Экономика • 30 Қыркүйек, 2022

Маңызды меморандум

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының индустриялық аймағында Chery, Changan, Haval автомобиль­дерін шығаратын толық циклді мультибрендті зауыт салу жоспарланып отыр. Кәсіпорында көліктерді тек ұсақ торапты әдіспен өндіріп, шанағын дәнекерлеу және бояу жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай «Астана Моторс» пен қытай компаниялары арасында үш меморандумға қол қойылды.

Маңызды меморандум

Бұл туралы Қазақстанның машина жасаушылары форумы аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков мәлімдеді.

Автомобиль жасауды дамыту мәселелеріне арналған секциялық отырыс барысында Олжас Сапарбеков салада жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар жайында егжей-тегжей баян­дады. Бүгінде кореялық Yongsan компаниясымен Hyundai Accent және Hyundai Tucson модельдеріне арналған автомобиль орындықтарын өндіру бо­йынша бірлескен жоба пысықталуда. Сонымен қатар «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауытында шығары­латын Hyundai Accent, Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Hyundai Elantra модельдеріне мультимедиялық жүйе­лерді орнату үшін MOTREX компаниясымен жұмыс жүргізілуде. Бұл жобалар шығарылатын модельдердегі қазақстандық қамту үлесін және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Машина жасау технологиялық тұрғыдан өнеркәсіптегі ең күрделі салалардың бірі. Машина жасауда бір жұмыс орнын құру өзге байланысты салаларда алты жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік береді. Саланың маңызды ба­ғыт­тарының бірі – автомобиль жасау.

«2010 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль жасау машина жасаудың барлық саласының ішін­де небәрі 5 пайызын құрады. 2021 жыл­дың қорытындысы бо­йынша авто­өнеркәсіптің үлесі 32,1 пайызға дейін артты. Биылғы бірінші жартыжылдық­та бұл көрсеткіш 37,5 пайызға жетті. Нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде автоөндірушілер саны артып, үнемі салық түсімдерін қамтамасыз ететін сала қалыптасты», деді О.Сапарбеков.

Ол министрліктің қызметі өң­деу өнеркәсібі салаларын кешенді дамытуға бағытталғанын атап өтті. Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру және көлік құралдарына компоненттер­ді өнеркәсіптік құрастыру туралы жаңартылған келісімдерді енгізу жоспарланған. Сондай-ақ оқшаулауды бағалаудың балдық жүйесі енгізілді. Осылайша, ұсынылатын преференцияларды тиімді пайдалануға және бөлуге мүмкіндік бар.