Теннис • 01 Қазан, 2022

Александр Недовесов әлемнің 69-ракеткасын жеңді

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Astana Open ATP 500 турнирінің іріктеу сайыстары өтіп жатыр. Қазақстанның жұптық сындағы екінші ракеткасы Александр Недовесов күтпеген нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ сайтына сілтеме жасап. 

Александр Недовесов әлемнің 69-ракеткасын жеңді

Жекелей сында жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Недовесов алғашқы кездесуінде әлемнің 69-ракеткасы, колумбиялық Даниэль Галанды 5:7, 7:6 (7:0), 6:2 есебімен ұтты. Бірінші партияда Александр 4:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады. Екінші сетте тай-брейкте 7:0 есебімен жеңсе, соңғы, шешуші партияны сәтті өткізді.

Тартысты матч екі сағат жарымға жуық уақытқа созылды.

Недовесов іріктеу сайыстарының финалында түркиялық Жем Илькел немесе қытайлық Чжичжень Чжанның біреуімен негізгі турнирге берілетін жолдаманы сарапқа салады. Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев әлемнің 65-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенге есе жіберді – 1:6, 4:6.

Арысланбек Айтқұлов ресейлік Павел Котовтан ойсырай ұтылды – 0:6, 0:6. Ал Григорий Ломакин түркиялық Алтуг Челикбелектен айласын асыра алмады – 3:6, 3:6.