ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!
Бүгінде еліміз Ресей және Беларусь мемлекеттерімен бірлесіп, Еуразиялық экономикалық одағын құру қарсаңында тұр.
Сонау 1994 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық ықпалдастық бірлестігі идеясын ұсынған болатын. Содан бергі аралықта өткен 20 жылдың ішінде Еуразиялық экономикалық қауымдастығы мен Кеден одағынан Біртұтас экономикалық кеңістікке дейін эволюциялық жолға ұласқан үш кезең өтті.
Алдымызда үш елдің ұлттық экономикалары мен қарапайым азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған интеграция мен өзара күш біріктіру бағдарының нәтижелілігін айрықша растайтын Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою міндеті күтіп тұр.
Күн санап шиеленісе түскен жаһандық экономикалық бәсекелестік жағдайында сыртқы әлеммен өзара тиімді қарым-қатынас орнату, әлемдік, сондай-ақ, аймақтық интеграциялық ұйымдарға қатысу ел дамуына қажетті серпін берудің аса маңызды шартына айнала бастағаны барған сайын айқындала түсуде.
Мұны дүниежүзілік тәжірибе де айғақтайды. Мәселен, қатарына енуге Қазақстан талпынып отырған әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті әртүрлі сауда-экономикалық ұйымдардың мүшелері болып табылады. Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша 200-ден астам аймақтық ықпалдасу жобаларына әлемдік қоғамдастық мүшелерінің барлығы дерлік кіреді.
Еуразиялық интеграцияның экономикалық тартымдылығына және қатысушы мемлекеттер үшін пайдалылығына осы бірлестікке Қырғызстан, Армения, Тәжікстан, Чили, Израиль, Пәкістан, Иран, Түркия, Үндістан, Вьетнам сияқты және басқа да елдердің жоғары қызығушылық танытуын жарқын мысал деуге болады.
Еліміздің Президенті мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының басты бағыттарын айқындап, Ұлттық іс-қимылдың нақты жобасы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын ұсынды.
Тәуелсіздік жылдары Елбасы бағдарының аясында қазақстандықтардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартқан және қоғамның тұрақты дамуына серпін берген кең көлемді саяси және экономикалық реформалар іске асырылды. Өз мемлекеттілігімізді құрудың тарихи міндеті орындалды.
Бірлік пен келісім сияқты қоғамымыздың асыл құндылықтарын нығайту, сондай-ақ, барша қазақстандықтардың күнделікті еңбегі мен жасампаз күш-қуаты елдігіміздің тұғырланып, өркен жаюын қамтамасыз етті.
Халықтың қолдауына иек арта отырып, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең ірі ядролық қару арсеналынан бас тарту жөнінде тарихи шешім қабылдады. Көпвекторлы салиқалы сыртқы саясатты жүргізе отырып, Қазақстан барлық көршілес елдермен мемлекеттік шекара мәселесін шешіп, әлемнің барша мемлекеттерімен бейбіт әріптестік қарым-қатынас орнатты.
Қазақстан Тәуелсіздік жылдары бастапқы мүмкіндіктері төмен елден посткеңестік кеңістіктегі экономикалық көлемі жағынан ауқымды екінші мемлекетке айналды. Атап айтқанда, елге орталықазиялық аймаққа келген барлық шетелдік инвестицияның шамамен 70 пайызына пара-пар 160 млрд. АҚШ доллары тартылды. Халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 600-ден 14 мың долларға өсіп, еліміздің алтын-валюта қоры 100 млрд. АҚШ долларына жетті. Осы жылдары екі есеге ұлғайған ел экономикасы бүгінде Орталық Азия елдерінің экономикаларының тұтас көлемінен екі есеге асып отыр.
Еуразия жүрегінде орналасқан еліміздің жаңа елордасы – Астана Тәуелсіздіктің шынайы символына және ұлттық экономиканың локомотивіне айналды.
Қазақстан осы тарихи межеге экономикасы серпінді дамыған әрі жетістіктерімен әрбір қазақстандық мақтана алатын қалыптасқан, тұғырлы демократиялық мемлекет ретінде жетті.
Ресей және Беларусьпен Еріктілік, Теңдік, Прагматизм және Бәтуаластық қағидаларына негізделген экономикалық интеграция жасау ел экономикасының бұдан әрі дамуы үшін айрықша әлеуеттер түзіп, келесідей мүмкіндіктер есебінен өсім береді:
● жалпы көлемі 170 млн. адамды құрайтын нарыққа шығу;
● Еуразияда жалпы көлемі 2,5 трлн. долларға тең жаңа экономикалық орталық құру;
● шетел инвестициялары көлемінің, өзара қаржылай құйылулардың өсуін қамтамасыз ету, бірлескен кәсіпорындарды кеңейту және олардың жаңасын құру;
● нарықтық бәсекелестіктің артуына байланысты іскери белсенділікті айтарлықтай арттыру және отандық тауарлар мен қызметтер үшін үлкен нарыққа қол жеткізу;
● экономиканы әртараптандыру, салааралық кооперацияны күшейту, өндірістің жаңа салаларын дамыту;
● жұмыс орындарын ашу, еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру, жаңа еңбек нарығына қол жеткізу;
● қатысушы елдердің білім, ғылым, медицина қызметтеріне азаматтардың еркін қол жеткізуін оңайлату, сондай-ақ, шекаралық ынтымақтастықты және кең ауқымды мәдени-гуманитарлық байланыстарды интенсивтендіру.
Еуразиялық экономикалық одаққа ену алдында ұлттық экономиканы қосымша ынталандыра түсу үшін Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлікке, ең алдымен, шағын және орта бизнеске ерекше қолдау көрсетуде. Бұл «Бизнестің жол картасы», кәсіпкерлерді тексеруге мораторий, Ұлттық қордан 1 триллион теңге инвестиция бөлу, инвестициялық ахуалды жақсартудың жүйелі шаралары, әкімшілік кедергілерді түбегейлі азайту сияқты бірқатар қадамдардан көрініс тауып отыр.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы – еліміздің ірі үнқатысу алаңы бола отырып, маңызды мемлекеттік бастамалар бойынша қоғамдық мүдделердің үйлесім табуын қамтамасыз ететін бірден-бір құрылым.
Біз, саяси партиялар мен жетекші қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын ДКЖК мүшелері Еуразиялық экономикалық одағын құруды толықтай қолдаймыз.
Бүгінгідей Отанымыз үшін аса маңызды осы бір тарихи сәтте, біз барша қазақстандықтарды Елбасы саясатының төңірегіне топтасуға, ал Үкімет пен атқарушы органдар жүйесін – ел Президентінің мемлекеттік бағдарын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге шақырамыз.
Біз, Еуразиялық экономикалық одақтың ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына айрықша серпін беріп, мемлекеттік Тәуелсіздігімізді нығайта түсетініне және Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуіне қажетті жағдай жасайтынына кәміл сенеміз.
«Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстанның Патриоттар партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясы, Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы, «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» стипендиясы түлектерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның кәсіпкерлер форумы, мүгедектердің «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» қоғамдық бірлестігі, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігі, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының ассоциациясы, Қазақстан іскер әйелдері ассоциациясы, «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономика мен G-GLOBAL дамыту үшін коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, Кәсіпкер-әйелдер одағы, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан украиндарының радасы» қоғамдық бірлестігі.