Технократтық дәуір аясындағы АЭС
Энергетика саласының сарапшысы Дэниел Ергиннің сөзіне жүгінсек, энергетикалық геосаясаттың бүгінгі ашуы өте қатты. Ресейдің Украинаға қарсы әскери іс-қимылы әлемдік экономикадағы экожүйе үйлесімділігін бұзды. Ендігі бағыт – АЭС құрылысын қай мемлекет салады, қай елдің реакторы тиімді деген мәселені пысықтау. Соңғы шешім мемлекеттік деңгейдегі байқауда анықталады. 2025 жылдан бастап құрылыс жобасы басталады. Ал пайдалануға беру мерзімі – 2035 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таза атом энергиясы болмаса бүкіл экономикамызды жоғалтатынымызды жиі айтады.
Биыл қыркүйек айында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев энергетикалық балансқа жасалған болжам 2032 жылға дейін қуаты 2 400 мегаваттқа дейін атом электр стансасын салу қажеттігін көрсеткенін, сол себепті қор Үкімет басшылығымен аталған жобаны іске асыруға кіріскенін хабарлады. Энергетика министрі Болат Ақшолақов осыған дейін Франция, Ресей, Оңтүстік Корея мен Қытайдың АЭС технологиялары қарастырылғанын, жыл соңына дейін аталған технологияның бірін таңдасақ, зерттеуге 1-2 жыл, құрылысқа 7-10 жыл уақыт қажеттігін жеткізді.Ал оған дейін қолда барды жаратуға, оның ішінде газға басымдық беріледі. Ауқымды жобаны жүзеге асыру мәселесі тағы да халықпен келісіледі. Демек мүмкіндіктер және ұсынылатын жобалар тиянақты зерттелген соң ғана электр энергиясын өндіруге оңтайлы технология айқындалады.
Жиынға қатысқан сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, КСРО ыдырағалы тәуелсіз Қазақстанда мұндай ауқымды жоба жүзеге асырылмаған. АЭС жобасын технократтық дәуірге жол ашатын фактор деп бағалауға болады. Ядролық физикалық институтта зерттеу реакторында пульт басқаратын, ядролық реактордың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар бар. Олар теориялық жағынан да, практикалық жағынан сараптама жүргізіп, уранды реакторларға орналастыруға дайын.
Электрэнергетика және электртехника институтының директоры Жұбаныш Әбдімұратов солтүстіктен оңтүстікке жөнелтілетін энергияның біраз бөлігі қайта айдау кезінде техникалық себептерге байланысты жоғалып кететініне назар аударды. Одан бөлек ел ішіндегі жылу электр орталықтарының басым бөлігінің қолдану мерзімі 40 жылдан асып кетті. Сарапшы АЭС жобасына қатысты көптің көңілінде қорқыныш барын, алдағы уақытта атом-сауаттылықты жобамен қатар алып жүруге тура келетінін жеткізді. АЭС-тың апатқа ұшырауы минималды, нөлге теңестірілген деңгейде екені халықаралық сарапшылар тарапынан мойындалған. «Біз де ғылымның жетістігін мойындауымыз керек. Көмірді көптеп қолданатын ЖЭО құрылысын қаржыландыруға инвесторлар ықыласты емес, әлем инвесторлары үшін ендігі тренд ЖЭК, жасыл энергетика, атом жобасы болмақ. Егер бәрі сәтті болса, қазақ экономикасының технократтық дәуірі атом электр стансасынан басталмақ», деді Ж.Әбдімұратов.
«Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябеков атом энергетикасы саласын дамыту келешегіне қауіппен қарайтындардың көп екенін, қорқыныш синдромы атом энергетикасы тарихында орын алған кейбір апаттарға, қауесеттер мен жорамалдарға байланысты екенін әңгімеледі. АЭС құрылысына 9 балдық жер сілкінісіне, цунами деңгейіндегі апаттарға, сағатына 300 шақырым жылдамдықпен келе жатқан ұшақ құлағанға, өртке төтеп беретіндей қауіпсіздік талаптары қойылады. Ғылымда бұған дейін болған апаттардың негізгі себептері зерттелген. Соның нәтижесінде 3+ буындағы жаңа реакторлар пайда болды. Бұл санаттағы реакторлардың қауіпсіздік жүйелері апатты жағдайда реакторды адамның қатысуынсыз да қауіпсіз күйге келтіре алатын қорғаныс қабаттары бар. Бұл реакторлар Фукусимадағы апаттан кейін шыққан. Егер төтенше жағдай орын алса, радиоактивті заттардың АЭС алаңынан сыртқа шығуы мүмкін емес. Отқа балқымайды, радиоактивті қалдықтардың сыртқа шығу қаупі жоқ.
