20 Мамыр, 2014

Бәсекелестік жұмысты ширатады

388 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

интеграцияЕЛДЕР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ КЕПІЛІ

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «ЕАЕО: Қазақстанның сыртқы сауда саясаты» тақырыбында брифинг өтті. Оған ЭБЖМ Сыртқы сауда қызметi департаментi директорының мiндетiн атқарушы Әлия Әлiмбетова, Сыртқы сауда келіссөздері басқармасының жетекшісі Жасұлан Әзенов және басқалар қатысты.

Брифингте Қазақстан мен ТМД елдерінің арасындағы тауар айналымы көрсеткіші 33 млрд. АҚШ долларға жеткендігі айтылды. «Тағы бір маңызды бағыт, еркін сауда айналымы аймағы болып табылады. Біз ТМД елдерімен 2011 жылы қол қойған жаңа келіссөздер шеңберінде жұмыс жасаймыз», деді Ә.Әлімбетова. Бұл орайда ең маңызды нәрсе, Қазақстанның ТМД елдері аймағына шикізат шығару барысында экспорттық кеден салығын салу құқын сақтап қалғандығы. Бұған дейін елдің шикізаты экспорттық кеден салығынсыз шығарылатын. Сонымен қатар, Еуропалық еркін сауда қауымдастығы елде­рi мен Жаңа Зеландия Кеден одағымен еркiн сауда аймағын құруға ниеттi болғандықтан КО-ға мүше мемлекеттермен бірге, Вьетнаммен, Жаңа Зеландиямен, ЕЕСҚ-ға мүше Швейцария, Норвегия, Ислан­дия және Лихтенштейн мемлекет­­терiмен еркiн сауда аймағын құру бойынша жұмыстарды атқаруда», деп атап өттi ол. Экономика ми­нистр­лiгi өкілдерінің хабар­лауын­ша, Кеден одағының үшiншi бiр мемлекеттермен еркiн сауда қатынасын орнатуы Қазақстанның бәсекелестiк басымдықтарын күшейте түспек. Сондай-ақ, Қазақстан әлем бойынша инвес­­­торлар үшiн аса тартымды ел­дер қатарына енiп отыр. Былтыр Қазақстан экономикасына тартыл­ған инвестициялардың жалпы көлемi 180 млрд. долларға жеткен. Iрi шетел инвестициялары Нидерландыдан, Германия, АҚШ-тан, Ұлыбритания, Фран­­­­ция, Жапониядан, Ресей, Қытай, Канада және өзге де елдерден­ тар­­­­­­тылған, деп атап өттi Ә.Әлімбетова. Ал 2013 жылы Қазақстанның сауда айналымы 132 млрд. долларды құраған. Ал негiзгi сау­да әрiптестер, жалпы тауар айналымының 41 пайызын алып отырған Еуроодақ елдерi болса, Ресей – 17,9%, Қытай – 17%-ды­ құраған. Ал Швейцария мен Украина да бұл тізімде ерекше орын алады. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы сау­да саясатындағы ­басым бағыт Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiру, Кеден одағын қалыптастыруды аяқтау, ТМД және үшiншi әлемдегi елдермен еркiн сауда аймағын құру туралы келiсiмге қол қою, барлық сауда қарым-қатынастарын дамыту және инвестиция тарту болып табылады. «Осы орайда, сыртқы сауда саясатының тиiмдiлiгi бизнес ахуалдың даму деңгейi­мен, отандық кәсiпорындар­дың бәсекеге қабiлеттiлiгiмен және өз тауарларын сыртқы нарыққа шығарумен анықталады», дедi Ә.Әлiмбетова. Бүкiләлемдiк банктiң 2014 жылғы есебiне сәйкес, Қазақстан 189 елдiң iшiнен 50-орында тұр. Яғни еліміз 3 сатыға көтеріліп, ТМД мем­ле­кеттерi бойынша көш бас­тады. Атап айтар болсақ, Ресей 92-орында, Беларусь 63-орында, Қыр­ғызстан 68-орында тұр. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Білім кеңістігінің биік өлшемі

