Елорда • 30 Қыркүйек, 2022

Елорда тыныштығын күзеткен

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімін «астаналық құ­рама» деп атайды ұландықтар өз арасында. Өйткені «Үркер» шағын ауданында орын тепкен әскери ұжым елор­да­ның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, астаналықтар­дың тыныштығын күзетеді.

Елорда тыныштығын күзеткен

Аспандағы ақша бұлттар болмаса, күн көзі жарқырап тұр. Бірі бала-шағасымен, енді­ бірі болашақ жарымен қол ұстасып қыдырып жүр­ген қалың жұрт. Алыстан үш жауынгердің сұлбасы көрін­ді. Азаматтық киімдегі адамдардан бірден ерекшеленіп тұр. Әскери киім киісі, сап­тық жүріс-тұрысы көзге от­тай басылады. Бұл бүгін­гі ты­ныштығымыздың күзетші­ле­рі, ұландық жауынгерлер. Қа­сымда келе жатқан 5573 әс­кери бөлімі 1 батальон 1 рота 3 взвод командирі аға лейтенант Айберген Иван мені күндізгі қызметтің ерекшелігімен таныстырып келеді.

– Өзіңіз көріп тұрғандай, күндіз жұрттың барлығы көте­рің­кі көңіл күймен жүреді. Жаз­ды күні қала тұрғындары мен қонақтары осы орталық сая­бақты аралайды. Жұрттың көбі демалыс күндері отбасы­лары­мен бірге демалады. Күн­діз­гі қызметтің ерекшелігі осында. Адамдар өз демалыс­та­рын жоғары деңгейде өткізуі керек. Өзге біреу мас күйде ха­лықтың шырқын бұзып, тө­белеспеуі және жалпы қо­ғам­дық тәртіпті сақтау үшін ­ке­зе­к­­ші­лікте жүреміз, – дейді жас офицер.

Сәлден кейін, қасымызға үштіктен құралған әскери жа­сақ келді. Барлығы әскери бө­лім­нен тағайындалған кезекші офи­цердің қасына жақындап, әс­кери тәртіпке сай баяндай бас­тады. Мән-жайды анықтап болған соң мен сарбаздарды да әңгімеге тарттым. Әскери жа­сақ бастығы, қатардағы жауынгер Асан Жұмабеков 8 ай­­дан бері әскерде екен. Қа­сын­­дағы патрульшілер қатар­дағы Юнус Юлдашев пен Қа­сым­жан Әбдіманап жуырда ғана әскери анттарын қа­был­да­ған жас жауынгерлер. Асан Жұ­мабеков қызмет бойынша тә­жі­рибелі саналады. Және де бір сатыға жоғары тұрады. Жа­сақ бастығы болып бекер­ден-бекер тағайындалған жоқ. А.Жұ­мабеков әскерге Шым­кент шаһарынан шақыры­лып­ты. Осы уақыт ішінде елор­дадағы қоғамдық тәртіпті кү­зетуде едәуір тәжірибе жи­нақтаған.

– Мен де кезінде Әскери ант қабылдап, алғаш рет қалаға қызметке шыққанмын. Әскер, оның ішінде Ұлттық ұлан – жауынгерлік-әскери отбасы болып саналады. Біз жаңадан әскер қатарына шақырылған сарбаздарға қызметтің қыр-сы­рын үйретеміз. Мені де кезінде офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер, алдыңғы шақырылымдағы қа­ру­ластарым үйретті. Мен де үй­ретемін. Бұл Отанымызды қор­ғауда қажет деп білемін, – дейді әскери жасақ бастығы.

Ұландықтардың айтуынша, күндізгі қызмет тыныш өтеді. Өйткені қылмыс атаулының көбі түнде, ымырт жабылғанда жасалады. Ең назар аударуға тиістісі Есіл өзенінің жағалауы. Су – тілсіз жау. Үлкендер балаларымен суға тым қатты жақындаса, әскерилер міндетті түрде ескерту жасап, оларды сақ болуға шақырады.

– Біздің қызмет қылмыстың алдын алуды міндеттейді. Құжаттарды да біз кез келген азаматтан сұрай бермейміз. Тек күдікті немесе мас күйде тұрған азаматтардан сұраймыз. Өйткені олар өзгеге немесе өзіне зиян келтіруі мүмкін. Мы­салы, жазда суға құласа, қыс­та суықта қатып қалуы кәдік. Тіпті ұрлық, зорлық-зом­былық та көбінесе мас күй­­де жасалады. Біз олардың ал­­дын алу арқылы қалада қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз ете­міз. Бізді осыған үйретеді. Біз осыған жауаптымыз, – дейді аға лейтенант Айберген Иван.

Жоғалған балаларды сая­бақ­тарда тауып алатын жағ­дай өз алдына бір әңгіме. «Кө­бінесе, бізге ата-аналар жо­лығады. Балаларынан көз жазып қалады. Немесе басқа аза­маттар жақындап «Ана жер­де бір бала жылап тұр. Ата-анасынан адасып қалған болуы мүмкін» дейді. Біз барып баланы әңгімеге тартып, ақы­рында жағдайды сұрап аламыз. Жақындарының телефон нөмірін білсе, қоңырау со­ғамыз. Мекен-жайды айтса, апа­рамыз. Ештеңе айта алмаса по­лиция пунктіне жеткіземіз. Ата-аналар әдетте сол жерде болады», – деп ағынан жарылды патрульдік топ бастығы, ефрейтор Айдос Сабыржанов. Ол да тәжірибелі келісімшарт қызметінің әскери қызметші­сі. Қасындағы жауынгерлер қа­тар­дағы Дидар Резенов пен Же­ңісқали Нұртөрені ертіп, әрі қа­рай Есіл бойын жағалап, қыз­мет­терін жалғастыруға беттеді.

Тыныштық атаулысына не жетсін?! Елорда төріндегі саябақта ел мамыражай күн­дер­дің қызығын тамашалап жүр. Жастар «тик-ток» түсіріп, үлкендер немерелерін ертіп дем­алыстарын ойдағыдай өт­кізуде. Тек, Ұлттық ұлан жа­у­ын­герлері үнемі қызметте. Есіл­­дің бойы ерлердің күзе­тінде екенін осындай азамат­тар­­ға қарап білесің.

 

Дарын СЕЙІТОВ,

әскери журналист