Астанада Байланыс және ақпарат агенттігі, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ пен «АКТ-ны дамыту қоры» КҚ ұйымдастыруымен ASTEX-2014 халықаралық көрме-конференциясы өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұл көрме елімізде жыл сайын электронды коммерцияны, электронды үкіметті дамыту мақсатында өткізіледі. Биылғы шараға отандық компаниялармен бірге шетелдік ірі кәсіпорындардың басшылары да қатысып, Қазақстанның электронды коммерцияны дамытуда атқарып жатқан жұмыстарымен кеңірек танысты.
Көрменің ашылу салтанатына Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев қатысып, шетелдің компания жетекшілеріне, мамандарына елімізде электронды коммерцияны дамытуға арналған кешенді шаралар туралы айтып берді. Онда агенттік төрағасы бүгінгі күні еліміз БҰҰ-ның деректеріне сәйкес, электронды үкіметті дамыту бойынша әлемнің 190 елінің арасында 38-ші орынға орналасқанын, ал 2010 жылы бұдан 16 орынға төмен болғанын, сондықтан төрт жылдың ішінде осыншама орынға көтерілгенінің өзі еліміз үшін үлкен жетістік екенін айтты.
Осыдан кейін «АКТ-ны дамыту қоры» КҚ бас директоры Санжар Кеттебеков пен «Сколково» технопаркінің бас директоры Ренат Батыров зияткерлік қызметтің нәтижелерін инновациялық дамыту және коммерцияландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен бірге қазақстандық қор мен Muckerlab атты америкалық компаниясының арасында ақпараттық технологиялар саласындағы стартап-компанияларды дамыту жөніндегі меморандум жасалды.
Көрменің екінші күні Байланыс және ақпарат агенттігінің мамандары шетелдік компаниялардың басшылары С.Франзен, Янг Им Чо, Р. Беллак, Э.Раннала мен Р.Батыровпен елімізде электронды коммерцияны дамыту және ІТ-кластер құру бойынша екі жақты кездесулер өткізді. Жалпы, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ
төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, ASTEX-2014 халықаралық көрме-конференциясына 3 200 адам келіп, 41 спикер сөз сөйледі. Екі күнде 9 сессия, екі шеберлік сабақ, үш дөңгелек үстел, стартап-жобалардың көрсетілімі, 17 екі жақты кездесулер өтті.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметі.
Фото: Ерлан Омаров.