Еліміз әзірге 13 реактор технологиясының жұмысымен танысып, шорт-параққа Қытай Халық Республикасының CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP, Ресей Федерациясының «Росатом», Францияның EDF компанияларының реакторлары енгізілді. Жұмыс тобы сарапшылармен бірге Корея, Франция, Түркиядағы «Аккую» және Венгриядағы «Пакш» АЭС тәжірибесімен танысты. Түркия үкіметі атом электр стансасының құрылысын бастамас бұрын қазіргі АЭС пен 30-50 жыл бұрынғы реакторлардың айырмашылығын, оң-теріс әсерлерінің бәрін алдын ала саралады.
«Қазақстанның қазіргі қажеттілігі – 15,8 ГВт энергия. 2035 жылы бұл көрсеткіш 23 ГВт-қа жетеді деген болжам бар. Көмір жағатын ЖЭС құбырларының, жабдықтарының 70 пайызы тозған. 2035 жылға дейін 8,1 ГВт энергияны жоғалтуымыз мүмкін деген болжам бар. АЭС-тың жарамдылық мерзімі 60 жыл екенін айтқан сарапшының пайымдауынша, сұраныс болса оны тағы 20 жылға ұзартуға болады. Жиынға қатысқан сарапшылар айтқандай, алдағы уақытта «АЭС бізге қажет пе?» деген мәселе өзектілігін жоғалтады. Шегінерге орын жоқ», деп түйіндеді А.Сиябеков.
Осы жиынға сарапшы ретінде қатысқан халықаралық экономика PhD докторанты, зерттеуші Амалбек Өміртай уран өндірісінің экологиялық зардаптарын басынан кешірген адам санасына атом энергетикасының артықшылықтарын дәлелдеу өте қиын екенін қаперге салды. Себебі АЭС – стратегиялық нысан. Қарулы қақтығыстар кезінде АЭС қауіпсіздігі мемлекет үшін №1 мәселе ретінде қарастырылады. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі мемлекеттік деңгейде пысықталуға тиіс. АЭС қуаттылығына қарай халықтың, өнеркәсіптің тұрақты, ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Яғни электр энергиясының импортына тәуелділікті азайтады. Атом энергетикасының артықшылықтарымен қатар, кемшін тұстары да талай айтылды. Соның ішінде ең бастысы, қоршаған ортаға тигізер зардаптары толық дәлелденбеген. Радиоактивтік қалдықтарды көму мәселелері, апатты жағдайдың орын алуы үлкен тәуекелдерге алып келуі мүмкін. Бұл фактор да АЭС құрылысы басталмай тұрып мамандар тарапынан зерттелуге тиіс. Келесі кемшілік – ядролық державалардың атом энергетикасын игеруге ұмтылушы елдерге қысым көрсетуі. Әлемдік қауымдастық күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Еуропа елдері сияқты одаққа бірігіп, ортақ энергетикалық саясат қабылдауға орналасқан жеріміз бен саяси жағдайымыз келмейді. Қазақстанда атом өнеркәсібінің толық кешенін қалыптастыруға толық мүмкіндік барын сарапшылар да жоққа шығармайды. Электр энергиясын өндіру индустриясында көмірдің үлесі 80 пайыздан жоғары.
«Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында ауаға шығаратын көмірқышқыл газын 2-3 есеге азайту туралы міндеттемесі бар. АЭС бізге осы тұрғыдан керек. АЭС жобасы туралы бір мемлекет жеке-дара шешім қабылдай алмайды. АЭС құрылысына, жұмысына қойылатын стандарттар мен талаптар бар. Оның барлығы сақталмай еш мемлекет АЭС құрылысын бастауға құқы жоқ. Біз бірінші кезекте атом энергетикасымен байланысты заңнамаларды күшейтуіміз керек», дейді сарапшы.
Елімізде АЭС салу біраз кешеуілдеп қалды. Себебі Қазақстанның оңтүстігі – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға ортақ үлкен тұтынушылық орталыққа айналып келеді. Егер құрылысты қаржыландырудың оңтайлы жолын тапсақ, АЭС Қазақстанға технологиялық ынтымақтастық алып келеді. «Әлемнің жиырмадан астам елінде болдым. Сол елдердегі АЭС-тардың тәжірибесін зерделеп жүремін. Еліміздегі ірі өндіріс орындарын, жылу орталықтарын аралап, бірнеше уран кенішінде болдым. Өзгермелі әлемде энергетикалық қауіпсіздікті азық-түлік қауіпсіздігімен қатар қоюға болады. Энергияны алу көздерін тиімді стратегиялау, комбинациялау атомдық энергетикамен тығыз байланысты. Біз қазір саяси және энергетикалық тәуелсіздік бір ұғымға айналған әлемде өмір сүріп жатырмыз», деп түйіндеді А.Өміртай.
АЛМАТЫ