20 Мамыр, 2014

«Қазақстан барысы»: Жамбыл облысы

731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Даулетхан Жакыпов, Бейбит Ыстыбаев «Қазақстан барысы» турнирінің соңғы іріктеу кезеңі қызықты және тартысты өтуде. Осы кезге дейін Қызылорда және Павлодар облысынан финалға жолдама алған балуандарды жазған едік. Енді, міне кезек Жамбыл облысына да келіп қалды. Жақында бұл өңірден  «Қазақстан барысы» турнирінің 2012 жылғы және «Eurasia Barysy» халықаралық турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев пен талантты балуан Дәулетхан Жақыповтың қатысатыны белгілі болды.  Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бейбіт бұл жолы да қарсыластарын шаң қаптырып, топтан қара үзіп шықты. Жамбыл облысындағы іріктеу сынының финалында ол талантты балуан Дәулетхан Жақыповтан басым түсті. Жалпы,  Жамбыл облысындағы іріктеу турнирі ешбір балуанға оңай болған жоқ. Ал былтырғы «Қазақстан барысы» додасының финалына шыққан Айдос Теңгебаев үшінші орын алды. -Іріктеу сыны расында оңай болған жоқ. Себебі, елімізде қазақ күресі қанат жайып келеді. Талантты балуандар жетерлік. Бәсекелестік бар. Алла қолдап, жеңіске жеттім. Енді Астанада өтетін финалға тыңғылықты дайындық жүргіземін, - дейді 2012 жылғы «Қазақстан барысы», 2013 жылғы «Eurasia Barysy» халықаралық турнирінің жеңімпазы. Бейбіт Ыстыбаевтың бойы 193 см, салмағы 135 кило. Ол 1985 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Көшек батыр ауылында туған. Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жаттықтырушысы - Елдос Далабай. Ал Дәулетхан Жақыповтың салмағы 82 кило. 1992 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданында туған. Дәулетхан дзюдодан спорт шебері. Осылайша, «Сарыарқа» велотрегінде өтетін финалдық сында Жамбыл облысы Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақыповқа үміт артады. Дәулетхан былтыр да финалдық айқасқа жолдама алған. Бірақ, дзюдодан ұлттық құрама сапында Бүкіләлемдік Қазан Универсиадасына дайындалу үшін финалдан бас тартқан еді. Енді Жақыпов екінші мүмкіндігін құр жібермейді деген ойдамыз. Дастан Кенжалин. Дереккөз: «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі. Фото: «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі. Суретте: солдан оңға қарай Дәулетхан Жақыпов,  Бейбіт Ыстыбаев,  Айдос Теңгебаев.
Соңғы жаңалықтар