Сұхбат • 29 Қыркүйек, 2022

Маңғыстаудағы мәселелердің шешімі қандай?

1423 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Маңғыстау күрделі мәселелердің тоғысқан нүктесіне айналды. Кеше ғана Маңғыстау облысының донор аймақ қатарынан сусып төмен түсіп, субвенция алатын облыстар санатына енгені белгілі болды. Бұл – облыс экономикасының барынша нашарлап, өңірдің өз қаражаты өзіне жетпей, аймақта кіріс азайғандығының көрсеткіші. Осы орайда ұзақ жыл өндіріс саласында еңбек еткен, облыс өндірісіндегі, экономикасындағы түйткіл мен тетікті жетік білетін, кезінде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Аманкелді АЙТҚҰЛОВПЕН әңгіме өрбіткен едік.

Маңғыстаудағы мәселелердің шешімі қандай?

– Аманкелді Бердаманұлы, облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жүрген кезіңізде Маңғыстау облысында автокөлік жолдарын заманауи талапқа сай жөндеу жұмысын қолға алдыңыздар, ұмытпасам 285 млн доллар шамасында қаржы бөлініп, облыс аумағындағы негізгі жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Бір­ақ жол жөндеу жұмыстары толық аяқ­талған жоқ, нақтырақ айтсақ Жаңа­өзеннен Түрікменстанға дейінгі жол жөнделмей, жұмыс тоқтады. Себе­бі неде деп ойлайсыз және бұл жұмыс­тар­ды жалғастыруға мүмкіндік бола ма?

– Иә, киім-кешек, азық-түлік түрлері түгелге дерлік сырттан тасымалданатын Маңғыстауда жол жағдайы өте нашар болатын. 2009 жылы Үкіметке Маңғыстау облысында республикалық, халықаралық маңызы бар жолдарды жөндеу туралы ұсыныс-жоба енгіздік. Барлық экономикалық қажеттілігі мен шығындарын жан-жақты саралай келе, бір бағыттарда жаңа жол салуға, келесі бағыттарда ескі жолдарды жөндеуге рұқ­сат етілді. «Азия даму банкінің» қар­жыландыруы негізінде Бейнеу – Жеті­бай, Бейнеу – Өзбекстан, Жетібай – Ақ­тау, Жетібай – Өзен, одан әрі қарай Өзен-Түрікменстан жолдарын жөндеу жұмыс­тары басталды. Қазір жаңғырған за­манауи Бейнеу – Жетібай, Жетібай – Ақтау, Жетібай – Өзен, Бейнеу – Өзбекстан ба­ғы­тындағы жолдардың игілігін ха­лық көріп отыр. Бірақ жобаның Өзен-Түрік­­менстан бағыты іске аспай қал­ды. Дегенмен ке­зінде қаражат толық­тай бөлінген болатын, мәселені сала­лық министрлік шешуге тиіс. Өзен-Түрік­менстан бағыты бойынша да жол салу мәселесі өзектілігін жойған жоқ, ми­нистрлік, өзге де құзырлы орындар қол­даса жұмысты жалғастырып, жаңа жолды халық игілігіне ұсынғаны дұрыс болар еді. Өйткені қоғамда, экономикада оқшау ешнәрсе жоқ, өндіріс, сауда, нарық, яғни баға, халықтың әлеуметтік ахуалы – барлығы бір-біріне әсер ететін және бір-бірін толықтыратын салалар. Біздегі халық ренішпен жиі айтатын және тұрғындарға қиындық туғызып жүрген қымбатшылық мәселелерін тасымалға мүмкіндік беретін жолды жөндемей толық шешу мүмкін емес.

– Маңғыстаулықтар үшін басты мәселенің бірі – МАЭК-ке қатысты бо­лып келеді. Халық тұтынатын, халық­қа барынша қажетті өнімдердің ба­ғасы жиі көтеріліп, тіпті республика бойынша ең қымбат тарифтік төлем дең­гейіне жетті. Тұрғындарды бағасы қолайлы, қолжетімді электр энергиясымен және ауызсумен қамтамасыз етуді шешу жолдары бар ма?

– Еліміздің бірыңғай электр энергиясын қамту жүйесінен Маңғыстауға энер­гия тасымалдап кіретін бірде-бір сым жоқ, керісінше Маңғыстаудан көрші Атырау облысы мекендеріне қарай шыға­тын жүйе бар және бұл желімен Атырауға 50 мВт электр энергиясы экспортталады.

