Әлем • 02 Қазан, 2022

Рим Папасы: Қазақстан – өркениет пен өрліктің өнегесі

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

21 қыркүйек күні таңертең Папа Франциск дәстүрлі жалпы аудиенциясын өзінің Қазақстан Республикасына барған апостолдық сапарының қорытындыларына арнады.

Рим Папасы: Қазақстан – өркениет пен өрліктің өнегесі

Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған мыңдаған тәуеп етушілерге қарап сөйлеген Рим Епископы былай деді: «Өткен аптада, сейсенбіден бейсен­біге дейін мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысу үшін Орталық Азиядағы ұлан-байтақ ел – Қазақстанда болдым. Осыған орай, Республика Президентіне және Қазақстанның басқа да билік органдарына өзімді жылы шыраймен қабылдағаны және оны ұйымдастыруға мейірбандықпен сіңірген еңбектері үшін тағы да алғыс айтамын. Сондай-ақ епископтарға және барлық қызметшіге атқарған зор жұмыстары үшін, әсіресе олардың өздерімен кездесу және бәрін бірге көру мүмкіндігінен туындаған қуаныш үшін шын жүректен ризашылық білдіремін.

Айтып өткенімдей, сапарымның бас­ты себебі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу болды. Дүние жүзіне кездесу мен диалог орны ретінде, ал осы жолы діни тұрғыда танылған, сол арқылы татулық пен адами бауырластықты ілгерілететін протагонист ретінде көрінген ел билігі бұл бастаманы жиырма жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бұл – қатарынан өткен жетінші съезд. Тәуелсіздік алғанына 30 жыл ғана болған ел қазірдің өзінде, үш жыл сайын осындай 7 съезд өткізіп үлгерді. Басқаша айтқанда, бұл ел әралуандыққа қарамастан, бірін-бірі тыңдап, құрметтейтін әлем құру жолындағы күш-жігердің нақ ортасына діндерді қойды. Бұл – релятивизм емес, тыңдай және құрметтей білушілік. Бұл – атеистік режімнің қамытынан құтылып, енді саясат пен дінді бір-бірімен аралас­тырмай да, бөлмей де бірлестіріп, фундаментализм мен экстремизмді сөзсіз айыптайтын өркениет жолын ұсынып отырған қазақ билігінің сіңірген еңбегі. Бірліктің байсалды ұстанымы, міне, осындай.

Съезд 2019 жылдың ақпанында Абу-Дабиде қол қойылған Жалпыадамзаттық бауырластық туралы декларациямен сабақтасқан Қорытынды декларацияны талқылап, бекітті. Мен осы ілгері басқан қадамды ұзақ жолдың жемісі ретінде түсіндіргім келеді: әлбетте, мен 1986 жылы Ассизиде II әулие Иоанн Павел шақырған бейбітшілік жолындағы тарихи дінаралық кездесуді ойға алып тұрмын. Ол алдағыны дұрыс болжай білмейтіндердің сынына да ұшыраған болатын. Мен әулиелер XXIII Иоанн мен VI Павелдің көрегендігі, сондай-ақ басқа діндердің ұлы рухтандырушыларының пайымдары туралы да ойлап тұрмын, солардың ішінде тек Махатма Гандиді ғана атап өтемін. Бірақ Бейбітшілік пен бауырластық құдайына адалдығы үшін жандарын қиған, жасы да, тілі де, ұлты да әртүрлі азап шегушілерді, ер адамдар мен әйелдерді қалай еске алмасқа? Біз салтанатты сәттердің маңызды екенін білеміз, бірақ баршамыз үшін жақсы әлем тек күн сайынғы міндеттемелерді орындау, тек нақты куәгерлік ету арқылы құрылады.

Съезден бөлек, бұл сапар маған Қазақстан билігімен және сол жерде өмір сүріп жатқан шіркеумен танысуға мүмкіндік берді.

