Жергілікті өлкетанушы Мәди Өтеғалиевтің айтуынша, оны балуандығымен танылған Сүйіндік есімді кісі қазған екен. Оның бұл құдықты қазуына жиенінің жарық дүние есігін ашуы себеп болған.
– Сүйіндік балуан жиені Ишандық өмірге келгенде «Сәбиді теңіздің ащы суына шомылдырмаймын. Жауырына тұз жиналады», деп арнайы құдық қазған. Құдықтан мейір қандырар тұщы су шыққан. Каспий теңізінен аулаған балығын кемемен келген орыс саудагерлеріне қарағайдың тақтайына айырбастап, құдықты шегендеген. Сол себептен, ауыл адамдары «Қарағай құдық» атаған ғой, – дейді Мәди Өтеғалиев.
Теңіз жағалауына қоныстанған ауылдардың тұрғындары бұл құдықтың суын талай ішкен. Тіпті кеңес дәуіріндегі кеңшардың басшылары құдықтың суын төрт түлікті суару үшін тасытқан.
Құдықтың қазылуына себепші болған Ишандық Ресейдің Астрахань өңіріне көшіп кеткен секілді. Өйткені баласы Әлібек көрші елде тұрады. Ол 2017 жылы әкесінің кіндік тамған мекендегі аталған құдықтың көзін аршып, реконструкция жүргізіпті. Құдыққа белгітас орнатқан.
Атырау облысы