Гулмира СериковаПрезидент Н.Ә.Назарбаевтың М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Еуразиялық одақ идеясынан Еуразиялық интеграцияның жаңа басымдықтарына» деген та­қырыпта сөйлеген сөзін тыңдай отырып, екі негізгі мәселеге тоқтала кетуді жөн көрдім. Бірін­ші мәселе, жақын қарым-қатынас­тардың болуы мен оның тиімділігін дәлелдейтін Еуразия елдерінің экономикалық дамуына қатысты. Бұл Елбасы сөзінің ең өтімді тұсы болды. Бұл жерде Мемлекет басшысы Еуразиялық одақ құрамына мүше елдердің қайсыбірінің болмасын әлемнің ең жоғары дамыған елдер қатарына қосылуын қамтамасыз етуге негізделген еуразиялық интеграция атқаратын қызметтің маңыздылығына тоқ­талады. Әлбетте, оған көптеген әсер етуші факторлар болары да сөзсіз. Ең алдымен, тарихи да­муымыздың негізі ретіндегі еуразияшылықтың ішкі әлеуетінің болуы. Заманауи сая­си бастама ретінде еуразиялануға қатысты түрлі көзқарастар болға­ны­мен, оның дамуы тиісті деңгей­де жүргізілгендігіне Қазақ­стан мен ТМД елдеріндегі модерни­за­циялық үдерістердің заңды нәти­жеге қол жеткізуі дәлел бола алды. «Қазір еуразия интеграция­сынан бастау алып, өркендеп жатқан көптеген ортақ ұжым­дарымыз сәтті қызмет етуде, – дейді Елбасы. – Олардың қата­рына Еуразия Даму банкі, Еура­зия Экономикалық кеңесі, Еура­зиялық Медиа-форум, Еуразия университеттері ассоциациясы және т.б. көптеген ортақ бастамаларымыз бар». Өз сөзінде Елбасы қазіргі еуразиялық бастамалар шынайы­лықтан ешқашан алшақтаған еместігін атап көрсетті, инте­грация­лық үдерістерге мүше елдер­дің қайсысы үшін болмасын тәуел­сіздігі мен саяси еркіндігі басым екен­дігін әрқашан есепке алып отырды. Екіншісі, Еуразия кеңістігін­дегі экономикалық, әлеуметтік-саяси интергацияны аяғынан тік тұрған және өркениетті қадам ретінде санауға болатындығын ескере келе, оның дамуының мәдени және біліми тұрғыдан дамытушы басымдықтарына баса назар аударуымыз қажеттігі жайында айтқан ойы. Заманауи еуразиялану­ идея­сының негізін салушы Л.Н.Гу­милевтің тұжырымында негіз­гі маңызға сәтті дамуға әрі құ­рушы фактор бола алатын мә­дени жан-жақтылық идеясы ие. Жалпылай алғанда, еуразия­шылықтың мәні мәдени және ұлттық барабарлығымызды сақтаудағы әлеуметтік-сая­си модернизацияның, интегра­ция­ның және экономикалық дамудың тұтастығы ретінде әрбірімізге түсінікті болуы керек. Еуразиялық интеграциялық бастаманың тиімділігін тек геосаяси және геоэкономикалық факторлар ғана емес, ұлттар мәде­ниетінің келісімі контексіндегі халықтардың мәдени-тарихи мұрасы да мақұлдауда. Қазіргі Қазақстан еура­зия­шылықтың маңызы мен даму үрдістерін қарастыра келе, қазақстандық қоғамның эконо­микалық және әлеуметтік салада қарқынды модернизациялануы мәдени және тарихи тұрақты шаманың сақталуымен ешбір кедергісіз қатар жүріп отыр­ған­дығын сеніммен айтуға болады. Еуразиялық интеграция жаңа идеялық негіздер болып табыла­тын егемендік, демократия, әлеу­меттік-экономикалық