20 Мамыр, 2014

Кеңес пен топтың бірлескен отырысы

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Өңірлік саясат жөніндегі кеңес пен «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша сараптама тобы бірлескен отырыс өткізді. Отырыста «Жасыл көпір» идеясы іске асырылатын мұнай және газ салаларындағы инновациялар және мұнай-газ жобаларына қатысушы қазақстандық ұйымдарды көбейту» тақырыбы талқыланды. Басқосуды Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Өңірлік саясат жөніндегі кеңес мүшесі, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша кураторы Мейрам Пішембаев жүргізді. Мұнай және газ министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанның мұнай және газ саласындағы инновациясы: айрықша жобалар», – деген тақырыпта баян­дама жасады. «Инновация және серіктестік арқылы қазақстандық қамтуды дамыту» атты тақырыпты «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер таратып айтып берді. Қазақстан жұртшылығының алдында беделді болуды мақсат еткен компания қазақстандық қамтудың дамыту стратегиясын қолға алған. Ол үшін мүмкіндіктер жасау, қуаттарды дамыту, білім және тәжірибемен бөлісу, қазақстандық мамандарды барынша пайдалану қажет. Қазақстанның машина жасаушылар одағымен ынтымақтасып, шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы жасалған. Шетел азаматтарын ұлттық қызметкерлермен алмастырып, басшылық сабақтастығы жалғастырылуда. Бүгінде жұмысшылар арасындағы Қазақстан азаматтарының үлесі 87 пайызға жеткен. Орта және жоғары буын басшылардан Қазақстан азаматтары – 76 пайыз. Отырысқа Мәжіліс депутаттары және мұнай-газ секторындағы жетекші компаниялар өкілдері мен орталық мемлекеттік ұйымдар басшылары қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.