Қайыстай қажырлы қария саналы өмірінің кейінгі отыз жылын Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мол мұрасын зерделеуге арнапты. Ол кісі бастаған экспедиция биыл ұлт ұстазының табаны тиген жерлерді аралап, Ресейдің Челябі, Орынбор, Уфа, Мәскеу, Архангельск қалалары мен Бакуге дейін барып қайтты. Ахаң қызмет етіп, бала оқытқан Қарқаралы, Ақтерек, Семей, Қарағаш, Қарабұтақ, Әулиекөлге де ат ізін салып, Ахаңның кіндік қаны тамған Торғайға келіп, ел алдында есеп берді.
– Сапар барысында Ахмет атамыз болған жерлердегі музей, архив, оқу орындарында, мәдени нысандарда жергілікті жұртпен кездесу өткізіп, материалдар іздестірдік, өлкетанушы, кәріқұлақты үлкендерден деректер сұрастырдық. Мәселен, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынұлы жұмыс істеген мектеп бар. Ғимараты әлі күнге сақталған, кітапхана мен шағын орталық сонда орналасқан. Сол нысанның маңдайшасында Ақаң 1904-1909 жылдары жұмыс істеді деген жазу тұр. Оны жаздырған белгілі ғалым Ақжан Машани екен. Ақтеректіктердің аузындағы дерекке сенсек, бұл мектептің құрылысы 1876-80 жылдары жүргізілген. Енді бір баспасөз мәліметтерінде 1902 жылы салынды, оның құрылысына Ахмет Байтұрсынұлы қатысты делінеді. Мысалы, Ақтерек ауылының 86 жастағы қарт тұрғыны Мұрат Исақашов 1970 жылдары Ақжан Машанидың «осы мектепте Ахмет Байтұрсынұлынан білім алдым» дегенін естідім» дегенді айтады. Ал кейбір деректерге сүйенсек, Машани 1906 жылы өмірге келген. Мұндай күмәнді, екіұшты ақпараттарды жүйелеп, бір ретке келтіру парыз. Жергілікті тұрғындарға сол жайлы түсіндіріп өттік. Бұл ғалымдар нүктесін қоюы тиіс тақырып деп білемін, – дейді ақсақал.
Қостанай облысы