даму импе­ративаларының қуатын сақ­тау қа­­ғидаларының сатысына өтіп келеді. Еуразиялық кеңістікте әлеумет­тік дамудың келесі кезеңі­не өткенде білім беру жүйесі­нің мүмкіндігін естен шығарма­уымыз керек. Бұл салада университеттер алдына экономиканы интеллектуалды, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ете отырып, инновациялық қуат пен адам капиталын дамыту арқылы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми прогресін алға жылжыту сынды жаңа міндеттер жүктелмек. Экономикалық интеграция білім үдерісіне қажетті кадрларды интеграциялауға жағдай жасайды. ЖОО-ның рөлі жаңа идеялар мен технологияларды қолдану мен енгізу жолында болашақ кадрлар заманауи өндірістердің технологиялық ерекшелігін жетілдіру үшін қажетті кәсіби құзыреттілігін қалыптастыратын орын ретінде артып отыр. Осы үдерістің маңызды бөлігі ретінде ЖОО еуразиялық интеграцияның білім беру кеңістігінің және ұлттық эконо­миканың инновациялық, техно­логиялық тұрғыдан жедел дамуы­на негіз бола алады. Жоғары мектептің жаңа қауіптердің алдын алу үшін мәдениеттер мен өркениеттер келісімін қамтамасыз етуші, мемлекетаралық, кон­фес­сия­ара­лық келісімнің факторы әрі кепілі болуға мүмкіндігі бар. Қазір білім жаңа жағдайда дамып келеді. Жаһандық ақпа­раттық кеңістіктің орнауы, басқару, зерттеу және оқыту құралы ретінде жаңа ақпараттық технологиялардың рөлінің артуы осыған дәлел бола алады. Бүгінде ХІХ ғасырдың басында А.Гумбольд негізін сал­ған ғылым мен білім интегра­циясының жаңа деңгейі идеясы­ның маңыздылығы туралы мәселе алдыңғы қатарда тұр. Осы тұрғыда ЖОО-лардың жалпы адами және ұлттық мәсе­лелерді шешуге, тәрбиелік, ағартушылық бағдарламаларды жүргізіп, ел азаматтарының жаңа генерациясын, яғни патриоттарды қалыптастыруға, оны дамытуға мүмкіндігі бар. Осындай сәтте еуразиялық интеграция ынтымақтастықты сақтай отырып қызмет етуде бізге ортақ стратегиялық басымдықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ­бастамасымен құрылған «G-­Global» жобасы әлемнің экс­перт­тік қа­уым­дастығына инте­рак­тивті, ашық дебаттар мен көпшілік дискуссиялар жүргізу, жаһандық энерго-экологиялық даму тұ­жы­рымдамаларын, соның ішінде «Жасыл көпір» атты қазақстандық бастаманы жүзеге асыру жөніндегі интеллектуалды тұғырнама болып табылады. Қазір «G-Global» ХХІ ғасыр­­дың құндылықтық импера­тив­терінің ішінде әділет­тілік, теңдік, консенсус, толерант­тылық, сенім, сондай-ақ, жаһан­дық ашықтық және көпполяр­лылық сынды игі шараларды алға тартып отыр. Мемлекет басшысының дәрісі тек экономикалық интеграция­ның дамуына ғана емес, сондай-ақ, әлемнің дамуына конструктивті сипат беретін мәдени және ғы­лыми-білім беру салаларындағы ұстанатын саясаттың бағытын анықтап, оның тұжырымдамалық негізін салды. Гүлмира ӘБДІРАЙЫМОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі, әлеуметтік ғылымдар докторы, профессор. АЛМАТЫ.