Облысқа электр энергиясын импорттаушы жүйенің жоқтығы жылдар бойы халыққа, өндіріске мігірсіз қызмет көрсетіп келе жат­қан, бүгінде қондырғылары 80 пайыз­ға дейін ескірген МАЭК-ке қосымша салмақ артады, ал жүгін көтерісіп оны «дем­алтатын», қажеттілікке байланыс­ты күрделі жөндеулерге тоқтатуға мүм­­кін­­дік қарастырылмаған. Тозығы жеткен­­діктен МАЭК қызметі апатты жағ­дай­да жұмысын тоқтатар болса, облыс тұрғын­­дарын ауызсу, электр энергиясы сын­ды қажеттіліктермен қамтамасыз ету мә­селесі тығырыққа тіреледі.

Қоғамдық тыңдауда айтылғандай, МАЭК тарифтерін көтеру арқылы мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізгісі келеді. Бұл, бір жағынан дұрыс, екінші жағынан, қате. Неге? Баға­ны көтергенмен, ол күрделі жөндеу өт­кізуге, ыңыршағы айналып тұрған қон­дыр­ғыларды ауыстыруға жетпейді. МАЭК-тің бағаны көтеруі уақытша өзін-өзі алдауы дер едім. Бағаны көтермей-ақ мәсе­лені шешудің екі жолы бар, біріншісі – шұғыл түрде Маңғыстаудың электр энергия­сымен қамту жүйесін Қазақстанның электр энергиясымен жабдықтау бірың­ғай жүйесіне қосу. Екіншісі – МАЭК-ке күр­делі жөндеуді тариф арқылы емес, мем­лекеттік бюджет арқылы қаржылан­ды­ру. Бұл екі мәселе шұғыл шешілсе, облыс эко­номикасының қай саласы бол­са да мульти­пликативті тиімділік алар еді. Дел­далдық мәселесіне келсек, бұл қыз­мет түрі қазіргі қолданыстағы заң бойынша реттелген, бірақ қызмет көр­сету сапасының нашарлығы және жиі қым­­баттауы тұтынушылардың ашу-ыза­­сын туғызады. Өйткені бұл бағыт тұрғын­дар­дан тек ақша жинауға арналған болып тұр, проблеманың барлығы заң шығарушы органның назарын аударып, заңға делдалдық бойынша өзгеріс енгізуді талап етуде. Заңға қажетті өзгеріс енгізілмесе бұл мәселенің де осылай қала беретін қаупі бар.

– Сізден республикалық тұрғыда маңызды мәселеге айналған Жаңаөзен қаласының әлеуеті туралы сұрағым келеді. Мұнайлы қаланың халқын кө­шіріп жіберу мүмкін емес, олай болса, сіздің ойыңызша, қаладағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің балама тетіктері қандай?

– Дұрыс айтасыз, Жаңаөзен тақырыбы – жанды тақырып, сол себепті қаладағы мәселелерді түпкілікті шешуге тырысу қажет. Меніңше, алдымен Жаңаөзен қаласының шекарасын қазіргі жеткен шегінде жабу керек, екіншіден, қала аумағында тұрғын үй салуды тоқтату және барлық тұрғын үйлерге күрделі жөн­деу жүр­гізілуге тиіс. Мысалы, өзіңіз біле­сіз, қаладағы 1, 2, 3-шағын аудандар­дағы «гала­рейка үйлер» қандай жағдайда тұр? Бұл – өте маңызды. Қала аумағын әрі қарай кеңейту гуманитарлық апатқа алып келері сөзсіз. Қала мәселесі мек­теп, балабақша, спорттық ойын алаң­дарын салумен шешілмейді, ірілі-ұсақ­ты өндіріс ошақтарын, халыққа өмір сүруін қамтамасыз ететін жұмыс көз­дерін ашу қажет. Өндіріс тек мұнай-газ саласы емес, Жаңаөзеннен тысқары шы­ғарылатын, яғни жергілікті экспорт өнімдерге бағытталу­ға тиіс. Мысалы, Жаңаөзеннен қазіргі жұмыс істеп тұрған «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағының» филиалын ашса инвесторлар, жергілікті кәсіпкерлер түрлі жеңілдіктерге ие болып, өз кәсібін өркен­детер еді. Бұл тұрғындардың жұмыс­пен қамтылуына, өз кәсібін жасауы­на мүмкіндік берер еді. Жалпы, ЕЭА ре­жімі, ол саладағы жеңілдіктер қала экономикасын дамытуға зор әсер етері сөзсіз. Бір кездері Жаңаөзен маңында Ботакөз деген ауыл болды, сол ауылдың орнынан халыққа тегін жер телімін беріп, жеке бау-бақша өнімін өсіруге жағдай жасау керек, сонымен қатар ауызсу мәселесін тез арада шешу қажет. Кезінде Өзен кен орнын реабилитация жасау бағдарламасы аясында Дүниежүзілік банктен алынған несие негізінде Жаңа­өзен­де су тұшыту зауыты салынуға тиісті еді, арты сиырқұйымшақтанып аяқсыз қалды. Осы бағытта су көздерін ашып, көкөніс, жеміс-жидек түрлерін өсіруге мүмкіндік жасалса, халыққа өте тиімді. Өйткені бабын тапса Маңғыстау жеріне бақша өнімінің қай-қай түрін де қиналмай өсіруге болады.

