Өнер • 30 Қыркүйек, 2022

Кәріпбек – Франция төрінде

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің туындыларына хас өнерді аса әспеттейтін француздар да куә болыс­ты. 8 күнде Францияның түрлі қалаларындағы көрмеде француздар Кәріпбектің тағдыры мен туындысы арқылы жалпы ядролық қарудың қандай зұлмат екеніне және бір көз жеткізді.

Кәріпбек – Франция төрінде

Көрмені ұйымдастыруға мұрындық болғандар қата­рында – Әлем қозғалысы (Mouvementdelapaix), Рена-Ал­­маты бауырластық комитеті, Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Страсбургтегі Қазақстанның Бас консулдығы бар. Суретшінің сапарына қар­жы-қаражат әлеуметтік желі арқылы жиналса, Қарағанды об­лысы әкімі Жеңіс Қасымбек, Amanat партиясының филиалы зор қолдау көрсеткенін атаған жөн.

Еуропа кеңесінде (Страс­бургте), Страсбург универ­си­тетінде, Қазақстанның Фран­ция­дағы ел­шілігінде (Париж), Сенатта (Люксембург сарайы, Париж), ассоциация үйінде (Ренн) өткен көрмелер көптің көңілінен шы­ғып, көкірегіне қонақтап жат­қанын француздар да жасыр­мады.

Көрмені ұйымдастыру­шы­ның бірі, әлемге танымал қоғамдық ұйым – Әлем қоз­ғалысының ұлт­тық хат­шысы Ролан Ниве Кәріп­бекке картиналарын сатуда көмек қолын созатынын атап өту керек.

Торси қаласы мэрінің орын­басары Брис Массекс Кәріп­бектің өмір тарихының жан тебірентерлігін айтады.

– Мен оның өмірбаянына, осындай жағдайға қалай жет- к­е­­ніне қайран қаламын. Бү­гінде мынадай ақпараттарды білуге тиіспіз. Кәріпбек арқылы көп жайттан хабардар болдым, –дейді Брис Массекс.

Тағдыры күрделі суретші фран­цуздықтар назарына 17 еңбе­гін ұсынды. Оның туын­дысының басым бөлігі ан­тиядролық тақырыппен бірге Қазақстанның пейзажы­на ар­налған. Суретшінің СМА дер­тінен зардап шегетін, «Зол­генсма» екпесіне аса мұқ­таж кішкентай қарағандылық Айкүміс Сәрсенді қолдауға ар­налған туындысын Қазақ­станның Франциядағы елшілігі сатып алды. Түскен қаражат баланың ата-анасына берілмек.

Суретші өзіне бұл көрменің зор мәртебе екенін айтады. Жаңа кітаптың парағы ашыл­ғандай әсерде екенін жеткізді.

– Францияда бұрын-соңды болмаған едім. Француздардың еңбектерімді тамашалауы кеу­деме мақтаныш сезімін ұя­лат­­­ты. Әрине, осы арада Қазақ­станымыздың тарихы, Семей по­лигонының тарихы туралы айтуға болады. Парижде Се­натта ядролық қарумен күресуге үлес қосқандар жиналды. Менің осында келуіме ықпал еткен, кө­мек­­тескеннің бәріне алғысым шек­сіз, – дейді К.Күйіков.

 

Қарағанды облысы