Тиімділік жолы

А.АиткуловМ.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінде «Еуразиялық одақ идея­сы­нан – еуразиялық инте­гра­ция­ның жаңа перспективаларына» атты дәріс оқыған Президент Н.Назарбаев ақиқатқа айнала бастаған идеяның өміршеңдігін айта келіп, оның көкжиегін одан әрі кеңейте түсу үшін қажетті ой-ұсыныстарын ортаға салды. Сонан соң Минск қаласында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысып, одақ құруға талпынған үш ел – Қазақстан, Беларусь, Ресей президенттері бұған дейін Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік ауқымында жүзеге асқан инте­грациялық процестерді сарапқа салды, Еуразиялық экономикалық одақтың шарт жобасын қарады. Бұл одақ жобасын соңғы пысықтаулар, үш ел экономикасының дамуына бастайтын жолға түсер алдындағы дайындық. Осы орайда аталмыш одаққа баспалдақ болған Кеден одағы Қазақстанға не берді, әсіресе, мұнай-газ өнеркәсібіне тигізген әсері қандай болды деген бағытта өз пікірімді ортаға салмақпын. XXI ғасырдың басында Қа­зақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев бастаған еуразиялық интеграция идеясы Біртұтас экономикалық кеңістіктің нақты келбетін иеленіп келеді. Осы идеяның туындысы ретінде пайда болған Кеден одағы өз жұмысын тиісті деңгейде жүргізуде. Оның дәлелі ретінде 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап ортақ ережесін бекіткен Кеден одағы, міне, төрт жылға жуық ішінде, Қазақстан экономикасы жүйесінде жұмыс жасауда. Кеден одағы мүшелігіне енген Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері үшін бұл кезең ең маңызды және мәнді кезең болып табылады. ас коп Кеден одағы өзінің мүшелері арасында сауданы бір режімде жүргізуді көздейді. Осыған байланысты 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап біріккен кедендік тариф іске кірісті. Міндетті түрде, бұл интеграциалық бірлестіктің жақсы жақтары бар. Олардың негізгілері мыналар: 2010 жылдың қаңтарынан бастап ішкі нарықтық шекарадан сыртқы шекараға ауыстыруға байланысты және құжаттарды әзірлеп талап етуді қысқартуына байланысты, рес­публикалар арасындағы тауар айналымы, сонымен қатар, оларды тездету жүйелері жақсы және тез жұмыс жасай бастады. Өткен жылдардағы нақты көрсеткіштерді талдау нәтижесінде Қазақстан экспорты 50% жоғарылаған, ал импорт көлемі 40% деңгейіне өскен. Кедендік бақылауды сыртқы шекараға ауыстыруға байланыс­ты оны күшейту жұмыстары жүргізілді. Бұл жүргізілген жұ­мыс­тардың арқасында сырттан келетін жасырын импорт тауарлар және сонымен қатар, Қазақстан сауда-саттық мекемелеріне келетін сапасы төмен тауарлар саны азайды. Тағы бір жетістік, ол Кеден одағы аралығындағы контрабандаларға тыйым салу жұмыстарына жағ­дай жасалып, ауқымды істер атқа­рылуда. Кеден одағының пайда болуымен бірлескен шағын мекемелер кұру мәселелері де өзінің шешімдерін тауып, олардың дамуы қарқынды түрде жүруде. Жоғарыдағы көрсетілген жетістіктермен бірге, еуразиялық ынтымақтастық жүйесінде құрыл­ған Кеден одағы әсерінен Қазақ­станда кейбір мәселелер туындады. Бірінші мәселе, ол тауарлардың, соның ішінде көмірсутек өнімдері бәсінің өзгеруі, яғни өсуі. Бұл мәселе Кеден одағына мүше елдер шекараларының ашылуы, кедендік құжаттарды жасаудың жеңілдеуі және Қазақстан нары­ғында басқа елдер мұнай өнімдері көлемінің көбеюімен байланысты. Жоғарыдағы көрсетілген нарықтың өзгеру бағыттары Қазақстан және Кеден одағына мүше елдер арасында олардың мемлекеттеріндегі мұнай өнімдері бәсінің бір-бірімен теңелуіне әкелуі мүмкін. Егер бұл жағдай түзелмесе онда біздің Отанымыздың мұнай өнімдері республикадан тыс елдерге кетіп қалуы ықтимал болды. