Бүгінде «Әділетті Қазақстан» идеясы аясында елімізде қарқынды өзгерістер, атап айтқанда, жастар саясатына жаңа бетбұрыс, мемлекеттік басқарудағы ашықтық қағидатын кеңейту, әр қоғам мүшесінің дүниетанымы мен көзқарастарының өзгеруі, ұрпақтар арасындағы сабақтастық және құндылықтар жүйесін жаңғырту бағыты білім беру жүйесінің алдына жаңаша міндеттер қойып отыр. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуінде елдегі білім беру жүйесін толықтай өзгертіп, техникалық кәсіпті игеруге көңіл бөлу қажеттігін тапсырды. Рухани құндылықтарды қалыптастыруда да мемлекет басшысы amanat партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдап, Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атап өтті. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық. Олай болса, ендігі білім беру жүйесі осы үш қасиетті білім алушылар бойына сіңіруге, жаңаша рухты ұрпақ қалыптастыруға бағытталуға тиіс. Осылардың негізін қалайтын бірден-бір ұйым мектеп болса, ол мектеп білім алушылар қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, жол сілтейтін ұстаздар қауымынан құралады. Сондықтан ұстаздарға қойылар талап та сұранысқа сай өзгеруі тиіс.
Мемлекет өз тарапынан ұстаздар мәртебесі дәріптеліп, оларға қолайлы жағдай жасап, әл-ауқатының артуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте ұстаздардың табысын, өмір сүру жағдайын және жұмысын жақсарту, педагог кәсібінің ең талантты адамдар үшін тартымдылығын сақтау мемлекеттік білім беру саясатының күн тәртібіне қойылды. Осылайша, мемлекеттік деңгейде «Педагог мәртебесін» қолдап, арнайы заң қабылдауы осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Бұл заңда ұстаздардың құқығын қорғау, оқу жүктемесін төмендету және марапаттармен қатар материалдық ынталандыру қарастырылған. Сондай-ақ шамадан тыс қағазбастылыққа тосқауыл қойылды. Педагогтер жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендетілді, жалақысына үстемеақы қосылып келеді. Бұған қоса, ұлттық тестілеуден ойдағыдай өткен және магистр дәрежесі бар педагогтердің айлық жалақысы өсті. Педагогика саласына таланттарды тарту үшін жасалған икемді тетіктер өзін ақтай бастады. Қазіргі таңда педагогтердің білім деңгейі жаңа деңгейге көтерілді, магистр ұстаздардың үлесі жалпы педагогтердің 3,8%-ын құрап отыр. 2017 жылмен салыстырған бес жыл ішінде мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы магистр дәрежесіне ие болған педагогтер саны 12 743-ке жетті. Мұның барлығы – педагогтердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарта отырып, білім алушылардың білім сапасын арттыру үшін жасалып жатқан іс-шаралар.
Пандемиядан кейін педагогке деген қоғамдық сұраныс та артты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жүргізген зерттеулер анықтап отырғандай, қашықтан оқытуда педагогтерге ата-аналар тарапынан сыйластық пен түсіністік арта түсті, ұстаздық мамандыққа құрмет нығайды. Сонымен қатар бұл кезең педагогтерге жаңа технологияны меңгеруге, білім сапасын арттыруда жан-жақты ізденуге, интернетті тиімді қолдануға және өзін өзі дамытуға жол ашты. Нәтижесінде жас педагогтер білім берудегі жаңашылдықтарға қол жеткізіп, сабақты тиімді әрі қызықты өткізудің жолдарын тауып, алдыңғы буынмен өз тәжірибелерін бөлісуге мүмкіндік алды. Мұндай негіздер педагогтердің өзара қауымдасуына және диалог алаңдарын құруға серпін әкелді. Жалпы, қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының жаңа жүйесі қалыптасуда, соның бірі азаматтық бастама түрінде педагогтер қауымдастықтары құрылуда. Педагогтер қауымының белсенді жұмысы педагогикалық технологиялар мен парадигмаларды да өзгерте бастады, олар әлеуметтік, мәдени және кәсіби капиталға айналып келеді. Мұндай динамикалық өзгеріс педагогтердің этикасы мен ағартушылық идеяларын ілгері жылжытуда маңызды.
Қазіргі ұстаз бейнесі өзгеріске түсіп, оларға артылатын жүк пен қоғам алдындағы жауапкершілік еселене түсті. Мұғалім мамандығын таңдайтын жастардың үлесі артып, ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинаған түлектер бұл кәсіптің қыр-сырын меңгермек. Жаңа Қазақстанды құру жолында қалыптасатын білікті маман да ертеңгі білім алушы екендігін ескерсек, ұстаз өзінен озатын жаңа ұстазға жолсерік болмақ. Алайда озық ойлармен, жаңа тәжірибемен өзара бөлісу мәдениеті арқылы бұл жұмыстың нәтижелі болатыны ақиқат.
Қорытындылай келе, ұлттың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ газетінде» жариялаған «Оқу жайында» атты мақаласында былай деп жазған: «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенінен көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші», деген ойы өзектілігін жоймақ емес. Олай болса, Әділетті Қазақстанның көсегесінің көгеруі – білім мен ғылымда болса, оның жаңашылдығы тікелей ұстаздарға байланысты болмақ.
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылым жөніндегі вице-президенті,
саясаттану PhD