Республика Президентімен кездескен соң – мен оның мейірбандығы үшін тағы да алғыс айтамын, біз жаңа Концерт залына бардық. Онда мен әкім­дер­мен, азаматтық қоғамның және дипло­матиялық корпустың өкілдерімен тілдесу мүмкіндігіне ие болдым. Мен Қазақ­станның кездесулер еліне айналуға құлшы­нысын атап өттім: мұнда сексеннен астам тілде сөйлейтін көптеген этнос өкіл­дері тұрады. Бұл географиялық ерек­ше­ліктер мен тарихқа негізделген құлшы­ныс – кездесулер, мәдениеттер, тілдер елі болу­ға құлшыныс – ынталандыру мен қол­дау­ға лайық жол ретінде қабылданып, құпталды.

Мен сондай-ақ бүкіл қоғамның сұра­ны­сына тиімді жауап беруге қабілетті, әлдеқайда кемел демократияны құру жал­ғас­тырылады деп үміттенетінімді білдір­дім. Бұл оңай іс емес, қыруар уақытты қа­жет етеді. Бірақ Қазақстан қазірдің өзінде ядролық қарудан бас тарту және ізгі энергетикалық және экологиялық сая­сатт­ы жүргізу сияқты өте оң таңдаулар жасаға­нын мойындау керек. Бұл батылдық болды. Қазiргi қасіретті соғыс бiреулердi ядролық қару туралы, яғни нағыз есуастық туралы ойландырып жатқан уақытта Қазақстан әуел бастан ядролық қаруға «жоқ» деп келеді.

Шіркеуге келетін болсақ, мен бақытты, ынта-құлшынысы зор адамдар қауымын кездестіргеніме қуаныштымын. Бұл ұлан-байтақ елде католиктер саны өте аз. Бірақ олардың сеніммен қабыл алып отырған бүгінгі жағдайы евангелиялық жеміс бере алады: ең алдымен, бұл – азғантай нәрсенің берекелі болуы туралы, әлдебір маңызды адамға емес, тек Жаратушы Иеге сенім артып, ашытқы, тұз және нұр бола білу туралы сөз. Оның үстіне, като­ликтер санының азды­ғы бас­қа деноминациядағы христиандар­мен қарым-қатынасты, сондай-ақ адамдардың бәрі­мен бауырластықты дамытуға ықылас ту­дырады. Сонымен бұл – шағын қауым, бірақ жабық емес, ашық; ол өзін қор­ғамайды, бірақ қайда болса да өз қалауы­мен еркін тыныс алатын Киелі Рухқа құша­ғын ашып, оның әрекетіне сенеді.

Біз Құдайдың осы қасиетті халқының – осыдан 30 жыл бұрын азаттық алғанға дейін атеистік қысымның астында ондаған жылдар бойы азап шеккен, ұзақ қуғын-сүргін кезеңінде өз сенімдері үшін қатты жазаланған ер адамдар мен әйелдерді еске алдық. Олар өз сенімдері үшін өлтірілді, азапталды, түрмеге қамалды.

Біз азғантай болғанымен, көңілдері шат діндарлармен бірге Евхаристияны Астанада, ЭКСПО-2017 көрме кешені­нің аумағында, асқан заманауи сәулет орта­сында атап өттік. Осында Қасиетті Крест мерекесі болды. Мұның өзі бізді ойлан­дырмай қоймайды: прогресс пен регресс алмасып жатқан әлемде Христос Кресі әрқашан құтқару зәкірі болып қала бермек: ол – түңілдірмейтін үміт белгісі. Өйткені ол аса мейірімді де сенімді Құдай­дың сүйіспеншілігіне сүйенген. Біз оған осы сапарымыз үшін риза­шы­лық білдіреміз және ол Қазақстанның бола­шағы үшін және сол жердегі тәуеп етуші Шіркеудің өмірі үшін мол жеміс беруін тілеп, дұға етеміз. Рахмет!».

 

Дайындаған

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»