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі мұнай өнімдерін сату бәсін реттейтін шаралар қолдануда. Сол себептен, біздің Президентіміздің Жарлығымен 2011 жылғы 20 шіл­деде «Мұнай өнімдерінің кей­бір түрлерін өндіру және айналымдағылардың бәстерін мемлекеттік реттеу туралы» заң күшіне енеді. Осы заңның алтыншы бабына сәйкес Қазақстан Үкіметі мемлекеттік реттеу тәртібі әсер ететін мұнай өнімдерін сату үшін олардың бәсі мөлшерінің шекарасын бекітті. Алайда, бұл қабылданған заңның іске асырылуы бірнеше кедергілерге кездесті. Біріншісі – республикадағы мұнай өңдейтін зауыттардан шығатын өнімдердің көлемінің шектелуі. Екіншіден, жанармай өнімдерінің кейбір аймақтарда көп сатылуы. Пайда болған жағдай мұнай өнімдерімен сауда жасайтын Кеден одағы мемлекеттеріндегі сатып алатын бағаның әртүрлі деңгейде екендігін көрсетеді. Бұл мәселелерді шешу үшін бағаны мемлекеттік деңгейде реттеу жұмыстарын жүргізетін тиісті механизм керек. Сонымен қатар, өзімізде мұнай өнімдерінің көлемін көбейтетін өндірістерді іске қосу қажеттігі көрініп тұр және оларды мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету қажет. Қорыта келе, Кеден одағы құ­ры­лымының интеграциялық үде­рістерінде мұнай-газ өнді­рісі­нің қызметі әлі де болса экспорт-импорт операциясына екпінді өзге­ріс­тер әкелмей тұр деп айтуға болады. Жоғарыдағы мәселелердің шешімін табу жолы Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жол­дауын­да анық айтылып, Үкімет­ке тиісті нұсқаулар берілді. Жол­даудағы Қазақстанда тағы бір мұ­най өңдеу зауытын салу, одан ең са­палы тауарлар шығару туралы ай­тылуы жоғарыда айтылған ке­дер­гілермен күресудің тың тәсілі. Қазір Кеден одағының оған мүше елдердің экономикалық мүддесі тұрғысынан қолайлы екендігі танылып, ол өз көкжие­гін кеңейтіп, Еуразиялық эконо­микалық одақ сатысына көтерілу алдында тұр. Елбасы айтқандай, бұл тек экономикалық мақсатта бірге жұмыс жасауды білдіретін бірлестік, Беларусь та, Қазақстан да, Ресей де посткеңестік елдер болғанымен, бұл одақ шеңберінде ешкімнің тәуелсіздігіне ешкім қол сұқпай, тек экономикалық тұрғыда ықпалдасу көзделген. Ал рухани-мәдени бағыттағы өзара сыйластық байланыс бұ­рыннан бар, енді ол да арнасы кеңейіп, жаңғыра түседі деп ой­лаймыз. Бұл туралы Қазақ­стан Республикасының Прези­ден­ті Н.Назарбаев Мәскеуде оқы­ған дәрісінде айтты да. Еура­зиялық экономикалық одаққа ықпал­дасып қатысушы мемлекет­тер экономикаларының тұрақты және тиімді түрде дамуы сол мем­лекет­тердегі тұратын халықтың өмір дең­гейін арттыруға екпінді жағ­дай жасайды деп күті­леді. Кеден одағы аясында қол жет­кізген экономикалық жетіс­тік­те­ріміз жаң­ғырған түрде жалғасын тауып, кездескен кедергі­лерді жою­дың жан-жақты әрі тиім­ді жол­дары табылады деп ойлаймыз. Алпамыс АЙТҚҰЛОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ оқытушысы.

