Дертке шипа балсабын
Алдымен, Лепсі ауылында орналасқан «Лепсі өнімдері» ЖШС бал өңдеу зауытының қызметімен танысуға мүмкіндік алдық. Елдегі ісі іргелі өндіріс кешені 2016 жылы ашылған. Цехтың өндірістік қуаты жылына 300 тонна бал өнімдерін шығаруға жетеді. Тек пандемия әсерінен тапсырыс азайып, қазіргі уақытта қайта бір ізге түсіп келеді.
Бүгінде кәсіпорын он адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан бөлек, екі адам – Алматыда, үш адам Астанада жұмыс істейді. Олар тапсырыс алып, өнімді қабылдап, қажетті жерге жөнелтеді. Кәсіпорын отандық және шетелдік озық технологиямен жабдықталған. Балды құю мен орау процесі жартылай және толық автоматтандырылған.
Жақында ғана «Organic Standart» компаниясының сарапшылары Германиядан, Болгариядан келіп, тексеру жүргізген. Дүние жүзі мойындаған аталған компанияның талабынан өтіп, сертификат иеленген. Араға біраз уақыт салып сарапшылар тұрақты түрде келіп, тексеріп кетеді.
Компания басшысы Фархат Абузяровтың сөзіне қарағанда, өнімдері елдегі ірі сауда орындарынан бөлек Жапония, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірлігіне жеткізіледі.
«2018 жылдан бері бағаны көтермей келгенбіз. Қазір өздеріңіз көргендей, бәрі қымбаттады. Балдың қаптамаларына дейін бағасы өсті. Биыл амалдың жоқтығынан көтердік. Дегенмен, тапсырыс көбеймесе, азаймады. Өйткені біз таза табиғи өнім шығарамыз», дейді кәсіпорын директоры.
Өнімнің дәмі, иісі, құрамындағы пайдалы заттары толық сақталуы үшін өнім термо өңдеуден өткізілмейді. Бал 30-дан астам қаптамамен шығады. Зауыт балдан бөлек Лепсі тауының өсімдіктерінен дайындалатын денсаулыққа пайдалы, әсіресе, тері ауруларын емдейтін сабын, сусабын, бальзам, ванна тұзын шығаруды қолға алды. Сондай-ақ бүлдірген, таңқурай, алма сынды жемістерден тосап әзірлейді.
Осы орайда зауыттан шығатын сабынға ерекше тоқталуды жөн санадық. 2020 жылдың күзінен бері таза табиғи өнімнен жасалған сабынның құрамында бал бар. Оған жоғары сапалы зәйтүн, мақсары, какао, жажоба майы қосылады. Сонымен қатар таудың гүлдері, Алакөлдің шунгиті, Жалаңашкөлдің балшығы қосылатын сабынның 11 түрі бар.
Бір ерекшелігі, саумалды да қолданады. Сабын денсаулыққа өте пайдалы болғандықтан нарықтағы бағасы сапасына сәйкес келеді. Астанадағы дүкендерде сабынның бір данасы 4 мың теңгеге сатылуда.
Балықтан табыс тапқан
Алакөл ауданындағы балық өңдеу зауыты өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттап отыр. Жыл басынан бері кәсіпорында 800 тоннадай балық өңделген, балық сүйегінен дайындалатын ұнның 440 тоннасы өндірілген. Кәсіпорын шикізаттың көлеміне байланысты тәулігіне 5-тен 10 тоннаға дейін балық өнімдерін, 3 тоннаға дейін балық сүйегінің ұнын шығара алады. Онда 1 мың тонна өнім сыятын тоңазытқыш құрылғысы орнатылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, зауытта балық сүбесі мен фаршы, сол сияқты қақталған өнімдер шығарылады. Балықтың жағы мен желбезегін жақсы көретіндер де кәсіпорыннан қалаған тауарын таба алады. Өнімдердің барлығы еуропалық стандартқа сай.
«Болашақ Бастау» ЖШС директорының орынбасары Мұратхан Оразимановтың айтуынша, дайын өнім отандық нарықта саудаланады, сол сияқты Беларусь, Германия, Чехия, Дания және басқа да Еуропа елдеріне экспортталады. Белгіленген орындарда балық аулаумен 2 бригада айналысады, оларға жылына балықтың әр түрінен 40 тонна көлемінде аулауға рұқсат етілген. Өнім көлемін арттыру үшін жергілікті балықшылардан қосымша балық сатып алынады, сол сияқты Балқаш, Зайсан көлдерінен жеткізіледі. Негізінен алабұға, сазан, көксерке, мөке балық өңделеді.
«100 кило балықтан 50 кило филе шығады. Біздің кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істейді. Балықтың қалдығынан, сүйегінен, шеміршегі мен қабыршығынан ұн шығарамыз, оны мал мен құсқа, балықтың өзіне азық ретінде пайдаланады, жақсы тыңайтқыш та болады. Бұл тұнып тұрған таза протеин. Негізінен құс фабрикалары сатып алуда. Біздің бірнеше цехымыз бар. Балық алдымен жуылады, содан соң іріктеледі, тазартылады, кесіліп, еті жаймаланады, дайындалып, қапталып, маркасы жапсырылады. Бір ғана бөлшектеп өңдеу цехында екі ауысыммен, яғни айына екі аптадан 25 адамға дейін жұмыс істейді. Кәсіпорында 82 адам тұрақты еңбек етеді», дейді жас маман Динара Оразбекова. Оның бұл зауытта еңбек етіп жүргеніне бес жыл болған.
12 сағаттық ауысымда бір жұмысшы орта есеппен 100-150 кило балық өңдей алады. Бірақ тәжірибесі толысқандар мұнан да жоғары көрсеткішке жеткізеді. Мәселен, Надежда Атарованың зауытта жұмыс істеп жүргеніне жиырма жыл болған. Бір ауысымда ол 180-250 килоға дейін өңдейді. «Егер балық ірі болса, бұдан да көп шығуы мүмкін», дейді Н.Атарова.
Жас мамандар да қалыспайды. Солардың бірі Олеся Белоусованың да балық кесудегі жылдамдығына көз ілеспейді. Ол орта есеппен 250-300 кило, ал жалпы бір тәулікте 500 килоға дейін балық өңдей алады. Мұндағы жұмысшылардың жалақысы 90-180 мың теңгенің аралығында. Өз асханасы мен жатақханасы бар. Жеке фирмалық дүкені де жұмыс істейді. Жалпы 1 кило балық фаршының бағасы кәсіпорында – 600 теңге, қораптағы 5 кило сүбенің құны балықтың көлеміне қарай 7,5-9 мың теңгені құрайды.
«Болашақ Бастау» ЖШС зауыты 2016 жылдан бері жұмыс істейді, цехтары мен өндірістік кәсіпорындары бұрынғы «Рыбпром» ЖШС филиалынан сатып алынған. Зауыттың құрылтайшысы Тілеубек Алтынбаевтың айтуынша, 2018 жылы зауыттың іргесі кеңейтіліп, қайта жаңғыртудан өткізілді, заманауи құралдар орнатылған. Электрмен жылытылады. Кәсіпорынның өзінің жеке сүзгі алаңы бар.
Жетісу облысы