Бүгін VII Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады
Жыл сайын Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаһандық экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, биыл жетінші рет өткізілгелі отырған Астана экономикалық форумына әлемнің 139 мемлекеттерінен беделді сарапшылар, белгілі саясаткерлер, экономика ғылымының көшбасшылары қатысуда. Биылғы Астана экономикалық форумының басты ерекшелігі, G-Global ақпараттық коммуникативтік алаңы негізінде белгіленген Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданбақ.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің бастамасымен өмірге келген G-Global идеясының маңыздылығын тағы да атап көрсетті. «Жаһандық саясаттағы қазіргі жағдай – әлем құрылысының көпқырлылық жағына қарай ауысу парадигмаларының драмалық актісі. Бұл туралы мен алғаш рет G-Global бастамасын ілгерілете отырып, 2012 жылы-ақ айтқан болатынмын. Мен егер халықаралық құқықта, сыртқы саяси практикада, мемлекетаралық қатынастар тәсілдерінде терең өзгерістер жүзеге асар болса, қазіргі жаһандық сын-қатерлер еңсеріледі деп есептеймін. Сондықтан біздің G-Global қағидаттары туралы ұсыныстарымыз әлемдік қоғамдастыққа қай кездегіден де пайдалы. Мен олардың әлемнің дамуына қазіргідей бей-берекет емес, сындарлы сипат беруге қабілетті екеніне сенімдімін. Ассамблеяның бай халықаралық байланыстары бар. Мен барлығыңыздың G-Global идеясын ілгерілету үшін өздеріңіздің халықаралық байланыстарыңызды пайдалануға шақырамын», деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Елбасы әлемге бұрын-соңды баламасы болмаған халықаралық жаңа үнқатысу алаңы – G-Global-ды ұсынды. Бұл G8 және G20 алаңдарының баламасы емес. Бұл қосымша жаһандық үнқатысу алаңы. Атап айтқанда, әлемдік сарапшыларға жаһандық экономика мәселелері бойынша интерактивті, ашық және айқын пікірталастар өткізуге жан-жақты жағдай жасалған алаң. Бүгінде G-Global платформасының қатысушылары қатарында әлемнің 190 мемлекетінен 4 миллионнан астам адам бар. 40 миллионнан астам интернет-ресурстарға мониторинг жүргізетін Alexa.com статагенттігінің дерегі бойынша, G-Global біздің планетамыздағы адамдар өте көп кіретін 25 мың сайттың құрамына кіреді.
G-Global ақпараттық-коммуникативтік пікір алысу алаңына дүниежүзінің ғалымдары, саясаткерлері және қоғамдық қайраткерлері жоғары баға берді. Осы жаңа G-Global үнқатысу алаңының арқасында көптеген сарапшылар бүгінгі күннің ең маңызды құжаты – Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасын талқылауға мүмкіндік алды. VII Астана экономикалық форумының және ІІ Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның негізгі қорытындысы да осы маңызды құжатты қабылдау болып табылады.
Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы (ӘДҚЖТ) өткен жылғы VI Астана экономикалық форумының шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясының және сол кезеңде G20-ға төрағалық еткен Ресей Федерациясының көмегімен І Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияда белгіленген болатын. Бұл құжат – үкіметтердің, орталық банктердің, халықаралық даму институттарының, әлемге белгілі ғалымдар мен сарапшылардың, сонымен бірге жаһандық азаматтық қауымдастықтың бірлесе атқарған орасан зор еңбегінің жемісі.
Әлемдік экономиканы сауықтыру жөнінде ұсынылып отырған кешенді шаралар – бұл бүгін орын алып отырған проблемаларды шешудің және алдағы уақытта болатын рецессиялардың алдын алудың ғылыми негіздегі жолы болып табылады. Ол негізінен ұзақ мерзімге арналған тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге бұл құжат жаһандық саясатты тиімді үйлестіре отырып, жаңа қаржы архитектурасын құруды көздейді.
БҰҰ және халықаралық даму институттары сарапшыларының берген бағасы бойынша, ӘДҚЖТ әлемнің барлық мемлекеттерінің өмірлік мүдделеріне сәйкес келетін сапалы құжат болып табылады. Мәселен, Еуропа парламентінің сыртқы саясат бас дирекциясының халықаралық сауда департаментінің сарапшысы Р.Бендини ӘДҚЖ тұжырымдамасының әлеуметтік сипатына үлкен баға берді. Сонымен бірге ол бұл құжаттың G20 тобында талқыланатын жаһандық мәселелерді тиімді шешудегі маңызды рөлін де атап көрсетті.
2014 жылғы 2 мамырда Астана қаласында өткен Азия даму банкінің 47-ші жыл сайынғы кеңесінің отырысы шеңберінде болған ІІ Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның бірінші пленарлық мәжілісінде Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының жобасы мақұлданған болатын. Осы пленарлық мәжіліске қатысушы Азия даму банкінің вице-президенті Бинду Лохани банктің басқарушы кеңесінің атынан ӘДҚЖТ-ға жоғары баға беріп, барынша қолдау көрсететіндігін мәлімдеді. Сонымен бірге ол әлемдік қауымдастықты бұл маңызды құжатты шұғыл қабылдауға шақырды.
І Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияда негізі қаланған Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған аз уақыттың ішінде G-Global платформасы 170 мемлекеттің 1 миллионнан астам қатысушыларын біріктірді. Осы халықаралық үнқатысу алаңында 15 мың баяндама және зерттеу жұмыстары, 47 мың сараптама мен пікір талқылаудан өткізілді. Сонымен бірге әлемнің танымал сарапшылары мен ғалымдары қатысқан 370 бейнеконференция өткізілді. Атқарылған осы жұмыстың қорытындысы VII Астана экономикалық форумы және ІІ Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияда шығарылатын болады.
Жалпы алғанда, Астана қаласында өтетін осы жаһандық форум шеңберінде БҰҰ-ның Халықаралық отбасы ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Миграция жөніндегі халықаралық ұйым, Бреттон-Вудсты жаңғырту жөніндегі комитет ЮНКТАД, БЕО, ЕҚЫҰ, Мадрид клубы, Халықаралық Нобель сыйлығының қоры, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Бүкіләлемдік энергетикалық кеңес, Бүкіләлемдік Кеден ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар өздерінің маңызды шараларын өткізетін болады. VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференциясы жұмысын Euronews, CBS. BBS/ ChinaEconomicNet, ChinaEconomicDaily, FssociatedPress, FinanzundWirtschaft сияқты әлемге белгілі халықаралық медиа-агенттіктер насихаттамақ.
АЭФ-2014 басқосуын ұйымдастырушылардың бірі – «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының мәлімдеуі бойынша, әлемдік саясаттың, бизнестің көшбасшылары, ірі халықаралық ұйымдардың және трансұлттық компаниялардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары сияқты 500-ден астам VIP-қонақтар форум жұмысына қатысатындығын білдірді. Қазірге дейін VII АЭФ жұмысына 10 мыңнан астам, оның ішінде 3 мыңға жуық шетел делегаттары қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында БҰҰ-ға мүше 139 мемлекеттің өкілдері бар. ІІ Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция шеңберінде 3 панельдік сессия және ашық пікірталастарға арналған 2 басқосу өткізіледі. Сонымен бірге қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қатысуымен көшбасшылар диалогы өтеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».