Телекөпір

Өскемен мен Барнаул ардагерлерін жүздестірді

Жуырда облыс орталығындағы этносаябақта Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Алтай аймағы арасындағы өңіраралық әріптестік шеңберінде тікелей телекөпір өтті. Барнаул мен Өскеменнің бауырлас қалалар ретінде байланысы уақыт өткен сайын жанданып келе жатқанын дәйектейтін телекөпір Ертістің сол жағалауындағы саябақтың ашық аспан астындағы әскери мұражайында ұйымдастырылды. IMG_7750-2 «Қазақстан-Өскемен» об­лыс­тық телеарнасы мен барнаулдық «Катунь-24» арнасының эфирінде өткен теле­көпірге екі өңірдің соғыс және еңбек арда­гер­­лері қатысып, Ұлы Отан соғысы жыл­да­рындағы ел басына түскен ауырт­палық­тар мен қиындықтар туралы естелік­терімен бөлісті. Телекөпір барысында қан майданда жауға қарсы тізе қосып шайқасқан елдердің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарихи тамырластығы сөз болды. Қарт майдангерлер соғыс шебінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған телекөпірде өңір басшысы Б.Сапарбаев мұндай жүздесудің өскелең ұрпақ үшін тағылымды болатынын жеткізсе, Алтай аймағының губернаторы А.Карлин ата-бабалар ерлігін әрқашан жаңғыртып отырудың маңызды екенін атап өтті. Барнаул телестудиясында Александр Кремлев пен Антонина Яркина, тыл еңбеккері Александра Гончарова сұра­пыл күндер жөнінде сыр шертсе, өске­мендіктер Шығыс Қазақстан май­­дан­герлері туралы деректі сюжет ұсынды. Бейнебаянда Кеңес Одағының батыр­лары Төлеген Тоқтаров пен Серік­қазы Бекбосынов, Ақмола өңірінде туып, майданға Алтай өлкесінен аттанған Алек­сандр Ершовтың өшпес ерлігі айтылып, соғыс ардагері Бошай Кітапбаевтың есте­лігі берілді. Кез­десуге қатысқан ар­да­­гер Қай­ролла Бақтыбаев майданнан өзі­­нің екі ағайыны оралмағанын әңгі­ме­леді. – Майдан даласында еш­қайсымыз бір-біріміздің ұлтымыз­ды сұраған емес­піз, біз бір халық болып, жаумен жұмы­ла күрестік, – деді Ғазиз Ахмеров, Михаил Чернецкий есімді майдангерлер. Тыл еңбеккері Анна Моисеева әр масақ үшін маңдай терді төккен күндер ұмытылмайтынын жеткізді. Ал Петр Коломин жуырда Барнаулға барып, көнекөз достарымен, от пен оқ ортасында бірге болған қаруластарымен кезде­сіп қайтуға мүмкіндік берген екі ел ара­сындағы тығыз байланыстың әрі қарай тереңдей түсуіне тілектестігін білдірді. Шығысқазақстандықтар ал­дағы уа­қытта Беларусьтің Мо­­­гилев, Ресейдің Барнаул және еліміздің Өскемен қала­лары арасында телекөпір өткізуді ұсын­ды. Телекөпір соңында Жамбыл жырау­дың атақты «Ленинградтық өрен­дерім» жыры оқылып, алтайлық және шығысқазақстандық ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, сарбаздар мен жастар «Катюша» әнін бірге шырқады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы. Суретті түсірген Есімхан ОРЫНБАЕВ.