– Аманкелді Бердаманұлы, Маңғыс­тау­­­ды газды аймақ деп айтуға бола ма, ке­­­ле­шекте өңірде газға қатысты мә­се­ле туын­дауы мүмкін бе? Болуы мүм­кін ­бұл тап­­шылықтың қалай алдын аламыз?

– Халықтың есінде бар ма, жоқ па, білмеймін, 2010 жылы Сайөтес ауылының тұсында түбекті газбен қамтамасыз етіп тұрған құбырдың 1 100 метрі жарылып, құбырлар макаронша шашылып қалды. Бұл газбен қамту жүйесінің техникалық жағдайының нашарлығын көрсетеді. Мұны проблема ретінде назарға алып, жаңа газ құбырын салу қажет. Осы құбыр болмаса МАЭК-ке де газ жеткізілмейді, ар жағы түсінікті деген сөз.

Маңғыстауда мұнай бар болғанымен, газ жоқтың қасы. Қоры өте аз, МАЭК те, тұр­ғындар да газды басқа өңірлерден алып отыр. Қазіргі таңда өңір жылына 2,2 млрд тек­ше метрден астам газды пайдаланады.

Өңірді газбен қамтамасыз етудің балама жолы ретінде сонау одақ кезінде гео­логиялық зерттеу жүргізіліп қорға алын­ған Қансу, өзге де кен орындарын іске қосу қажет. Одақ кезінде технологиялық әлеуетке байланысты бұл кен орындарын игеру экономикалық тұрғыда тиімсіз болды, ал қазір мұнай-газ өндірудегі технологиялар қарыштап дамып кетті. Міне, осы технологияны пайдаланып, инвестор тартып жұмысты бастасақ, кішігірім кен орындары жұмыс көзін ашуға және мемлекет бюджетіне қосымша табыс табуға көмектесетіні сөзсіз. Кен орындарындағы газ қоры өңірдегі газға қатысты туындауы мүмкін тапшылықтың алдын алуға себі тиер еді.

– Қошқар ата полигонын зарарсыздандыру неге жылға созылды? Әр жылдары бөлінген қаржының елде есебі жоқ. Бірақ улы көл – беті ашық күйінде басы ашық мәселе болып әлі келеді. Өкініштісі, жайбасарлықпен бе, әлде белгілі себептері бар ма, әйтеуір біз жоғалтқан әр жыл өңір экологиясына, халық денсаулығына орасан зиянын тигізіп жатқаны анық.

– Мемлекет қомақты қаржы бөліп отырғаны рас, бірақ сол қаржыны игеруді ұйымдастыру жағы нашар. Бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтар бар, енді кешіктірмей қажетті шаралар алуға тиісті. Дұрыс айтасыз, бұл техногендік апатты дер кезінде жою – болашағымыз алдындағы ұлы жауапкершілік. Бұл көлді тұмшалау, зарарсыздандыру бағытында сан алуан пікір бар. Мысалы, бір кездері теңіз суымен толтырып жауып, тұз ұшпауы үшін судың деңгейін ұстап тұру қа­жет деген пікірлер болды. Ал қазір ма­мандар Ақшұқыр, Баянды ауыл­дарына жақын жерлердегі бақылау ұңғыларынан алынған сынамаларда радиоактивті қалдықтардың ізі бар деп айтып жүр. Көлдің бетін жабамыз ба немесе астына су жайылуына әрекет етеміз бе? Бұл – әзірге басы ашық мәселе. Дегенмен, зерттеуді тез аяқтап, ғылыми пікірлерді тиімді арнаға тоғыстыра шешім қабылдап, іске кірісетін уақыт жетті.

 

Әңгімелескен

Гүлайым ДӘУІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Маңғыстау облысы