Мәселен күні кеше ғана астаналық жұрт сүйікті жазушыларының шығармашылық кешіне асықты. Сонау жылдарда түрлі тақырыптарға барып, елді елең еткізген, «Оң қолымен» шошытып, «Әкесімен» елжіреткен Төлен Әбдікпен кездесуге асықты.
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында санаткер жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің мерейлі 80 жасқа толуына орай «Парасат майданының жауынгері» атты әдеби кеш өтті. Салтанатты жиынға республиканың түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым, министрлер мен депутаттар, сондай-ақ автордың барша оқырманы қатысты.
Құттықтаулар легін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бастады. Министр жазушының кеші Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды қазақ әдебиеті алыптарының туған күнімен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
«Төлен аға – Мұхтар Әуезовтің жолын жалғаған көзі тірі классик жазушымыз. Оны қазір айту керек. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Төлен ағаға қандай баға бергенінің талай куәсі болғанбыз. Шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспаны іспетті Шерағаң сияқты Төлен аға да тек ақиқатқа, парасатқа қапысыз қызмет етті. Сонымен қатар Оралхан Бөкей секілді керемет суреткер, шынайы өмірдің образын жасаған үлкен жазушымыз. Осы үш қаламгердің сипатын, қасиетін бойына жиғандықтан Төлен ағаны сегіз қырлы, бір сырлы деп айтуға болады. Жазушылығы, драматургтігі бір төбе. Күйшілігі, домбырашылығы, әңгімешілдігі, тарихты тереңнен айтатын шежірешілдігі, күрестің де майталманы, басқа да сипаттарын жақсы білеміз. Сондықтан Төлен ағаны Абайдың бір сөзімен айтқанда, толық адамның, кемел адамның келбеті деп сипаттауға болады деп ойлаймын. Шығармаларын оқығанда өзінің сөзімен айтқанда, кіржуғыш машинадан шыққандай тазарып қаламыз. Өйткені Төлен аға қай шығармасында болса да, шын мәнінде тазалықты, адалдықты, кісілікті жазады. Сол үшін де жазушының әр шығармасы өміршең», деді министр.
Ал Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ең алдымен жазушының ұлт руханиятына сіңірген еңбегіне тоқталды.
«Кез келген ұлттың, халықтың басынан өткерген тарихи кезеңдері, ең алдымен сол халықтың әдебиетінде із қалдырады. Жұртшылық өзіңізді қазақ руханиятында ерекше қолтаңбасы бар қабырғалы қаламгер, ұлтқа ұстын, аузы дуалы абыз жазушы деп таниды. Сондай-ақ қазақ сөз өнерінің өркендеп қанат жаюында, төл руханиятымыздың ілгері қадам басуында Сіздің атқарған жұмыстарыңызды жоғары бағалайды. Қаламгерлігіңізбен қоса қайраткерлігіңіз де әрдайым ел назарында.
Кейінгі буын өзіңізді көркемсөздің де, көсемсөздің де нағыз шебері ретінде үлгі тұтады. Сіз сомдаған соны кейіпкерлер, тың тақырыптар кез келген әлемдік классикалармен иық тіреседі. Шығармашылығыңыздың негізгі бағыты да сол, сана тәуелсіздігі, адам құндылығы, әділдік майданы. Осы орайда қуатты қаламыңыздан туған шұрайлы шығармаларыңыз болашақта әлем тілдеріне үздіксіз аударылып, тұтас адамзат бас алмай оқитын күнге жетеді деп нық сеніммен айта аламыз», деді ведомство басшысы.
Шымылдығы мерейтой иесінің «Төрт түтін» күйімен ашылған әдеби кештің барысы да ерек болды: жазушының поэтикалық ойларымен өрілген жиын тележурналист, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіттің сахна төрінде автормен жүргізген сұхбатына ұласты. Шығармашылыққа, жазушылық өмірге, ақын Төлен Әбдікке, күйші Төлен Әбдікке, руханият пен мәдениетке қатысты қойылған сұрақтарға автор да шынайы жауап берді. Дәл осы кеште жазушының оңашада өлең жазатыны, күйшілік өнері жайында айтылды. Жастық шақта жазылған өлеңдері оқылды.
«Осыдан бес жыл бұрын, 75 жасымда осындай басқосулар болған еді, сонда мен әңгімемнің басында өмірден озған екі-үш досымның атын атап еске алған едім. Бес жыл ішінде тек мемлекет басшылары ғана емес, бүкіл дүние өзгерді. Пандемиядан екі жыл ішінде жетпістен аса жазушы қайтыс болыпты, олардың ішінде ең аяулы достарым бар еді, ең жаманы осылардың бәріне барып топырақ салуға шамамыз келмей қалды. Соның ішінде біздің жанымызды күйзелткен Қаңтар оқиғасы бар, осының бәрі қосыла келгенде бізге қаншалықты қиын болғанын аңғаруға болады деп ойлаймын», деген жазушының сөзінен кейін барша көрермен орнынан тұрып, ұлт руханиятына еңбек сіңірген тұлғаларды еске алды.
Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз буынының «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол» шығармаларымен өскенін, тіпті сол «Оң қол» түстеріне кіргендей болғанын айтты.
«Тозақ оттары жымыңдайдыны» оқығанда біздің өзіміздің отаршылдықта жүрген хал-күйімізді көрдік. Ақындарда «Махамбеттің монологы, негрдің монологы» деген бар. Яғни өзіміз айта алмағанды солардың аузымен беретін әдіс болатын. Десе де соның бәрінен Төлен аға озып кетті. Сонау үндіс тайпасының халі мен біздің қазақтың халі ұқсас болып шықты. Адамның жан-дүниесін тазартуды катарсис деп атайды. Төлен аға да жазуымен алпыс жылдан бері оқырманның жан-дүниесін тазартумен келе жатыр. Ол – лай суды тұндырумен бірдей. Дүниенің казустары, шиеленістері, ең бір адамды күйзелтіп, қиналуға жеткізетін қиын нәрселерді өз шығармасына арқау етіп алып шығады», деген Одақ төрағасы мерейтой иесіне қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқаны үшін «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағының куәлігін табыстады.
Жазушы сұхбат арасында қаламгер лабораториясы туралы пікірін айтты.
«Адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы дүниеге тікелей байланысты, сондықтан адамның жанына үңілсең, сен одан қоғамның картинасын көре аласың. Ол кезде цензура деген болды. Бет-жағын сездірмей, буалдырландырып, күрделендіріп жазуға тура келді. Мысалы, шығармада үндістер трагедиясын қозғап отырып: «Қазір бізде коко жапырағын шайнамайды деп ойлайсыз ба, қазір бізде жалған идеялар жапырағын шайнайды», деген сөздер болды, сол байқалмай кетті».
Сондай-ақ кеш барысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын депутат Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің төрағасы, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай оқыса, жазушының замандастары мәнді естеліктер айтты. Ал «Парасат майданын» алғаш оқыған сәттен «Мынау Кафканың өзі ғой», деп баға берген қаламгер Анатолий Ким бейнебайланыс арқылы құттықтады.