есептік жиында Жанар Темірбекова академиялық, ғылым, медицина, әлеуметтік, шаруашылық және өзге де бағыттарда атқарылған ауқымды шаралар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, 2021-2022 оқу жылында бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура деңгейін қоса алғанда, 21 білім беру бағдарламасы жаңартылған. Білімнің қайнар көзі – университет кітапханасының қорын толықтыру үшін бюджеттен 61 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жаңа оқулықтар сатып алынды. Сондай-ақ электронды кітапхана жүйесінің жұмысы жандана түскен. Жеке клиникасы бар бірден-бір оқу орнындағы клиника-диагностикалық орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, дәрігерлердің білімін арттыру үшін шетелге  жіберу жұмыстары жыл бойы жүрген.

Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде білім ордасы Quacquarelli Symonds (QS) Emerging Europe and Central Asia (EECA) University Rankings рейтингінде  бірден 45 позицияға алға жылжып, 2020 жылғы 175-ші орыннан 2021 жылы 130-шы орынға көтерілді. Сондай-ақ алғаш рет Qs World University Rankings 2023-ке алғаш рет еніп, 714-ші орынға жайғасты. Осылайша, университет 2026 жылға қойған межеге уақытынан бұрын қолжеткізді. Өткен оқу жылында шаруашылық қызметтін реттеуге де көп мән берілген. Университет ғимараттары мен жатақханалардың шатырлары тозығы жетіп, ішке су өтетін болғандықтан, 40 жылға жарамды жаңа материалдармен қайта жабылды. Студенттер үйінің біреуі толық жөндеуден өтіп, жиһаздары жаңартылса, тағы біреуі жартылай жөндеуден өткен. Бұдан өзге де жөндеу, тозған материалдарды қайта жаңғырту жұмыстары көп.

Жалпы, университетте бір жылда атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Мұны ректор есебін тыңдауға келген құрметті қонақтар мен оқытушылар да атап өтті. Облыстың тыныс-тіршілігімен таныс, қоғамда орын алып жүрген жағдайларға үнемі үн қосып жүретін ардагерлер оқу орнының жұмысына жоғары бағасын беріп, ақжарма тілектерін арнады.

.