Өнімдері өтімді кәсіпорын

«Ақтөбе хром қосындылары ­зауыты» АҚ Қазақстандағы бір­ден-бір хром химиясы кәсіпорны. Хром тұздарын өндіретін зауыт өнімдері бүгінде әлемнің 40-тан астам елдеріне, соның ішінде АҚШ, Жапония, Ресейге экспортталады. Өз елі­мізде мұнда өндірілетін хром тұздарының 2 пайызы ғана пайдаланылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 116 мың тонна хром тұздарын шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әлемдік рыноктағы жағдайға байланысты зауыттың өндірістік қуаты 85 пайыз жұмыс істеп тұр. Зауыт Хромтаудың хромын, сондай-ақ, Теңіздің күкіртін пайдаланады. Сондай-ақ, Кеден одағы елдерінен Башқұртстанның Стерлитамак қаласындағы кәсіпорыннан, Пермдегі зауыттан калциленген сода жеткізіледі, Волгоградтағы «Каустик» ААҚ-тан гипрохлорит алады. Мұның барлығы хром тұздарын өндіруге қажетті компоненттер болып табылады. Сонымен бірге, Ресейден басқа да тауарлар, қондырғыларға қосалқы бөлшектер алады. Хром завод-1 – Кеден одағына кіруіміз көр­ші Ресей және Белоруссия­мен қарым-қатынасымызды жақсарта түсті. Кедендік ресім­деу жеңілдеді. Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шартқа қол қойылғаннан кейін өзара ықпал­дастық бұрынғыдан да жақсара түседі деп күтілуде. Бұл зауыттың өнім өндіру және өткізу әлеуетін арттыруға алғышарт жасауы тиіс, – дейді кәсіпорынның басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Радий Фахретдинов. Оның айтуынша, кәсіпорында 2200 адам еңбек етеді. Кәсіпорын өткен жылы 427 миллион теңге таза пайда тауып, жылды жақ­сы аяқтапты. Бүгінгі күні бұл кәсіпорын өнім сапасы жағынан Ресейдің «Новотроицк хром қосын­дылары зауыты» мен «Русский хром 1915» зауыттары тауар­ларымен бәсекелесе алады. Кәсіп­орында жыл сайын жұмыс­шылардың жалақысын көтеру үрдіске айналған. Биыл да жұмысшылардың еңбек­ақысын бастапқыда 5 пайызға көтеру қарал­ған екен. «Ақтөбе хром қосын­дылары зауыты» акцио­нер­лік қоғамы жұмыс­шыларының жа­лақысын 1 сәуірден бастап 10 пайызға көтеріпті. Бұл – Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өндіріс жұмысшыларының жалақысын 10 пайызға жоғарылату туралы тапсырмасын жүзеге асыру негізіндегі облыс және қала әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының кәсіпорын тарапынан қолдау табуының нақты көрінісі. – Президент тапсырмасын орындау мақсатында біз биыл 1 сәуірден бастап жұмысшылар­дың жалақысын 10 пайызға көтер­дік. Бұған дейін, яғни наурызда зау­ыт жұмысшыларының орташа жалақысы 95 366 теңге болса, сәуір айынан бастап бұл көрсеткіш 107 700 теңгені құрады. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – жұмыс орнын сақтау әрі білікті кадрлар даярлау. Ақтөбеде жыл сайын жаңа зауыттар ашылып, кәсіпорындардың қатары көбейіп жатыр. Мұндай өндіріс орындарына кәсіби жағынан білікті кадр­лар қажет. Біз мұндай мамандарды кемінде 2-3 жыл даярлаймыз. Сондықтан білікті мамандарымызды жоғалтпау мақсатында бар күш-жігерімізді саламыз, – дейді Радий Фахретдинов. Біз зауытта болғанда жұмыс­шылармен жүздесіп, олардың пікір­лерін де білгенбіз. Солардың бірі, еңбек жолын осында бастаған Әлтайыр Насығазиев, жұмысына дән риза, осындай еңбек ұжымына тап болғанын мақтаныш тұтады, оның әкесі Биболат та жөндеу-ме­ха­никалық цехында жұмыс істейді. – Осыдан үш жыл бұрын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін машина жасау мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолымды осы зауыттан бас­тадым. Қазір мен технологиялық қондырғыларды жөндеу ше­бе­рімін. Биыл 1 сәуірден бастап зауыт­ басшылығы жалақымызды 10 пайызға көтерді. Бұған дейін мен 120 мың теңге көлемінде еңбекақы алдым. Сәуір айынан бастап алып жатқан жалақыма толықтай қанағаттанамын. Жұмысшыларға еңбекақы әр айдың 10-на дейін, яғни уақытында беріледі. Қарамағымда 20 адам бар. Өткен айдан бастап жалақының көтерілгеніне жұмыстастарым да дән риза. Қазір зауытта негізгі 5 цех жұмыс жасайды. Әрбір цех жұмысшыларының атқаратын міндеті бар. Біз хром ангидридін өндіретін қондырғыларға жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, олардың жұмыс істеу технологиясын басқарамыз. Жоспарлы түрде жүргізілетін жөндеу жұмыстары болады. Бұл міндеттерді дер кезін­де атқаруымыз керек, – дейді ол. Виктор Артемьевтің еңбек өтілі 25 жылдан асады екен. Басында аппаратшы болып жұмыс істеген ол қазір бөлімше шебері болып еңбек етеді. – Мен осында еңбек ете жүріп Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің химия-технология бөлімін тәмамдадым. Мен жұмыс істейтін цехта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Бізге барлық еңбек және өндірістік жағдай туғызылған. Міне, сәуір айынан бастап жалақымыз 10 пайызға өсірілді. Біздің цехтағы еңбек үдерісі тауарлы хром тұзын өндірудің соңғы кезеңі десе де болады. Сондықтан сапаға үлкен мән беріледі. Пештерде, автоклаваларда, сыйымдылық аппаратарында жұмыс істеуде кемшіліктерге жол берілмеу қатаң қадағаланады, –дейді Виктор Артемьев. Аумағы атшаптырым алып кәсіпорын ырғақты жұмыс істеу­де. Мұнда әлеуметтік мәселе­лер де ойдағыдай шешілген. Сон­дық­тан да зауытта тұрақтылық, тәлімгерлік үрдіс қалыптасқан. Өнім­дері өтімді акционерлік қоғам ұжымы бір кісідей ұйым­шылдықпен еңбек етуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.